«Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» депті Потанин. Тағы біреулер бұны Затаевич айтқан деп соғады. Мейлі, кім айтса ол айтсын, мәселе кімнің айтқанында емес, мәселе ол сөздің не нәрсеге байланысты екендігінде. Біздің жазғыштар осы тіркесті әнге байланыстырып мысал етеді. Жо-оқ, бұл тіркес әнге мүлдем қатысты емес. Олай дейтінім қазақ тілінде үндестік заңы, оның ішінде ерін үндестігі заңы қазіргідей бұзылмай тұрғанда бабаларымыздың сөйлескен сөздерінің өзі ән сияқты әуезді естілген. Потаниннің «ән салып тұрғандай» дейтін себебі сол.
Мәселен екі қытайдың өзара сөйлескені құлаққа қалай естіледі?
Басқаға қайдам, мен өзім олар жәй сөйлессе де, әлденеге келісе алмай қызылкеңірдек болып ұрысып отыр ма деп ойлап қалам.
Мынадай бір мысалды айтайын.
Ағылшын жазушысы Даниель Дефоның ойдан жазған «Робинзон Крузо» атты романын білмейтін адам жоқ. 1719 жылы жарық көрген сол хикаяда Робинзон бір жабайы адамды басқа жабайы адамдардан қорғап қалатын жері бар. Екеуінің кездесіп, тілдесуін жазушы былайша сипаттайды. «Oл маған өз тіліндe бір нәрсeлeрді айтып түсіндіргeн бoлды, бірақ мeн eшнәрсe ұға алмадым, OНЫҢ СӨЗДEРІ ӘННІҢ ӘУEНІ СИЯҚТЫ, ҚҰЛАҚҚА СOНДАЙ ЖАҒЫМДЫ, бұл мeнің жиырма бeс жыл уақыттан кeйін адам даусын eстіп тұрғаным ғoй».
Орысшасы былай: «В ответ он произнес несколько слов, и хотя я ничего не понял, НО САМЫЕ ЗВУКИ ЕГО РЕЧИ ПОКАЗАЛИСЬ МНЕ ПРИЯТНЫ И СЛАДОСТНЫ: ведь за все двадцать пять лет моей жизни на острове я в первый раз услыхал человеческий голос!»
Ағылшынша мәтіні де тексеріп көруге болады.
Жазушының жабайы деп отырғаны Америкадағы жергілікті Мая, Ацтек тайпаларының адамдары. Біз оларды Христофор Калумбтың қателесіп үндістер дегеніне еріп, солай деп жүрміз. Олар ешқандай да үндістер емес, өте ерте замандарда Беринг бұғазы арқылы Солтүстік Америкаға өтіп кеткен біздің ежелді туыстарымыз. Ғалымдардың айтуы солай. Тіпті оларда қазақ сөзімен дыбысталуы да, мағынасы да бірдей сөздер баршылық.
Демек, олардың тілі де біздің тіліміздегідей үндестік заңына бағынатын болғаны. Өзі Жұма деп ат қойып алған жабайы жігіттің сөздері Робинзонға «…әннің әуeні сияқты, құлаққа сoндай жағымды» естілгені сондықтан.
Жақында осыған ұқсас тағы бір мысалды кезіктірдім.
Алматыдағы Сүлеймен Демерел атындағы университетте оқитын Дайаана Портнягина деген Жақұт (Якут) елінен келген саха қыздың сұқбатын тыңдадым. Қазақша үйреніп алыпты. Сол Дайаана: «ҚАЗАҚ ТІЛІ МАҒАН АЛҒАШЫНДА ӘН СИЯҚТЫ ЕСТІЛДІ» деді. Ол өзі қанша жерден саха болғанымен туып, өскен ортасы орыс тілді болғандықтан да солай ән сияқты естілген. Сонымен бірге, қазақ тіліндегі ерін үндестігі жазуда бұзылғанымен, айтуда әлі күнге сақталады. Мәселен түйені түйө, көбелекті көбөлөк, құлынды құлұн, жұлынды жұлұн, өлеңді өлөң деп айтамыз. Қазақ сөзінің сырт көзге ән сияқты болып естілетін осындай әуезділігі кірме әріптердің (олардың саны – 14) кесірінен бұзылып бара жатқан жайы бар.
Міне Потаниннің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген атақты сөзі әнге мүлдем қатысы жоқ деуімнің себебі осында.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ