Қазақ халқының ұлттық құндылығын дәріптеген Ақтас кенті мәдени-сауық орталығында «Пай, пай қазақтың келіндері-ай!» атты сайыс өтті. Сайысқа 5 келін қатысып өздерінің жан-жақты дайындығымен келген келіндер ерекшеліктерімен танылды.
Сайыстың басты мақсаты – салт-дәстүрді, ұлттық құндылықты дәріптеу. Өскелең ұрпаққа қазақтың келіні қандай болатынын паш ету болатын. Жарыс бес кезеңнен тұрды. Бірінші аталымда келіндер өздерінің бойындағы сымбатты көрсетсе, екінші аталымда инабаттылығымен ортаға шықты. 3 кезеңде өнерлерімен өрге жүзсе, төртінші айналымда парасаттарын халыққа арнады. Соңғы аталымда салт-дәстүрді ұлықтады.
Сайыс уақытында «Ақ шаңырақ» ЭМБ-нің жас әншілері Қазбек Бексұлтан, Таласбаева Гауһар, Самарық Дана музыкалық сәлем жолдады.
Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. «Сымбатты келін» болып Саран қаласының тұрғыны Д.Б.Карибекова танылса, Дубовка ауылынан келген Д.Б.Жакупова «Инабатты келін – 24» атанды. «Өнерлі келін» Қарағанды қаласынан қатысушы А.А.Амангелдина болды. Ал «Парасатты келін – 24» аталымын Ж.Ж.Садыкова еншілесе, «Дәстүрлі келін – 24» атағына М.Б.Елубекова лайықты болды. Қатысқан келіндерге диплом, бағалы сыйлықтар табысталды.
Әділ БЕК