Он сегіз тіл білгені үшін атылған қазақ

Кім баласын оқытпаймын дейді? Бірақ, жағдайы болмағандықтан Қуан «үй шаруасымен айналысасың» деп ұлын оқуға жібермейді. Осылайша жастайынан Әке-шешесін «Сіз» деп сыйлап өскен бала қанша қиналса да арманына жету уақытын кейінге шегере тұруға мәжбүр болады. Содан бір күні отағасы баласын ауылдан теміржол стансасына азық-түлік алып келуге жұмсайды. Балаң жігіт стансаға жеткен бойда атын телеграф бағанына байлайды да Күйік қала қайдасың, деп келе жатқан бір пойызға мініп кете барады. Ауылдың адамдары Қуанның атын танып бағаннан шешіп алып иесіне тапсырғанда әке байғұс баласының оқуға кеткенін бір-ақ біліпті. Оқу іздеп кеткен сол жігіт өсе келе қазақтың тұңғыш профессоры болды…

 

Кіші жүздің Әлім руының азаматы Назардың ұрпағы Батырбай кейін өсе келе атына заты сай болып батыр атанған. Ел шетіне жау келсе бірінші болып атқа қонатын ержүрек Батырбай ағасы, інісі бар, төрт ауыл болып Жұрын атты жерде тұрған. Бір ғана кемістігі ұл баласы болмағаны. Бір күні зарыға күткен ұлда келді дүниеге. Батыр аңсап көрген жалғызын өзіне жұбаныш болсын, деп атын Жұбан қойды.

Жұбан жасынан зерек болып өседі. Қатарынан қалмай молданың алдын көріп біршама арабшаны да үйреніп алады. Босып келген орыстармен танысып орыс тілін де әжептеуір біліп алады. Днепр өзенінің бойынан көшіп келген Терентий деген орыспен тамыр да болады.

Бір күні бір байдың түйесі жоғалып, оны Терентийдің әкесі алды деген әңгіме шығады да, «мал ашуы – жан ашуы» дегендей әлгі бай ашуланып Терентийдің әкесін айбалтамен маңдайынан шауып өлтіріп, ел арасы бұзылады. Жұбан болған жағдайға жаны ауырып тамырының ауылына келеді. Тамыры «Жұбан сенің бұл істе кінәң жоқ, енді менімен дос болғаның үшін абайсызда жазым болып жүрме, бәріне кінәлі заман ғой», дейді.

Батырбай қартайып қайтыс болғаннан кейін Жұбан жалғыз қалады. Ойлана келе он беске шыққан Қуанына алып бермек болып, Тағыберген болыстың Бибішынар атты қызына құда түсе Шалқарға сапар шегеді. Бибішынар Жұбанның әулетіне құтты келін болып келді. Бар арманы немере сүю болатын Жұбан, келінінің айы-күні жетер мезгіл жақындағанда шыдай алмай Бестау деген жерге жылқыға кетіп қалады. Кетерінде Ақбөпе жеңгесіне: «Ұл туса кісі жіберерсіз, басқаша болса маған хабар бермеңіз» деп тапсырып кетеді.

Сонымен қосшы бала екеуі жылқы бағып жата береді. Бірақ екеуінің де ойы ауылда. Бір күні таң ата жылқы шеті дір ете қалады. Ұры немесе қасқыр келіп қалды ма, деп барса шынында қасқыр бір құлынды жарып кетіпті. «Жылқы малы шығынсыз өспейді ғой», деп өскен қазақтың баласы Жұбан сонда да «қап», деп уайымдап отырғанда алыстан ат дүбірі естіліп жүрегі аттай тулады. Қараса бір салт атты «сүйіншілеп» шауып келеді екен.

Ұл туғанын естіген замат, Жұбан есі шыға қуанып, мал бағылмай қалса, бағылмасын деп атына міне салып ауылға қарай шаба жөнелді. Жақсылық хабарды әкелген досы: «Әу, Жұбеке, сүйінші бермейсің бе?» деп соңынан қуа жөнеледі. «Қалағаныңды ал», дейді Жұбан даланы жаңғырықтыра айқайлап. «Рас айтасың ба?» дейді досы да желмен бірге сақылдай күліп. «Құдай тілегенімді берді, не сұрасаң да қолыңды қақпаймын», дейді атын басын еркін қоя берген Жұбан. «Онда, дейді досы, бәрі дұрыс, бір ғана мінің бар. Айналайын, осы насыбай атқаныңды қойшы» деп сүйіншіге қырық жыл серік болған насыбайды қойғызыпты.

Жаңа туған ұлдың аты Құдайберген болды. Қуанышқа жиналған жастар шілдехана тойын жасады. Сауықты ұлды болған Қуанның өзі басқарып отырды. Ауылдың алты ауызын інісі Тәпен айтты. Келесі кезекте көрші ауылдан келген сұлу қыз домбыраны қолына алып «Кіші Айдай», «Үлкен Айдай», «Тілеуқабақ» күйлерін нақышына келтіре тартты. Содан соң белгілі әншілердің әндері мен күйлері таң атқанша толастаған жоқ. Кейін Қуанның інісі Тәпен сол кеште танысқан домбырашы қыз, Балбөпеге үйленді.

Дәл осындай шілдехана бұл шаңырақта тура жеті жылдан соң қайталанды. Бибішынар дүниенің ажарын кіргізген гүл көктемде дүниеге Ахмет атты ұлды әкелді. Кейін Мұхамеди деген ұл, Ағиба, Зиба деген қыз көрді. Бұл кезде Жұбанның ұлы Қуан елге белгілі би еді. Болашақ білімде екеніне көзі жеткен би балаларын оқытты. Өз қаражатымен ауылда мектеп ашты. Орынбор, Қазан мен Уфадан сол кездегі газет-журналдар мен кітаптар алдырып тұрды.

Азамат соғысы небір дүрбелеңді ала келді. Ақ-қызыл боп жағаласқандар елді әбден шаршатты. Ел жұтады, қыз-келіндер бетіне күйе жағып, біреу келе қалса тез арада тығылып қалуды әдетке айналдырды. Осы бір қиын-қыстау заманда жігіт болып қалған Құдайберген мен басқа жерге айттырылып қойған Оспанның қызы Раушан екеуінің көңілі жарасты. Жаңа заман ғашық жастарды баяғының «жесір дауынан» қорғап қалды. Білімді Құдайберген басшылық қызметке араласты. Жастайынан анасының көмекшісі болып өскен Раушан қызыләскерлердің киімін тікті. Жас жұбайлар өздерінен кішілерге қамқор да үлгі де бола білді. Өзінен жеті жас кіші інісі, қызыәскерлерге оқ-дәрі тасып жүрген Ахметтің музыкаға әуестігін байқап Польшадан жер аударылып келген скрипкашы мұғалімді жалдап оқытады.

Осылай өмір өте берер ме еді. Бірақ, арманшыл Құдайберген бір күні анасына алыстағы Ленинградқа оқуға кететінін айтады. Анасы Бибішынардың: «Әкелерің жоқ, екеуің де бірдей қасымнан кетіп қалдыңдар, әрі бала-шағаларың бар» деп біраз жібергісі келмейді. Сонда: «Жаңа заманда ескі біліммен ешқайда бара алмаймыз, оқу керек» деп бір үйдің емес елдің азаматы болатынын аңғартқан Құдайберген Ленинградтағы Шығыс тілдері институтына оқуға түседі де кейін бір келгенінде інісі Ахметті де оқуға алып кетеді. Осылайша Қазақстанның алғашқы филолог-профессорының ғылымдағы қалыптасу жолы басталып еді.

Қазақ лингвистикасының негізін қалаушы Құдайберген Жұбанұлы өте еңбекқор болатын. Күндізгі қызметінен келіп таң атқанша отырып еңбек ету оған дағды болып кеткен еді. Елге келген жас профессорды алфавит, орфография, терминология жасау, қазақ гармматикасы, басқа да оқулық жазу және де басқа өмір талабына лайық қауырт істер күтіп тұр еді. Ол осындай жұмыстарды істей жүріп Қазақтың тұңғыш академиялық-лингвистикалық сөздігін, «Қазақ күй жанрының пайда болуы» атты күйдің шығу тарихына үңілген тұңғыш еңбегін, «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуін, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін талдауын және басқа да көптеген еңбектерін жазды.

Құдайберген Жұбанұлы қазақ пединститутында бес жыл сабақ беріп жақсы шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Солардың бірі қаламызда тұратын, жазушы Саттар Ерубаевтың шығармашылығын зерттеген әдебиетші-ғалым апамыз Мырзай Алтынбекқызы ұстазын алғаш рет көргенін былай деп еске алады: «1931 жыл еді. Бұрын шіркеу болған жатақханада тұрдық. Стипендиямыз айына 4 сом мен күніне 400 грамм нан болатын. Бір күні бізге дәріс оқуға профессор келеді екен деп естідік. Ол кезде профессор деген сөзді естімеген кезім. Сонымен аудиторияға өте келісті жап-жас жігіт келіп кірді. Қасымдағы қыздар сыбырласып «бұндай да сұлу адам болады екен-ау» деп жатты. Аты-жөні Құдайберген Жұбанұлы екен.

Ол кісі сабырлы даусымен: «Сіздер көп оқуларыңыз және көп нәрсеге қол жеткізулеріңіз керек. Ал, мен сіздерге сәл де болса білім бере алсам, мақсатым орындалды деп есептеймін», деді. Бабаларымыздың төл жазуы – бүгінде «байырғы түркі жазуы» деп аталатын ғылымда руналық деген атқа ие сына жазуының болғанын осы Құдайберген Жұбанұлы ағайымыздан алғашқы рет есітіп білдік. Дауысы да өте жұмсақ, жағымды болатын. Айтқанына қызыққанымыз соншалық үзіліске де шыққымыз келмеді. Қоңырау соғылғанда профессор жинала беріп еді, қасымда отырған еті тірілеу, кейін Ұлы Отан соғысында батыры болған Мәлік Ғабдуллин: «Ағай үзіліске шықпай-ақ қоялықшы», – дегені. Ұстазымыз риза болған кейіппен бұрылып келіп, әңгімесін жалғастырды. Сол кездің өзінде ол кісінің бойында бір ұлылықтың белгісі көрініп тұратын.

«Ұлық болсаң кішік бол», дегендей ғалым табиғатында өте қарапайым, бауырмал еді. 1931 жылы поезда қаражаты мен құжаттарын ұрлатып алған танымайтын бір қазақ жігітіне Мәскеуге дейін билет әперіп, қалтасына жетерліктей қаржы салып береді. Сол жігіт кейін бүкіл елге белгілі суретші болды. Есімі Әубәкір Смайылұлы. Бүгіндері оны көпшілік салған суреттері арқылы ғана емес, атақты «Тақиялы періште» көркем фильмінен де таниды.

Енді бірде, ағалы-інілі Төле мен Нәби атты жетім балаларды балалар үйіне орналастырады. Олар кейін Ленинградқа оқуға түседі де ағасындай болып кеткен Құдайбергеннің үйіне келіп тұрады. Бірде ғалым бұзылып қалған алтын сағатын Нәбиге жөндетіп әкелші деп қолына ақша беріп жібереді. Ақшаны жаратып қойған Нәби сағатты біраз уақыт өткен соң жөндетіп әкеледі. Сағатын көрген Құдайберген: «Е, жарайды, мен жоғалтып алдым екен деп басқа қолсағат алып едім. Бұл сағатты енді өзің таға бер» дейді. «Ау, аға бұл алтын ғой» деген Нәбиге: «Алтын ба, басқа ма, уақытты дұрыс көрсетсе болды да» деп алтын сағатын алмай, жәй сағатпен қала беріпті.

Шынында да Құдайберген Жұбанұлы өте білімді, энциклопедист ғалым болатын. Өзі толтырған құжаттарда ана тілі қазақ тілі мен қатар бірнеше түркі тілдерін, араб, грузин, коми, моңғол, неміс, орыс, түрік, чуваш, жалпы алғанда 18 тіл білетінін жазған. Неміс тіліндегі ғылыми еңбектерді аударумен шұғылданған. Шығыс елдерінің шежірелерін түсінуге көмегі тиеді деп жапон тілін үйреніп жүрген кезде «жапон елінің тыңшысы, халық жауы» деген жала жабылып, 1937 жылы қарашаның 19 күні жаңа туған алтыншы перзентін, Асқар атты ұлы мен жұбайын перзентханадан алып үйіне келгенде ұстап алып кеткен. НКВД жандайшаптары бұнысымен шектелмей үйіндегі жазбалары, кітаптары, киімдерін де алып кетеді. Осы жағдайдың кесірінен шағын мақалаларын санамағанның өзінде ғалымның «Фонетика», «Морфология», «Синтаксис» атты 3-том еңбегі, қазақ тілінің мал шарушылығына байланысты сөздеріне арналған қомақты екі жұмысы, жалпы саны 17 ғылыми еңбегі жоғалды. Кейін ғылым академиясы құрылғанда НКВД ғалымның еңбектерін пайдалануға рұқсат бергенде Ахмет Жұбанұлына ғалым-жазушы Мұхтар Әуезұлының: «Құдайберген ағаңның еңбегі төрт адамға докторлық, 6-7 кісіге кандидаттық диссертация болды» – дейді.

Түрмеге жабылғанда да: «Бір халықты жоюды ұйымдастырған Голощекин неге жауапқа тартылмайды» деген қазақтың қайсар ұлы, 1938 жылы 39-жасқа аяқ басқан шағында атылды. Қазақтың ұлы ғалымы Құдайберген Жұбанұлының артында бірінен-бірі жас алты перзенті: Мүслима, Ақырап, Есет, Қызғалдақ, Қырмызы мен Асқар қалды. Жұбайының қаза тапқанын білмеген Раушан балаларын алып бұрынғы ата-қонысқа қайтты. Адал жар балаларын «Сендер ұлы тұлғаның ұрпағысыңдар» деп тәрбиеледі.

Ғалымның балаларының білім алуын ағалары белгілі композитор, жазушы Ахмет қадағалайды. Бәріне қамқор болып, жоғары оқу орындарына түсуге көмектесті. Әрине «халық жауы» деген ат тағылған ғалымның ұрпақтарына оңай болған жоқ. «Халық жауының» баласы деп шеттетушілер де табылды. Дегенмен, жаны жақындар да болды. Бірде 1946 жылы институтта оқып жүрген кезде Мүслима, әкесінің Барманқұлұлы деген шәкіртін кездестіріп қалып, танымағансып отыра береді. Сонда жаңағы кісі келіп: «Сен Мүслимасың ғой, бала күніңде шашың бұп-бұйра еді» – деп жымиыпты. Мәншүк Мәметованың анасы Әмина апайдың да: «Сен Ахмет Жұбанұлының қарындасы емессің бе?» – деп сұрағаны «Сен Құдайбергеннің қызысың ғой» дегенді білдіретінін жас жүрегімен сезініп іштей қуанатын еді.

Ғалымның інісі, қазақ музыкасының зертеушісі, «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты классикалық еңбектердің авторы Ахмет Жұбанұлының өмірі де оңай болмады. Композитор Құрманғазының «Қайран шешем» күйін хорға бірге дайындағаннан кейін ақын Әбділда Тәжібайұлы бірде кездесіп: – Аха, хабарласпайтын болып кеттіңіз ғой, – дейді. Сонда бұлар не сөйлесіп жатыр деп сырттан ешкім сезіктенбесін дегендей Ахмет күліп тұрған кейіппен қазақ оркестрінің музыканттарын НКВД-ға шақырып өзі туралы сұрағанын айтады. Әбділда Тәжібайұлы: «Олар не депті», деп сұрайды. «Домбыраны қалай тарту керек екенін үйретеді» деп жауап беріпті. Сөйтсе ондағылар «Бізді алдасаңдар жондарыңнан таспа тілеміз» деп қуып шығыпты. Бұған ақын екеуі сәл ғана күлген болады. Сонда Ахмет Жұбанұлы: – Әбеке, бұл менің жыл бойында бірінші рет күлгенім, – дейді.

Қазақтың тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанұлы 1957 жылы 3 қазан күні ақталды. Туғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтойы қарсаңында Ақтөбе университетіне ғалымның аты берілді.

Ғалымның оқуды бітіріп ғалым-ұстаз атанған, «Әліппе» атты оқулық жазған қызы Мүслима кейін «ӘКЕ-ЖЫР» атты ғұмырнамалық поэма жазып кітап етіп шығарды. Ұлы Ақырап Алматы көркемсурет оқу орнын 30 жыл басқарды. Басқа перзенттері де әкесінің еңбектерін іздеп тауып халыққа қайтару жолында көп еңбек жасаған азаматтар.

Ғалымның інісі, композитор Ахмет Жұбанұлының қызы Ғазиза елге есімі белгілі композитор болып танылды. Енді бір ұрпағы, Ахметтің ұлы Болаттың қызы Шолпаннан туған Алан Бөрібайұлы атасы Құдайберген сияқты өте еңбекқор, әрі ана тілі қазақ тілімен қатар ағылшын, итальян, неміс, орыс және француз тілдерінде еркін сөйлей алатын, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Алмания, Италия, Франция, Швеция және басқа да елдердің симфониялық оркестрлерін басқарып сахнада өнер көрсеткен әлемге әйгілі дирижер.

Жалпы қазақ халқының егеменді ел болу сәтін жақындату үшін бүкіл ғұмырын бағыштаған тұлғалардың алдың қатарында Құдайберген Жұбанұлының тұрғанына ешкімнің таласы болмаса керек. Себебі оның жүрегі әрдайым халқым деп соққан еді. Құдайберген Жұбанұлы түрмеде отырған кезде де ең алдымен халқының тағдыры үшін жаны ауырған азамат.

Құрметті оқырман, бұл оқығаныңыз қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын жазған ұлы тұлғаның өмірі туралы азғантай ғана әңгіме.

Бердалы ОСПАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *