Қос мамандық меңгерген арда азамат

Қазтұтынуодағы Қарағанды Университетінің Жалпықұқықтық және арнайы пәндер кафедрасының доценті, химия ғылымдарының кандидаты Болат Шәйменұлы Сәрсембаевпен болған сырлы сұхбат

 

Болат Шәйменұлы, Сіз, осы ақпан айында адам өмірінің асқаралы асуы – алпыстың бесеуіне келеді екенсіз. Осынау ғұмыр айдыныңызда біраз биіктерді бағындырып, жақсы жетістіктерге жеткен сияқтысыз. Бүгін бір сұхбаттың сәті түскен екен. Әңгімеміздің басын туған жеріңіз бен өскен ортаңыздан бастасақ…

– 1961 жылы 8 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының (ол кезде Ульянов ауданы ХХ-партсъезд атындағы кеңшардың) Ақжар ауылында дүниеге келдім. Ауылымыз Қарағанды облысының қазіргі Бұқар жырау ауданы мен Павлодар облысының Баянауыл ауданының тоғысқан жерінде орналасқан алақандай ғана ауыл еді.

Әкем Сәрсембаев Шәймен Сәрсембайұлы 1924 жылы Ақжар ауылының Қанайтүскен қыстауында дүниеге келген екен. Атамыз Сәрсенбай мен әжеміз Рахиланың отбасында Шалабай, Күләйша, Шәймен атты балалары болған. Шалабай жастай қайтыс болып, ал Күләйша апамыз 1961 жылы 45 жасында дүниеден озыпты. Әкеміз Шәймен 1942 жылы 18 жасында әскерге шақырылып, Украина майданында соғысқа кіріп, содан 1944 жылға дейін кескілескен талай ұрыстарға қатысады. 1944 жылы ауыр жарақат алып, госпитальдарда ұзақ емделгеннен кейін, 1945 жылы жеңіспен туған ауылы Ақжарға оралады. Ауылда әртүрлі жұмыстарды атқарып жүріп, 1948 жылы анамыз Күлширамен отау тігіп, шаңырақ көтерген. 1958 жылы Қарағанды қаласындағы Жоғары Партия мектебіне оқуға түсіп, оны 1961 жылы ойдағыдай аяқтайды. Сонан 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін туған ауылында агроном болып, кейініректе Керней ауылында СПТУ-да оқытушы болып қызмет атқарды. 1991 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды.

Ал анамыз Күлшира Шайқыпқызы 1924 жылы Буденный (Белағаш) ауылында дүниеге келген. Жас кезінен қоғам өміріне белсене араласқан анамыз тұрмысқа шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Оған дәлел, 1968 жылы Ворошилов аудандық сотына XX партсъезд атындағы колхоздың халықтық сот алқасы мүшесі (народный заседатель) болып сайлануы. Осылайша қоғамдық жұмыстарға араласуымен қатар, анамыз Шәймен әкемізбен 43 жыл бірге ғұмыр кешіп, дүниеге 13 перзент әкелген. Үш баласы жастайынан шетінеп кеткен. 1969 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен он бала туып, тәрбиелегені үшін Батыр Ана құрметті атағы берілді. Ауылда клубтың ашылған сәтінен бастап, мәдениет саласының қызметкері болып, зейнеткерлікке шыққанға дейін кітапханашы болып қызмет атқарды. 2011 жылы 22 қазан күні қайтыс болды.

Болашақ мамандық таңдау жолыңыз туралы айтып берсеңіз? Кім болғыңыз келді, оған не әсер етті?

– 1967-1975 жылдары Ақжар ауылының Сарытау сегіз жылдық мектебінде, одан кейін 1975-1977 жылдары Қарағанды қаласындағы №7 Жамбыл Жабаев атындағы мектеп интернатында оқыдым.

Иә, сол 1977 жылы мектеп бітіргеннен кейін, менің де алдымда болашақта қандай мамандықты таңдасам екен деген сұрақ тұрды. Мен жаңа айттым ғой, анам ауылда кітапханашы болып жұмыс істеді деп. Сол кітапханадағы кітаптардың барлығын демей-ақ қояйын, бірақ көптеген кітаптарын оқыдым. Оның ішінде мені детектив жанрындағы кітаптар өте қызықтыратын. Әсіресе, жазушы Кемел Тоқаевтың «Көмескі із», «Сарқабанда болған оқиға» деген кітаптарын сүйсіне, талай рет қайталап оқитынмын. Жорж Сименон, Агата Кристидің орыс тіліндегі детективтік шығармаларын да оқып-өстім. Қысқасы, мен мектеп бітіргенде, осы заң саласының қызметкері болсам деп армандайтынмын.

10 жылдық мектепті бітіргеннен кейін, арман қуып Алматыға аттандым. Ойым – ҚазМУ-ға құжаттарымды тапсырып, бағымды сынап көру. Бірақ «үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» демекші, сұрастырып білсем, заң факультетінде бір орынға 25-30 үміткерден келеді екен. Сонан осы университеттің химия факультетінде оқитын әпкем Әлия осы өзі оқитын факультетке бағымды сынап көруге кеңес берді. «Біріншіден, мұнда бір орынға 5 адам құжаттарын тапсырыпты, екіншіден, менің қасымда боласың және оқуға түсуге мүмкіндігің көбірек болады» деді. Ол кезде «химия» мамандығына сұраныстар өте үлкен еді, әрі Қарағандыда химия саласында бірнеше ғылыми зерттеу институттары, кәсіпорындар да көп болатын.

Бағыма орай, мен емтихандарды ойдағыдай тапсырғаннан кейін, астанамыз Алматыдағы С.М.Киров атындағы университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық Университеті) химия факультетінің студенті атандым. Ол кезде Алматы қазіргідей емес, көрікті де көркем қала еді. Көшелерінен сылдырлап арықтар ағып жатады, небір жеміс ағаштары да өсіп, көздің жауын алып тұратын. Көшелері кең, қазіргідей кептелістері жоқ, таза, нағыз студенттер қаласы еді.

Мен ол кезде Никольск базарының алдында орналасқан №3 жатақханада тұрдым. Сол жатақханада кезінде жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабындағы Меңтай, т.б. кейіпкерлері тұрған екен.

Сабақтар ол уақытта негізінен орыс тілінде жүргізілді. Қазақ тіліндегі оқулықтар саусақпен санарлық болатын. Қазақстан ғылымының, оның ішінде химия саласының дәуірлеп тұрған кезі десем, артық айтқандық емес. Сол кезде мен  Б.А.Бірімжанов, Б.А.Жұбанов, Е.Н.Әзірбаев, Е.Е.Ерғожин, А.Ш.Шәріпханов, О.А.Сонгина сияқты Қазақстанда химия ғылымының дамуына аянбай еңбек етіп, аттары әйгілі болған ғалымдардан дәріс тыңдап, білім алғанымды мақтан етемін.

Әсіресе, 5 курста дипломдық жұмысымның ғылыми жетекшісі болған алғашқы қазақ тіліндегі «Бейорганикалық химия» оқулығының авторы Батырбек Ахметұлы Бірімжановты ерекше тебіреніспен еске алам. Қазақ мектебін бітірген студенттер ол кісінің оқулығын кітапханада кезекке тұрып оқитын едік. Өте білімді, ұлтжанды, қарапайым, текті адам еді. Ол кісінің әкесі Ахмет Бірімжанов 1870 жылы Петербург университетінде заң саласында алғаш рет докторлығын қорғаған қазақ азаматы. Кейін Алашорда қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Тағы да айтамын, осындай ұлы адамдардан тағылым алып, күніне жүздесе жүріп, тақырыбымды талдай отырып, дипломдық жұмысымды қорғауға көмектескені үшін Аллаға мың алғыс айтамын.

Міне, осылай, 1983 жылы ҚазМУ-дың химия факультетін бітіріп, «химия» мамандығын алып шықтым.

– Иә, Бөке, университетті ойдағыдай бітіріпсіз. Енді алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды? Соған тоқталсаңыз…

– Сонымен, университетті бітіріп, үш айлық офицерлік курсты өтегеннен кейін Қарағандыға «запастағы лейтенант» атағымен оралдым.

Жоғары оқу орнын бітірген соң, енді мамандығым бойынша жұмыс іздей бастадым. Ең бірінші табан тіреген жерім – Қарағанды Химия-металлургия институты болды. Тура сол кезде атағы тек  Қазақстанға ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына мәлім Ебіней Арыстанұлы Бөкетов қайтыс болған екен. Институтта абыр-сабыр болып жатқан кезге тап болдым. «Кейінірек келерсің, сол кезде көрерміз» деген сөздермен шығарып салды. Шамасы ол кезде кадрлық мәселелер туралы және ешқандай сұрақтар шешу туралы мәселелермен айналысуға институт ұжымының уақытыда болмаған сияқты.

Сонан кейін жақында ғана ашылған Органикалық Синтез және Көмір химиясы институтынан жұмыс іздедім. Сәттілік солай болды ма, сол кездегі осы институттың директоры Кагарлицкий Альфред Давыдович мені ешқандай сөзге келместен «Каталитикалық синтез» зертханасына инженер ретінде қызметке қабылдады. Сол ғылыми зерттеу институтында аға инженер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істей жүріп, кандидаттық диссертацияма материалдар жинай бастадым. Институмызға 1985 жылы А.Д.Кагарлицкийдің орнына директор болып Журинов Мұрат Жүрінұлы келді.

Институтта жұмыс істеп жүрген кезімде, бір күні ұзынша бойлы, бұйра шашты, сыпайы бір жігітпен таныстым. Ол өзін «Қанат Сансызбайұлы» деп таныстырды. Сөйлесе келе, ол менің қандай тақырыппен айналысып жатқанымды, таңдаған диссертациялық тақырыбым өзіме ұнайтын немесе ұнамайтындығын сұрады. Мен бірден онша ұнамайтындығын, университетте неорганика кафедрасын бітіргенімді, онда фосфор қоспалары, фосфаттармен айналысқанымды айттым.

Ол өзінің екі жылдан бері осы фосфор мәселесімен айналысып жатқанын, егер қаласаң, өзінің ғылыми жетекшісі Баешов Әбдуәли Баешұлымен таныстыратынын айтты. Мен бірден келісімімді бердім. Сөйтіп, мен өзімнің болашақ кандидаттық жұмысымның жетекшісімен таныстым. Ол кісі болашақ зерттелетін ғылыми жұмыстың жоспарымен таныстырды.

Шындығында, сонау 1975 жылдардың өзінде Ебіней Арыстанұлы Бөкетов Шымкент қаласына іссапармен барғанда «Шымкент фосфор» зауытында болған екен. Сонда зауыт директоры фосфор өндірісі проблемаларының әртүрлі мәселелері туралы сөз қозғапты. Сол көп проблемалардың бірі – фосфор өндірісінің қалдықтары, фосфор шламын залалсыздандыру еді. Ол кезде Одақ бойынша ең үлкен фосфор зауыттары Шымкент және Тараз (бұрынғы Жамбыл қаласы) орналасқан болатын. Фосфор өндірісінде негізгі өніммен бірге жартылай өнім және өндіріс қалдығы болып табылатын фосфор шламы түзіледі. Фосфор шламында фосфор 10% төмен болса, ол экологиялық зиянды қалдық болып табылады. Сол кезде осы шламды өңдеудің ешқандай әдістері болмау себебі оларды фосфор зауыттары жанында терең ұралар қазып, оған фосфор шламдарын жинап сақтайтын. Себебі, құрамында элементті фосфор болғандықтан, ол кез келген уақытта лап етіп жанып кететін еді. Сондықтан оның үстіне осы шламның бетін жауып тұратын су құйып тұратын. Егер уақытылы су құйылмай қалып, жанып кететін болса, бүкіл қала тұрғындары бір күннің ішінде фосфор оксидімен тұншығып, қырылып қалар еді.

Міне, біздің алдымызға осы фосфор шламын залалсыздандырып, өңдеу сұрақтарымен айналысу мәселелері қойылды.

Алынған ғылыми нәтижелердің негізінде фосфор шламын өңдеу арқылы әртүрлі фосфидтер алып, оған 10 КСРО Авторлық куәлігі берілді. Осы алынған ғылыми нәтижелерді тексеру үшін «Химпром» өндірістік бірлестігінде жартылай өндірістік қондырғылар жинақталып, тексеруден өткізіп, жұмыстың нәтижелігін дәлелдедік. Мінекей, осындай ғылыми зерттеулер жүргізу нәтижесінде 1993 жылы химия ғылымдарының докторлары  Журинов Мұрат Жүрінұлы  және Баешов Әбдуәли Баешұлының жетекшілігімен «Электрохимический синтез и поведение фосфидов переходных металлов в водных растворах» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым.

Ғылыми жұмысты сәтті қорғағаннан соң, әрі қарай немен айналыстыңыз?

– Кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін, 1994-1995 жылдары ҚР ҒА Инженерлік Академиясының Қарағанды бөлімі басшысының орынбасары болып қызмет істедім.

1995 жылы Ішкі Істер органдарында реформалар басталып, Мемлекеттік Тергеу Комитеті (ГСК) құрылды. Комитет басшыларының жоспары бойынша осы комитеттің құрамында да ғылыми зертханалар ашу мәселелері тұрды. Сол себептен олар ғылым кандидаттарын өздерінің қатарына қызметке шақырды. Әрине, оның ішінде криминалистика саласын дамытуды жоспарлады. Менің жас кезден армандаған мамандығым ғой, сондықтан біздің институттан бірнеше жас ғылым кандидаттары бірден келісімімізді бердік.

Осылай  мен 2-3 ай стажировкадан өтіп, криминалист болып шыға келдім.

– Болат Шәйменұлы, Ішкі Істер органында, оның ішінде криминалист мамандығы бойынша жұмыс істеу қиын да күрделі екенін естіп те, біліп те жүрміз. Ғылым саласында жұмыс істеп келгеннен кейін, әрине, бірден үйренісе кету оңай болмаған шығар. Осы қызметті атқару барысында қандай қиындықтар кездесті. Өзіңіздің осы қызметтік борышыңызды атқару кезінде қорқыныш сезімін басыңыздан өткерген сәттеріңіз болды ма? Еске түсіріп көрсеңіз…

– Күнделікті қарбалас, қым-қуыт тірлікте көптеген нәрселер ұмытылып жатады. Дегенмен, есте қалған жайттар да баршылық. Ол кезде Қазақстан Республикасы егемендігін жаңа алып жатқан, экономикалық жағдай өте тұрақсыз еді. Азық-түлік, тауарлар тек талондармен босатылатын. Жалақы, бірнеше айлар бойына кешіктіріліп берілетін. Міне, осының әсерінен елімізде қылмыс саны өршіп тұрған кездері болатын. Күнде болмаса да, күн ара адам өлтіру, қарақшылық, тонау, адам зорлау сияқты ауыр қылмыстар өте көп жасалатын. Әрине, азаматтық өмірден кейін, осындай қарбалас та қиын өмір ағымына бірден үйренісе кету оңай болған жоқ.

Әлеке, жаңа өзің сұрадың ғой, «қорыққан кездеріңіз болды ма?» деп. Адам болғаннан соң, оның басында қуаныш сезімімен қатар, қорқыныш сезімдері де болады ғой. Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Онда мен Михайловка полиция бөлімінде криминалиспін. Соны айтып берейін.

Бірде Тергеу жедел тобының құрамында кезекті қылмыс орнына шығып, онда қажетті тергеу амалдарын жүргізіп, базаға қайтып келе жаттық. Түнгі сағат 3-тердің шамасы. Бір кезде рациядан Оперативтік кезекшінің  «Жәнібеков көшесіндегі бір үйден, үйдің арт жағында бір адамдар қатты айғайласып, бір-бірлерімен байланысып жатыр. Соған барып, не болғанын біліп қайтыңдар» деген бұйрық түсті. Сонан, сол көрсетілген мекен-жайға  келдік. Байқасақ, айғай-шу осы бес қабат үйдің артқы жағынан шығып жатыр екен. Үйді айналып, сыртына шықсақ, үйдің сыртында, биік дуалмен қоршалған бір мекеме орналасқан. Мекеменің қақпасы ашық, арт жағында күзетші будкасынан жарық түсіп тұр. Осы түсіп тұрған жарықта аула ішінде екі орыс жігіті бір ер адам мен әйел адамға айғайлап, қоқан-лоқы жасап, даланы басына көтеріп тұр екен. Біздің топ қақпадан аулаға кіріп, осы адамдарға жақындадық. Ең алдымызда учаскелік инспектор, онан кейін жедел қызметкер (опер), онан кейін мен, криминалист, қолымда 12 кг-дық криминалист чемоданы және менің артымда тергеуші. Ойымызда ештеңе жоқ, қаздай тізіліп келе жатырмыз. Күні бойғы қылмыс орындарына барғаннан және таңға жақынғы уақыт болғаннан соң әбден шаршап, тезірек осында не болып жатқанын біліп, базаға тезірек қайтсақ деген ойдамыз. Учаскелік инспектор: «Ребята, в чем дело» деп сұрауы мұң екен, жаңағы даланы басына көтеріп айғайлап тұрған жігіттің біреуі: «Ах, ты мент, на получи» деп, участкелік инспектордың бетінен пистолетпен басып салды. Ол жалп етіп құлады. Онан кейін келе жатқан көпті көрген опер емес пе, шалт қимылдап, екінші адамды жағасынан ұстай алып, өзінің алдына тоса қойып, жарықтан қараңғы жаққа шығып кетті. Қарасам, мен ашық қалыппын. Не істеу керек? Қарсы алдымда жаңағы пистолет ұстаған бұзақы, мені жер-жеберіме жеткізе боқтап, маған ұмтылып келеді. Жан тәтті ғой, жалма-жан чемоданымды тастай сала, жанымдағы дуалға ұмтылдым. Саған өтірік, маған шын дегендей, мен осы екі метрлік дуалдан қалай секіріп өткенімді білмеймін. Тек, дуалдан секіре бергенімде, ол мені артымнан атып жіберді. Қорыққан кезде адамның ойы да жүйрік болады екен, сонда мен: «Әттең, аз ғана өмір сүрдім ғой» деп ойлап үлгердім. Дуалдың ар жағына түскеннен кейін, сәл жатқан соң қолымды, аяғымды қозғап көрсем, бәрі дұрыс қозғалады. Сонан тұра салып, бірден Кезекші бөлімге хабарласып, «Жедел Тергеу тобына шабуыл жасалды» деп, ОМОН шақырып, жаңағы басбұзарды тұтқындадық. Тез арада учаскелік инспекторға жүгіріп барсақ, ол әлі есін жинай алмай жатыр екен. Сөйтсек, оның бетінен «нервтік паралитикалық оқпен атып, жансыздандырып» сұлатып түсірген екен. Қараңғыда пистолеттің газды ма, әлде, атыс қаруы ма екенін айыра алмайсың ғой. Шыны керек, осы жолы бір қорыққаным бар…

– Әрине, қылмыс жүрген жерде қауіп, қорқыныш пен үрейдің болуы заңдылық шығар. Бір қорықтыңыз, ал қуанып, өзіңізге риза болған жағдайларыңыз туралы не айта аласыз?

– Әлеке, өзіңіз де ғылым жолында жүрген адамсыз ғой. Осы жолда қандай да бір жетістіктерге жетсеңіз, өзіңізге риза болатын жағдайлар болады емес пе?! Сол сияқты біздерде, криминалистерде де, сенің арқаңда бір қылмыс ашылып жатса, сондай бір қуанышты сезімге бөленіп, өзіңнің жұмысыңның да қоғамға пайдалы екенін сезінеді екенсің. Сондай бір жағдай есіме түсіп отыр.

Сонау бір жылы Жедел кезекшіге Гүлдер-1 шағын ауданындағы үйлердің біріндегі бір пәтерден «зорлықпен өлтірілген адам мәйіті табылды» деген хабарлама түсті. Біз жедел тергеу тобының құрамында көрсетілген мекен-жайға тез арада жеттік. Адам өлімі, мен тұратын үйдің көрші подъезінде болыпты. Үйге кірдік. Бір бөлмелі пәтер. Кірген кезде қарсы алдыңда зал, сол жақта ас үй орналасқан. Залдың есігі екі ашпалы, есіктің қарсы алдында қарт әжейдің мәйіті жатыр. Оның сол жағында диван, әжейдің аяғы сол диванға тіреліп жатыр. Әжейге қарағанда, мен оны бірден таныдым. Аулада қызымды ойнатып жүргенде талай рет көріп жүретінмін. Сол әжейдің мәйіті қазір көз алдымда жатыр… Қарап тексерсек, қылқындырылып өлтірілген екен. Одан кейін өзімнің тікелей криминалистикалық міндеттерімді атқарып, оқиға орнын суретке түсірдім. Қылмыс іздерін іздеуге кірістім. Ас үйдің столында екі адамның шай ішкен ыдыстары тұр. Іздердің қалуы мүмкін деген жерлердің барлығын дактилоскопиялық ұнтақтармен өңдеп, қол іздерін іздедім. Ешқандай жерде із жоқ. Барлық жерді сүртіп кеткендігі көрініп тұр. Енді не істеу керек? Біраз ойланып тұрғанда, «әжей жатқан есіктің астыңғы жағын дактилоскопиялық ұнтақпен өңдеп көрсем» деген ой келді. Логикалық тұрғыдан қарастырсақ, есіктің астыңғы жағында қылмыскердің ізі қалуы мүмкін емес еді. Кенеттен әжейдің бас жағынан, есіктің астыңғы жағынан ап-анық саусақ ізінің табы көрінді. Таңқалғаным сонша, осы қылмыс болған жерден тек қана сол бір саусақ ізін ғана алуға тура келді. Қылмыскердің кім екендігі белгісіз, ешқандай куә жоқ…

Арада екі жұмадай өткенде, тағы да менің кезекшілігім кезінде жедел іздестіру қызметкері маған бір кездейсоқ ұсталған адамды алып келіп, дактокартасын алуымды сұрады. Дактокартасын түсіріп болғаннан кейін, оны ашылмаған қылмыс орнынан алынған саусақ іздерімен салыстырып қарасам, ол сол баяғы әжейдің үйінен алынған саусақ ізімен сәйкес келіп тұр. Ой, сондағы қуанғанымды-ай. Себебі, қылмыс орнынан ізді де мен алдым және осы ізді қылмыскердің ізімен де мен сәйкестендірдім ғой. Егер оны кездейсоқ полиция бөліміне әкелмесе, бұл қылмыс мүлде ашылмайтын еді ғой. Кейін анықталғандай, ол әжейді залда диванның алдында еденде қылқындырыпты. Жан беру оңай емес қой, ол кісі жанталасқан кезінде қанішердің қолы босап кетіп, есіктің астынан ұстай алған екен. Ол ет қызуымен оны байқамай қалса керек. Сөйтіп, сол жерден табылған бір ғана іздің арқасында осындай ашылуы қиын қылмысты ашуға көмегімді тигіздім. Осындай қылмысты ашуға өзіңнің көмегің тиіп жатқан кезде, әрине, қуанасың, әрине, сенің де жұмысыңның қоғамға қажеттілігін сезінесің.

Істеген жұмыстарымның нәтижелері Криминалистикалық Басқарма басшыларының назарларына іліккен болуы керек, мені 1998 жылы Михайловка полиция бөлімінің криминалистік қызметінен Қарағанды облысы Бас Басқармасының аға криминалистік дәрежесіндегі қызметке ауыстырды.

– Ал енді, өзіңіздің қалауыңызбен келген қызметтен рапорт жазып, өз еркіңізбен 2000 жылы кеткен екенсіз. Оған не себеп болды?

– Иә, мен 2000 жылы өз еркіммен Ішкі Істер қызметінен кеттім. Себебі, осы ІІО мен МТК арасындағы ішкі тартыстар нәтижесінде Мемлекеттік Тергеу Комитеті жабылып, оны Ішкі Істер Министрлігіне қосты. Алдында жоспарланған Тергеу комитетінде ғылыми зерттеу зертханалары ашылады деген сөздердің барлығы далада қалды. Ішкі Істер органдарына ғылым кандидаты деген криминалист не, еш атағы жоқ криминалист не, айырмашылығы жоқ еді. Сондықтан да осындай шешім қабылдауға тура келді.

– Ішкі Істер бөлімінен кеткенен кейін немен айналыстыңыз?

– Ол қызметтен кеткенен кейін 2000 жылдан 2010 жылдарға дейін Қарағанды «Болашақ» академиясында қылмыстық құқық және іс жүргізу кафедрасының доценті болып жұмыс жасадым.

2010 жылдан 2022 жылдарға дейін Қазтұтынуодағы Қарағанды Университетінің Экономикалық және құқықтық зерттеулер институтында аға ғылыми қызметкері болып қызмет атқардым. 2022 жылдан бастап Жалпықұқықтық және арнайы пәндер кафедрасының доцентімін.

Осы уақытқа дейін ғылым, білім саласында біраз жылдар еңбек еткен екенсіз. Оның нәтижелері қандай, жарияланған еңбектеріңіз бар ма?

– Әрине, жүргізілген ғылым, білім саласындағы жұмыстардың нәтижесі 200-ден аса ғылыми жарияланым мен оқулықтарымнан көрініс табады. Олардың ішінде Ғылым және Білім Министрлігі бекіткен 2 оқулық, 8 жаңалықтар ашу туралы КСРО авторлық куәліктері, 1 патент және тағы да басқа көптеген жариялымдарды атап айтуға болады. Соның ішінде «Криминалистикалық техника» оқулығы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министірлігінің «Құқық» мамандықтары бойынша 2013 жылдың үздік оқулығы болып танылды.

– Қазір өзіңіздің криминалист болып істеген жұмыс тәжірибеңізді студенттермен бөлісіп, оқытушылық қызметпен айналысып жүрсіз. Осы жөнінде бір-екі ауыз сөз…

– Дәл солай, мен қазір студенттерге Криминалистика, Сот сараптамасы және т.б сабақтардан дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргіземін.

Бірден айта кету керек, қазір біздің Университетте – университет ректоры Аймағамбетов Ерқара Балқараұлының қолдауымен заманауи «Криминалистика» кабинеті мен «Криминалистика полигоны» жасақталып, ол студенттердің сапалы білім мен практикалық тәжірибе алуына зор пайдасын тигізуде. Біз мұнда студенттерді оқиға болған жерді қарау, суретке түсіру, іздерді табу, бекіту, алу, әртүрлі тергеу әрекеттерін жүргізу тактикаларына үйретеміз. Ал заман талаптарына сәйкес осындай полигондар, кабинеттер болмаса, студенттерге сапалы білім беру мүмкін емес. Біздің студенттер ертең өз қызметтерін бастағанда, ең болмағанда 40-50% жұмыс істеуге дайын болады деп ойлаймын. Осы жерде тағы бір қосарым, жалпы криминалистика мамандығы өте сирек кездесетін күрделі де қиын мамандық. Екінің бірі бұл саланы таңдай бермейді. Жауапкершілігімен қатар, адамның өз өмірі де үнемі қауіп-қатерде жүреді. Әсіресе, қазақ жастары бұл мамандыққа көп келмейді. Осыны ескеріп, біз ұлттық кадрларды толықтыру мақсатында күні-түні жұмыс жасап, ел ішінде, халық арасында барынша насихаттап келеміз.

Талап-ниеттеріңіз дұрыс екен. Енді отбасыңыз жайлы білсек деп едік…

– Белсенді ғылыми және оқытушылық қызмет жолында маған тату отбасым қолайлы жағдай жасап, әрқашан қолдау көрсетеді.

Зайыбым Балым Жақсылыққызы Сәрсембаевамен 1982 жылы Алматы қаласында ҚазМУ-де оқып жүрген кезде таныстым. Ол бірінші таңдауы бойынша ҚазМУ-дың филология факультетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген. Оқу бітіргеннен кейін, екеуміз 1984 жылы үйленіп, жанұя құрдық.

Балым Жақсылыққызы, алғашқыда мектептерде орыс тілі әдебиетінен сабақ беріп жүрді де, кейін ҚарМУ-дың заң факультетін бітірді. Сосын тергеуші болып, кейін адвокаттық қызметке ауысты. Сонан зейнеткерлікке шыққанға дейін, осы адвокаттық қызметті атқарды.

Осы некеден Ардақ, Айгерім және Аяна атты қыздарымыз дүниеге келді. Үлкен қызымыз Ардақ – заң саласында, PhDдокторы деген ғылыми дәрежесі бар. Қарағандыдағы Қазбекби аудандық сотының Судиясы. Ортаншы қызымыз Айгерім – туризм саласының маманы. Өзінің туристік фирмасы бар.

Өкінішке қарай, кіші қызымыз Аяна – 2020 жылы 19 жасында қайғылы жағдайда қазаға ұшырады.

Қазір осы екі қызымыздан туған немерелерімізді қызықтап, өмір сүрудеміз.

 

Бөке, алтын уақытыңызды бөліп, сырлы сұхбат бергеніңізге мың алғыс! Асқарлы алпыс бесіңіз – жүзге жеткізсін! Амандық пен бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Ғұмырлы болыңыздар!

 

Әлімжан ЖАҚАН,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті,

журналистика кафедрасының аға оқытушысы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі