“Орталық” өңірлік қолбасшылығында жазғы оқу кезеңі басталды

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімдерде жазғы оқу кезеңі ресми түрде басталды.

Жазғы кезең – жеке құрамның жауынгерлік шеберлігі мен кәсіби дағдыларын жетілдіру, жауынгерлік әзірлікті арттыру мақсатында ең маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Бұл уақытта әскери бөлімдерде тактикалық, арнайы, атыс және дене шынықтыру дайындығына баса назар аударылады.

Оқу кезеңінің басталуына орай барлық әскери бөлімдерде салтанатты сап түзеу өткізілді. Іс-шара барысында бөлім командирлері жеке құрам алдында сөз сөйлеп, алдағы оқу мерзіміндегі негізгі мақсаттар мен міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ, тәртіп пен ішкі қызмет ережелерін сақтау, қауіпсіздік талаптарын ұстану қажеттілігі ескертілді.

Ерекше атап өтерлігі, жазғы оқу кезеңінің алғашқы күндері «Орталық» өңірлік қолбасшылығының жетекші құрамы әскери бөлімдерге арнайы іссапармен барып, жеке құраммен кездесулер өткізді. Қолбасшылық офицерлері өздері теориялық және практикалық сабақтар өткізіп, жас сарбаздар мен қызметкерлерге жауынгерлік дайындықтың маңыздылығын түсіндірді. Мұндай сабақтар тәжірибе алмасуға, рухты көтеруге және жауынгерлік тапсырмаларды сапалы орындауға үлкен серпін берді.

Жазғы кезең ішінде сарбаздар мен әскери қызметшілер далалық жаттығу алқаптарында тәжірибелік сабақтар мен жаттығуларға қатысып, кәсіби шеберліктерін жетілдіреді. Сонымен қатар, қару-жарақпен жұмыс істеу, командалық іс-қимылдарды үйлестіру және жедел шешім қабылдау машықтары да дамытылатын болады.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының басшылығы оқу процесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, әрбір әскери қызметшінің жеке дайындығын арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Бұл өз кезегінде Ұлттық ұланның жауынгерлік қуатын нығайтуға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *