«Орталық» өңірлік қолбасшылығында тәрбие жұмысының I тоқсан қорытындысы шығарылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығында 2026 жылдың I тоқсаны бойынша тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Жиын барысында әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалы, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды.

Аталған кезеңде тәрбие жұмыстарының негізгі бағыты әскери тәртіпті нығайтуға, жеке құрам арасында патриоттық рухты қалыптастыруға және әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталды. Әскери бөлімдерде түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, кездесулер мен ақпараттық сағаттар тұрақты түрде ұйымдастырылып, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Психологиялық қамтамасыз ету бағытында жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын зерделеу, күйзелістің алдын алу және қызметтік міндеттерді сапалы орындауға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Әскери психологтар әскери қызметшілермен жеке және топтық форматта жұмыс жүргізіп, психологиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етті.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүйелі түрде жолға қойылды. Өңірлік қолбасшылықтың қызметі туралы ақпараттар республикалық және өңірлік БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып отырды. Бұл өз кезегінде Ұлттық ұланның оң имиджін қалыптастыруға және қоғаммен байланысын нығайтуға септігін тигізді.

Мемлекеттік тілді дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Құжат айналымын кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіру, тілдік курстар ұйымдастыру, сондай-ақ түрлі байқаулар мен іс-шаралар өткізу арқылы әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыруға баса назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша алдағы кезеңге нақты міндеттер айқындалып, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктелді. РгК «Орталық» қолбасшылығы алдағы уақытта да жеке құрамның кәсіби және рухани дамуына ерекше мән беретінін атап өтті.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі