Полиция қызметкері – еліміздің, халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда олардың еңбегі зор. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр – қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті тәртіп сақшылары үшін қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды екені баршамызға белгілі.
«Үлкеннен – ұлағат, кішіден – ілтипат» деген халық даналығы бар. Бүгінгі біздің әңгімеміздің арқауы өмірдің ауыр да абыройлы міндетін иығымен көтерген, өн бойына ілім мен білім қазынасының құтын қондырған полиция ардагері, ішкі істер органдарының отставкадағы майоры Қасымов Бауыржан Берденұлы болып отыр.
Бауыржан Берденұлы Ақадыр кентінің тумасы. Әкесі Берден Әбілдаұлы бүкіл саналы өмірін қаржы саласына арнаған. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласының экономикалық институтын қаржы және несие мамандығы бойынша тәмамдайды. Жаңаарқа ауданының тұтынушылар одағында бухгалтер, ревизор, Шет ауданының бірнеше мекеменің бухгалтері, Ақадыр аудандық коммуналдық шаруашылығының бас есепшісі қызметтерін атқарған. Өте сауатты адам болған. Кітапқұмарлығы өз алдына, газет-жорналдарды үзбей оқыған. Бос уақыттарында, кейін зейнеткерлікке шыққанда да үйдің ауласына тал, гүл отырғызумен, көкөніс пен жемісті ағаштарды өсірумен айналысқан. Бір сөзбен айтқанда бағбан болған. Өзінің тарапынан тәртіпті қатаң сақтап, балаларының да сондай болуын қалаған екен. Балаларының бір-бір мамандық иелері болуына, жоғары білім алуына күш салған. Тіпті бір қызын Украина республикасындағы Житомир қаласында жоғарғы оқу орнында оқытқан. Қалғандары өзіміздің елдің оқу орындарын бітірген.
Анасы Нағимаш Әлбақайқызы 10 бала туған Батыр Ана. Білімі мықты, үй шаруасына ұқыпты, тазалықты жаны сүйетін адам ретінде бала-шағасына үлгі-өнеге көрсете алған. Ақадыр тұтынушылар қоғамында қойма меңгерушісі, сатушысы болған. Жұбайы өмірден ерте кеткен соң балаларын өсірумен, оларға тәрбие берумен жалғыз өзі шұғылданып, бар ауыртпалықты көтере білген.
Бауыржан Берденұлы №74 қазақ орта мектебіне (қазіргі кезде Ә.Ермеков атындағы тіректі мектеп-интернаты) барады. Әкесі мен анасының темір тәртібімен өскен бала келешекте тәртіп сақшысы мамандығын таңдаймын деп алдына мақсат қояды. Алайда, мектеп бітіретін жылы әкесі:
– Балам, өзіңнің таңдап жүрген мамандығыңның бар екенін білемін. Бірақ, біз теміржол станциясында тұрып жатырмыз. Айналамыздың барлығы теміржолшы. Менің ақылымды тыңдасаң, Целиноград қаласындағы теміржолшылар техникумына түсіп, бір мамандық алып шық. Ертең өзіңді жұмысқа орналастыру да оңай болады, әрі біздің жанымызда боласың, – деп ақыл қосады.
Тәртіпке үйреткен әкесін қалай тыңдамасқа? Ауылдағы орта мектепті бітірген соң, бір мезетте аталған техникумның «теміржол құрылысы, теміржол шаруашылығы» факультетінің студенті болып шыға келеді.
Бірінші курсты бітірген жылы оны әскер қатарына алып кетеді. Отан алдындағы борышын Өзбек елінің Қарақалпақ автономдық республикасының астанасы Нөкіс қаласында өтейді. Байланыс әскерінің (войска связи) бөлімшесінде сержанттар мектебін бітіріп, взвод командирінің орынбасары міндетін атқарады. «Жауынгерлік және саяси дайындықтың үздігі», бірінші санаттағы маман белгілерінің иесі атанады. Әскердегі оқу-жаттығудағы жетістіктері үшін бөлімше командирі оған екінің біріне беріле бермейтін ұсыныс-мінездеме (рекомендация) береді. Мұндай құжат ол кезде өте құнды болатын және жоғарғы оқу орнына түскенде студенттер арасындағы конкурста бірінші кезекте өтуге кепілдік беретін. Бір қызығы, сол ұсынысын алғанына 30 жылдан астам уақыт өтіп кетсе де, командирі берген сол бағасыз құжатын әлі күнге дейін өзінде сақтап келеді екен.
Әскерден келген бетте әкесі баласының арманына кедергі жасағандай сезініп жүрген болуы керек, ішкі істер бөлімшесіне жұмысқа баруға рұқсатын беріп, қызметке тұруға өзі көмектеседі. Бұл жерде жаңа ғана айтқан әскердегі бөлімше командирінің берген ұсыныс-мінездемесінің пайдасы тигені анық.
Ал енді, жұмыс істеп жүрсе де оқып жүрген теміржол техникумының сырттай бөліміне ауысып, әрі қарай білім алуын жалғастыра береді.
Тәртіп сақшысы болып жұмыс жасау жас жігіт үшін қиынға соқпайды. Әскерде жүріп алған тәжірибесі, жаттығулардың әсері көп көмегін беріп, қызметін жеңілдетеді. Бастапқы кезде патрульдік қызметте (ППС) еңбек ете бастайды. Кешкілікте, демалыс, мереке күндері кезекшілікте болып, халықтың тыныштығын сақтау шараларын атқарып жүреді. Бір жағынан, осындай төменгі жұмыстардан бастау алған қызмет әрбір полиция қызметкеріне жақсы тәжірибе, кәсіби шеберлік беретіні сөзсіз.
Уақыт өте келе Бауыржан Берденұлы теміржол техникумын да, кейіннен Қарағанды қаласының «Фемида» құқықтану колледжін де бітіріп, ең соңында «Болашақ» университетін еңбектен қол үзбей оқып, жоғары білімді «заңгер, құқықтану» мамандығын алып шығады. Енді төменгі сержанттар қатарынан офицерлік құрамға өтеді.
1997 жылы оны Ақадыр аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі етіп бекітеді. Бір жыл өткен соң аға учаскелік инспекторы қызметіне ауысады. Осы қызметті ол он жыл бойы атқарады.
Ішкі істер органында полиция беделін көтеруге бірден-бір әсер ететін қызмет – учаскелік инспектор. Өйткені ол – жұртқа жақын полиция қызметкері. Кез келген оқиғаның басына бірінші болып жететіндіктен учаскелік инспектордың білімділігі мен біліктілігі өте маңызды.
Учаскелік инспекторларының міндeттері өтe көп. Еліміздің «Қазақстан Республикасындағы ішкi iстeр органдaры турaлы» Зaңына сәйкeс, пoлицияның құзырынa aзaмaттардың өмiрін, дeнсayлығын, құқықтaры мeн бoстaндықтaрын, құқыққa қaрcы қoлсұғyшылықтaн қорғaу, болған оқиғa жайындағы өтiнішті нeмесе хабaрламаларды қaбылдау, тіркeу жәнe қарaу, көмeк көрсeту, құқық бұзушылықтың aлдын aлу шaраларын жүзeге aсыру, пaтрульдеу, жоғары жақтан берілетін әртүрлі бағыттағы «айлықтар» мен рейдтік тексерістерді ұйымдастырып жүргізу, құқық бұзушылaрды іздeу жәнe құрықтaу кірeді.
Олар тікeлей халықпeн жұмыc істeйтіндіктен, тұрғындaр көбінeсе түрлi мәсeлесін aйтып келeді. Жұмыcтары нeгізінен қылмыcтың aлдын aлуға жәнe профилaктикалық жұмыстaр жүргізугe бағыттaлған. Қадaғалайтын aумақтағы бұрын сoтты бoлғандарды, шaртты түрдe сотталғандaрды, бұзaқылық әрeкеттері бaсым жaсөспірімдерді тіркeп, нaзарға алaды.
Ең бастысы, учаскелік полиция инспекторының міндеті – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу. Тәртіп сақшылары өзі қызмет ететін аумақта отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық заңбұзушылықтарды болдырмауды мақсат етеді.
Сол жылдардағы қызметі жайында полиция ардагері былай деп еске алады:
– Мен 20 жыл бойы тәртіп сақшысы болып қызмет атқардым. Жас кезімнен осы мамандықты таңдадым және сол мақсатыма жеттім. Бұл өмірлік ісіме ешқашан өкініп көрген емеспін. Еңбек етіп жүрген кезімде талай оқиғалардың куәсі болып, қылмыстарды ашу процестеріне қатыстым. Кісі өлімі болған, басқа да тіркелген ауыр қылмыстарға тоқталмай-ақ қояйын, ал енді есімде қалған бірді-екілі қылмыстық оқиғаларды айтуға болады.
Мәселен, қызмет атқарып жүрген кезімде полиция бөлімшесіне бір адам келіп, «Верховина» мопеді жоғалғаны туралы шағым-арыз түсірді. Ол уақытта мұндай техникаға қолдары жете қоймайтындықтан елдің бәрінде болмайды. Сондықтан тапшы заттың бірі. Шағым түскен соң қылмысты ашу керек. Дереу іздестіру шараларын жүргізе бастадым. Тергеу амалдары (версиялар) көп болды. Сұрастырмаған адамдарым, баспаған жерім қалмады. Жоғалған мопедтің бір ғана белгісі бар. Иесінің айтуы бойынша, адам отыратын орындықтың астынғы жағында әйелдердің түрлі-түсті лагымен аты-жөні келтіріліп жазылған әріптері. Бір апта өткен уақытта сол белгі арқылы ұрлық жасаған күдіктіні таптым-ау. Сөйтсем, ол мопедті ұрлаған бетте шашып тастап, қосалқы бөлшек ретінде елге сатпақшы болған. Уақытында сол адамның көлік гаражын тексеруге барып, іздеу шараларын жүргізу барысында жасалған қылмыстың үстінен түскен екенмін.
Тағы бір жолы, полиция бөлімшесіне пәтердің тоналғаны туралы арыз түсті. Сол жолы тоналған үйдің иелері алыс сапарға жүріп кеткен екен. Қайтып келсе терезенің форточкасы ашық тұр. Үйге ұрлықшы түскенін бірден сезіп, заттарын түгендей бастайды. Пәтерде қалған бағалы заттардың барлығы ұшты-күйлі жоқ. Оның ішінде алтын, күміс бұйымдары, азын-аулақ тығылған ақша, магнитофон, тағы басқа бағалы заттар ұрланған болып шықты. Іздестіру шаралары барысында жан-жақты жұмыстар жүргізе бастадым. Ең алдымен жақын туған-туыстарын, одан кейін көршілерін тексеріп шықтым. Өйткені ұрлаған адам үй ішіндегі заттардың тұрған жерін білген. Он шақты күннің ішінде ұрлыққа күдіктінің кім екенін анықтағанда, көршілес тұратын бір жас жігіт болып шықты. Ол жігіт пәтерден ұрланған алтын бұйымдардың бірін өзінің сүйген қызына сыйға тартқан екен. Сол жасаған сый-сияпаты арқылы қылмысты ашып, күдіктіні құрықтадық.
Қылмыстың статистикасына жүгінетін болсақ ұрлықты көбінесе жәбірленушілердің өздерінің жақындары немесе маңайындағы көршілері жасайды. Ақадыр өңірінің бір шаруақожалығынан екі бас сиыр ұрланғаны туралы арыз түсті. Әріптестеріммен бірге оқиға орнына барсақ, шаруашылық иесі жеке шаруаларымен бір-екі күнге ауылдан басқа жаққа кетіп қалғанын айтты. Қайтып келсе сиырлары жоқ. Қыстақтың басындағылардың бәрінен сұрастырып шықтық. Ешкім ештеңені білмейді. Әрі қарай жан-жағындағы көршілес шаруашылықтарға да бардық. Солардың бірі Шу жақтан келіп жүретін қасапшыны көргенін айтты. Сол бетте Жамбыл облысының Шу қаласына тартып кеттік. Жаңағы қасапшының мекенжайын да біліп алдық. Барған соң дәл үстінен түсіп, ұрлыққа күдікті ретінде ауылға алып келдік. Тергеу барысында жоғалған екі сиырды қожалық иесінің ұлы біз құрықтап әкелген қасапшыға арзан бағаға сатқан болып шықты, – деп сөзін аяқтады.
Бауыржан Берденұлы 2007 жылы Ақадыр кенттік полиция бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторының (ИВС) бастығы болып тағайындалады. Екі жыл өткен соң полиция бөлімшесінің аға инспекторы кезекшісі қызметіне ауысады. 2012 жылы қызмет өтілі (выслуга лет) толық келген соң зейнет демалысына шығады.
Қызмет жасап жүрген кезінде тәртіп сақшысының еңбегі әрдайым бағаланып келді. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен наградталған. Онымен қоса ҚР ІІМ-нің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен, Қарағанды облыстық департаменті басшысының Құрмет грамотасымен, қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін Алғыс хатымен, Ақадыр кенті әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бауыржан Берденұлы туралы Ақадыр кенттік полиция бөлімшесінің бастығы болған, отставкадағы подполковник Байкенов Мұрат Мұсаұлы мінездемесін бергенде:
– Бауыржан Берденұлы ішкі істер саласында қызмет еткен жылдары жұмысына деген адалдығымен, қайсарлығымен, батылдығымен көзге түсе білді. Білімді де, білікті де маманның бірі болды. Қылмыс оқиғалары болған уақытта жоғары жауапкершілік пен табандылық танытып, олардың тез ашылуына бар күш-жігерін, жылдар бойы қызметінде жинаған тәжірибесі мен дағдыға айналған айла-тәсілдерін салатын. Оның айғағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің медальдары мен төсбелгілері, басқа да жоғары марапаттары, – деген еді.
Отставкадағы майор әлі де болса қатардан қалған емес. Қазақстан мен Қытай арасындағы Атасу-Алашанькоу мұнай құбырына қызмет көрсететін Қарағанды қаласының «Қасқыр» күзет фирмасында аға күзетші міндетін атқарады.
Кентіміздің қоғамдық-саяси жұмыстарына да белсене араласады. Көп жылдар бойы Қазақстан Республикасы Президентінің, Мәжіліс пен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының, жергілікті әкімнің сайлауын өткізу жөніндегі учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі болып, міндеттерін абыроймен орындады.
Зайыбы Гүлзия Жұмақанқызының мамандығы қаржыгер. Біршама жылдар бойы шаруа қожалығының бухгалтері қызметін атқарып келді. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан екі немере сүйіп отыр.
Үлкен ұлдары Ғалымбек Қарағанды қаласының «Болашақ» университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта Ақадыр кентіндегі өрт сөндіру бөлімшесінде жұмыс істейді.
Кіші қыздары Ақерке Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқып, психолог мамандығын алып шыққан. Бүгінгі таңда Назарбаев интелектуалды мектебінде ұстаздық етеді.
Еліміздің ішкі тәртібін сақтау үшін еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тәртіп сақшыларының өмірі қыл үстінде жүреді десе де болады.
Полиция қызметкерінің басты міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау және заң бұзушылықтың жолын кесу. Полиция қызметкері кез келген жағдайда сақадай сай болуы тиіс. Тәуліктің кез келген уақытында және ауа-райының түрлі құбылысына қарамастан шақыртулар мен оқыста болып жататын жағдайларға дайын болуы қажет. Полицейлердің кәсіби іс-әрекеті адам өмірінің аман қалуына тікелей ықпалын тигізеді. Қоғамдық тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал ететін тәртіп сақшыларының еңбегі қай кезде болмасын құрметтелу керек.
Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, Отанға деген адалдық пен шаңырақ шаттығын таразы басында тең ұстау, береке мен бірлікті сақтау – бүгінгі полиция қызметкерлерінің басты парызы.
Ендеше, біз бүгін өмірінің көп жылдарын полиция қызметіне арнап, үнемі тәртіпсіздікпен, заң бұзушылықпен күрес жүргізген отставкадағы майор, полиция ардагері Қасымов Бауыржан Берденұлының еңбек жолы, жасаған амалдары кейінгі тәртіп сақшысы қатарында жүрген жастарға үлгі-өнеге болады деген үміттеміз. Аға буынның ақыл-кеңестерін тыңдау, олардың тәжірибесімен алмасу, жақсы әдептерін игеру кейінгі ұрпақ үшін қашан да болсын бағдаршам ретінде болатыны бәрімізге аян.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті