Партия тынысы «Enbek Way» зияткерлік ойыны өтті

12 тамыз күні «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының ғимаратында Халықаралық жастар күніне және Жұмысшы кәсіптер жылына орай ұйымдастырылған «Enbek Way» зияткерлік ойыны өтті.

Ойынға облыстағы ірі өндіріс орындарының 75-тен астам жұмысшы мамандығының өкілдері қатысты. Әрбір команда өз кәсіпорнын таныстырып, 6 кезеңнен тұратын Quiz-ойында бақ сынады. Сұрақтар жалпы эрудициямен қатар, жұмысшы мамандықтарының ерекшеліктеріне де қатысты болды. Бұл қатысушыларға өз білімдерін көрсетіп қана қоймай, жаңа мағлұматтар алуға да мүмкіндік берді.

Шара өте қызықты форматта өтті. Қатысушылардың барынша белсенділігі мен қолдау топтарының ерекше дайындығы – плакаттар, ұрандар мен жанкүйерлердің қызу қолдауы – ойынға мерекелік көңіл-күй мен нағыз жарыс атмосферасын сыйлады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер серіктестер ұсынған бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды. Атап айтқанда, ат спорты клубына, атышу тиріне, кафелер мен демалыс орындарына арналған сертификаттар. Мұндай сыйлықтар командалардың тек ойын барысында ғана емес, ойыннан кейін де бейресми жағдайда араласуын жалғастыруға сеп болмақ.

«Бүгін біз Жастар күнін заманауи, ерекше әрі белсенді түрде атап өтуді жөн көрдік. Бұл жолы жұмысшы мамандықтарының өкілдері қатысып, командалық рухты күшейтетін, әріптестердің бір-бірін жұмыс орнынан тыс жерде жақынырақ танып-білуіне мүмкіндік беретін іс-шара ұйымдастырдық. Сонымен қатар, арнайы таңдалған сыйлықтар да командаларды біріктіре түсетініне сенімдіміз», – деп бөлісті шара ұйымдастырушысы Зият Садвакасов.

Шара жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға, корпоративтік мәдениетті нығайтуға және жас мамандардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған бастамалар сериясының бір бөлігі болды.

Ұйымдастырушылар қатысушылар мен серіктестерге белсенділік пен қолдау білдіріп, өңірдегі жастар саясатының дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты.

Әділ БЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *