Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл құрылым жалғыз министрлік қана емес қой, ішінде Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті және бар. Осы ширек ғасырдан астам уақытта мұнда небір қаһарман ерлер тәрбиеленді. Халықтың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Құрылғалы бері ведомство өзінің құрылымын нығайтып, кәсіби дәстүрлерін қалыптастырды. Ең бастысы – адам өмірін құтқаруды қасиетті міндет санайтын нағыз қаһармандар ұрпағы тәрбиеленді.
Батырлық дәстүрлерді жалғастырып, абыроймен жауапты қызмет атқарып жүрген өрендердің бірі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №1 мамандандырылған өрт бөлімшесінің қарауыл басшысы, азаматтық қорғау лейтенанты Бауыржан Текенов. Ол қызметтегі жетістіктерімен ғана емес, спорттық жарыстарда да ерекшеленеді. Нәтиже көрсетіп, намыс байрағын жоғары көтеріп келеді.
Ол Харбин қаласында өткен өрт-құтқару спортынан ерлер арасындағы әлем чемпионатында 100 метрлік кедергілер жолағын еңсеріп, қола медаль жеңіп алып, Қазақстанның көпсайыс бойынша абсолютті рекордын орнатты. Мұны ерлік деуге әбден болады. Намыс пен жігер қашанда қарағандылық қарауыл басшысын биіктерден көрсетті.
«2016 жылдан бері мен өрт-құтқару спортымен айналысамын. Осы уақыт ішінде көптеген жеңістер мен марапаттарға ие болдым. Қазір спорт шеберімін және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесімін», – дейді Бауыржан.
Мұндай құтқарушы Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет ету – бұл тек қана үнемі қауіп пен жоғары жауапкершілік емес, сондай-ақ өзіңді танытуға, жетістікке жетуге және елді халықаралық аренада танытуға мүмкіндік екенін көрсетеді.
Адамның ғұмыры кейде тұтас дәуірдің айнасына айналады. Бір ғұмыр – бір тарих. Ал бір адамның тағдыры тұтас ұрпақтың бейнесін көрсетеді. Осындай тағдырлардың бірі – биыл 30 жылдық белесіне жеткен Төтенше жағдайлар министрлігімен түйдей құрдас, өрт сөндіруші-құтқарушы Қазбек Қабдығаниевтің өмір жолы.
2025 жыл – ел қауіпсіздігін күзеткен абзал мамандардың еңбегін елеп, тәуекел мен табандылықтың мерекесіне айналған жыл. Төтенше жағдайлар министрлігінің отыз жылдық тарихы – батырлық пен ерліктің шежіресі. Бұл тарихты жазып келе жатқан жүздеген, мыңдаған ерлердің бірі – Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіндегі №19 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Қазбек Қабдығаниев.
1995 жылдың 22 қыркүйегінде Бұқар жырау топырағында дүниеге келген Қазбек жастайынан қайсар мінезді, елгезек бала болып өседі. Әкесі мен шешесінің еңбекқорлығы мен қарапайым өмірлік ұстанымы оны өмірдің мәнін ерте түсінуге жетеледі. Бала Қазбектің арманы батыр болу еді – бірақ ерлік ол үшін ертегі емес, өмірдің нақты ісі болатын.
2016 жылы ол Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіне қабылданып, халыққа қызмет ету сапына қосылды. Содан бері талай күрделі өртті ауыздықтап, талай апаттың ортасында адам өмірін арашалап қалды. Әр шақырту – сынақ. Әр өрт – күрес. Ал сол күрестің ортасында сабыр сақтап, шешім қабылдай білу – нағыз ердің ісі.
Қазбек осындай сәттердің бәрінен намыс пен жауапкершілікпен өткен. Қызметтестері оны «сенімді иық», «үнсіз батыр» деп сипаттайды. Өйткені ол ерлікті сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеді.
Дене шынықтыру мен рухани шыңдалу оның өмірінде қатар жүреді. 13 жасынан бастап қазақ күресімен айналысып, бүгінде Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленген. Күрес кілеміндегі табандылық пен батылдық оған қызметте де күш-қуат береді. «Күрес маған жеңілмеуді, ал құтқарушылық қызмет – адам өмірінің бағасын түсінуді үйретті», – дейді Қазбек.
Ол үшін әрбір күн – жаңа сынақ, әрбір сәт – мүмкіндік. Қазбек өз ісін сүйеді, себебі бұл қызметтің мәні – адам өмірін сақтап қалу. Оның өмірлік ұстанымы да осы:
«Адамға пайдаң тисе – өмірің зая емес».
Қазбек Қабдығаниев – бүгінгі замандағы шынайы қаһарман. Ол да біздің арамызда өмір сүріп жүрген қарапайым азамат. Бірақ дәл сондай қарапайым жандардың арқасында елімізде тыныштық орнап, бейбіт өмірдің шамы сөнбейді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойы – осындай азаматтардың еңбегімен бағалы. Қазбек сынды құтқарушылар – елдің тірегі, ұлттың мақтанышы. Өйткені олар ерлікке ант ішпейді, олар күн сайын сол антпен өмір сүреді.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ