Осылай «озған» қай озған?..

Соңы. Басы өткен нөмірде

Сөйтіп далалық шын тұлпарлардың күні батқан жоқ, батырдық. Қазақ даласына жерден шөп жұлып жей алмайтын, үйірге түсіп бас құрай алмайтын, баласына қосылып тұқым тарата беретін жылқының тексіз тұқымы келді. Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романындағы «Қауіпті буданы» есіңізде шығар. Бұлар одан да қауіпті болып тұрғанын көрмейсіз бе? Алшаң-алшаң басқанда әдемі-ақ өздері. Жылқы деген осындай болу керек екен ғой деп ойлап қаласыз. Бойында бірақ жылқыға тән бір қасиет жоқ. Жер бетінен жылқы ғана емес, жылқымен бірге асыл қасиеттер өліп бара жатқан жоқ па? Тап солай, санасы техникаланған сайын адами қасиеттер де жоғалып барады. Оны ақындар ертеректе жырлап қойды. Жаныңды шырқыратып, рухыңды шамырқандырып тұрып жырлаған мына төмендегі шумақтарды ұзақ та болса толықтай ұсынамыз. Өйткені өлең тура біз әңгімелеген уақыттан кемі 20 жыл бұрын 1970 жылдары туса да айтпағымызды дөп басқан қасіретнама:

«АРҒЫМАҚТАР

«Ол жылаған. Дүние жүзінің көрермендерін көркімен, әсем жүрісімен таң-тамаша қалдырған қайран арғымақ өзінің соңғы күніне өкінген шығар… Ол тұрған орнында жерге гүрс етіп құлап түскен…»

(Сәуірбек Бақбергенов)

Сәуірбек аға! Ғафу ет сұрағаныма,

Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!

Арғымақтар-ай! Ғасырдың мазақ, құрбаны,

Менің де қаным қыр қаны, қазақтың қаны,

Шынымды айтам, шынымды сандырақтамай,

Құндыз қыл құйрық сұржекей, арғымақтар-ай!

Даламыз – кітап, беттерін ашқанда кілең,

Терең ол – ерен ғажайып дастандарымен.

Эпосы, эпопеясы қыраттарының

Тұяқтарымен жазылған пырақтарымның.

Ат тұяқтарының даламда азан сапты әні,

Ата-бабамның сол еді қаламсаптары.

Сол жазған ерлік эпосын Отырарыма,

Ұлытауымның сандық тас шоқыларына.

Мінекей, енді көз жасы тамып жатқаны,

XX ғасырдың топырағына.

Есімде әлі, елесі жанарда мына,

Екінші дүниежүзілік қырғын тәмамдалғанда,

45-те — Қызыл алаңда шуласып, өліп,

Таң қалдық оның тәкаппар тұлғасын көріп!

Қамыттан мойны қан болып күйреп, әпендем,

Түрксіб темір жолын да сүйреп әкелген!

Сол уақыт өтті… жылқы еті – үстелімізде,

Вагон-ресторандарда ішкенімізде,

Самолет қана көреміз түстерімізде!

Ертоқымдардың шаң басқан, бірақ, өрнегін,

Ипподромдарға қамалған Құлагерлерім –

Жылап тұр! Соны «Волгадан» түстім де – көрдім:

Ат жарысына орын жоқ үстінде жердің!

Аспанға қара, не деген күшіктер еді,

Баллистикалық ракета ұшып келеді!!!

Қарашы қатты ышқынған дауыстарына:

Бәйгілер енді аспанға ауысқаны ма?!

Сәуірбек Аға! Ғафу ет сұрағаныма,

Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!

Арғымақтар-ай!!!

Шынымды айтам, шынымды сандырақтамай,

Күй – олар жылау домбыра шектеріндегі.

Олар тек сөйлем – тарихтың беттеріндегі!

Қалғаны содан – ескірмес, тозбастың бірі,

Арқамды шымырлататын Олжастың жыры…

Бір кездесуде атбегі түгел келіп те,

Бір сауал қойған сол Олжас Сүлейменовке:

«Бізді де, ақын, аттардың жаты санама,

Тұлпарлар енді соғысқа қатыса ала ма?»

Сол кезде ақпай қалған бір ақыл, төзімнен,

Абсенттің жасын көріп ем – Ақын көзінен…

Тұрды Олжас сонда жүрегі қан-жоса болып,

Тұнжырап кетті: «Тұлпарың зорласа көніп,

Қатысар – деді – тек қана колбаса болып…»

Мен-дағы сонда ішімнен жылап еңіредім,

Тұра бергенім, жер шұқып тұра бергенім,

Ипподромдарға қамалған Құлагерлерім…»

Манадан бері біз ежіктеген әңгіменің өзегі осы жырға сыйып кеткені өз алдына, мұнда адамзат түсіне кірсе шошып оянатын емеуріндер тұрған жоқ па? Серік Ақсұңқарұлының «Арғымақтар» атты бұл шығармасы қасиеттен жұрдай дәуірдің төбесін көрген адамның «әй, жер бетін жалмап қасиетсіздіктің топан суы келе жатыр, қам қылайық, рухтың шыңын бетке алайық» деп қаққан дабылындай естіледі. Ер қанаты тұлпарларға енді соғыс тұрмақ, бәйгелерде орын қалмады. Жердің бетін обал-сауапты сезінбейтін түйсіксіз, сезімсіз «жүйріктер» басып барады. Ондай сұмдықтар белең алған сайын адами қасиет те қашып барады.

Адамның арғымақтары да әлгіндей күн кеше бастағалы аз уақыт өткен жоқ. Жоғарыда біз сөз еткен тұрқы сұлу ЧК-лар пошымдас, үсті-басы жып-жылтыр, өз жұмысын ғана білетін мамандардың сауаты жоғары, сырт көзге жақсы көрінеді. Соған сай санаты да биік болуы кәдік еді. Мансабы мен мәртебесінен бұрын сана-сезімі мен іс-әрекеті алға озса керек-ті. Жоқ! Елде шаруасы жоқ. Айналасы қағажу көріп жатыр ма, ұлттық өнер мен ана тілінің өрісі тарылып бара ма, келіп-кетері шамалы. «Мұнан менің қай жерім аяулы деп, майданда бірге тұрып қалатын сенісер дос емес» (Абай). Елге, тілге, ұлтқа қатысты олқылықтар үшін ол қызметтік жолын неге құрбандыққа шалады? Қайта көршісінің қорасы өртеніп жатса барып сөндірісудің орнына соған бас үйітіп алудың ретін біледі. Ештеңе дей алмайсыз. Бір нәрсені бүлдіріп жатқан жоқ. Жағдайды пайдаланып, тиісінше әрекет еткені үшін жазықты емес. Қораға өрт қойған бұл емес. Не қыл дейсіз?

Оқушы кезімде жасы үлкен бір кісінің жаннан түңілгенін көргенім бар. Ауқатты досының үйіне барса, ауласында естияр жастағы баласы ойнап отыр екен. Баланың дәл жанында шарбаққа қысылып, не әрі, не бері өте алмай қалған тауық ойбайлап жатқан көрінеді. Әлгіні бала керек те қылмай ойнап отырса керек. Естімей қалды дейін десе, тауықтың жан дауысы шығып жатыр, көрмеді дейін десе, дәл жанында. Сол балалар соқталдай жігіт болды қазір. 1993 жылы үздіксіз соғыстан ашаршылық жайлаған Судан мемлекетіне БҰҰ гуманитарлық көмек жасап, фототілші Кевин Картер де барады. Ол бір ауыл шетінен әлі құрып, аштықтан бұратылып өлгелі жатқан баланы көреді. Картерді көріп көзі жәудіреген бала жанашырлық күткендей, ептеп талпынғандай болып, өз кірпігін ауырсынып, басын тұқыртады. Аш баланың ақтық демін күтіп әр жағында құзғын отырады. Бала мен қарақұсты Кевин дереу суретке тартып алады да жөніне кетеді. Кейін бұл фотосын «Нью Иорк Таймс» басылымына сатады. Сурет бүкіл әлемді дүр сілкіндіреді.

К.Картер 25 наурыз 1993 жылы сәтті түсірген осы фотосы үшін Дж.Пулитцер атындағы сыйлықты иемденеді. Ал басылымдар: «Өлгелі жатқан балаға көмек қолын созу орнына, тек сәтті фото түсіру үшін обьективін бағыттаған адам, ол да анау отырған құзғынның бірі», деп жазды. Фотограф сәтті кадр тапқанына қуанып, көп ақша табатынына әсерленіп, баланы ойламай, ұшағына мініп, еліне тартып отырған ғой. Әріптестерінің айтуы бойынша кейін ол: «Құзғынды ұшырдым ба, ол оралып қайта қонуы мүмкін ғой, неге ауыл ішіне әкеліп тастамадым екен, неге қасында бола тұрмадым, ата-анасы үлгерді ме, бала тірі қалды ма, әлде құзғынға жем болды ма?», деген мазасыз ойға батып, өз-өзінен тыным таппаған. Бұл ағаттығына төзе алмаған Кевин ақыры 1994 жылы өз-өзіне қол жұмсап өледі. Міне, тек қана өз жұмысын күйттеп өмір сүрген жаңа заман адамының бір келбеті. Қайта мына фотограф кеш те болса түсінген, жетесіне жеткен соң адам емес екенін сезініп өзін құрбандыққа шалып тұр. Әлгіндей өлмелі күйде жатқандардың үстінен аттап өтіп барып, керегін алып кетіп жатқан адам кейіпті екі аяқтылар қаншама?!

Соғыс жылдарын суреттеген Шерхан Мұртазаның бір шығармасында күндіз-түні соқа мен арбаға жегілген атқа жаны ашып, жануарды мойнынан құшып жылайтын бала бейнесі бар. Сонда жануардың да көзінен моншақтап жас үзіліп тұратын. Олардың түйсігі ояу, жаны сергек, обал-сауапты түйсінетін. Миы тек техникалық тұрғыда істемейді, бойында қан, кеудесінде жан бар. Әрине заманның ығына қарай технократ болған жақсы, бірақ өзіне тиісті жүктемені ғана білетін компьютербасты кісілер жоғарыдағы фотографтай қорқынышты емес пе? 1932 жылы халық аштан қырылып жатқанда ел арасына барып «план орындаңдар!» деген Елтайларды еске түсіреді. Сондай жүйеден өніп шыққан адамдардың өзгеше типін өткенде «Халық үні» сайтына берген атақты сұхбатында Мұхтар Мағауин «советтік адам» деп атады. Елдің мүддесін елемей, өз мансабын өсіріп, жақын-жуығын семірту мақсатында билікке жеткен жоғары лауазым иелерінің олардан несі артық, несі кем?! Жоғарыдан түскен тапсырманы ғана орындап отырады, басқада жұмысы жоқ. Бастысы әлгі ЧК-лар сияқты жұрттың баласынан озып шенді қызметке орналасты ма, болды. Дәрімен озды ма, ақшаның күшімен бе, таныс-тамыр, әлде атасының абыройымен көтерілді ме, онда не таласың бар? Алайда, бәрінің түбіне осы алайда жеткен, барлығы осы алайдадан басталған. Сәулесі барға бұл да ұзақ әңгіме.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *