Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Allur компаниялар тобының басшысы Андрей Лаврентьевті қабылдаған еді. Қабылдауда компания басшысы кәсіпорынның жай-күйі, қалыпты жұмысқа көшу шаралары, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту, еңбек қауіпсіздігінің деңгейін көтеру жоспары туралы баяндады. Бүгінде бұл жоспар жүзеге аса бастады.
Мемлекет басшысы сол кездесуде кәсіпорын қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық базаны барынша жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Президент өңірдегі экология мәселесіне ерекше назар аударып, жабдықтарды газға көшіру арқылы Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды сауықтыру үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
Бүгінде «Qarmet» компаниясының басшылығы өндіріс көлемін арттыру, Орталық Азия мен ТМД-да металлургия саласы бойынша көшбасшы кәсіпорындардың бірі ретіндегі мәртебесін 2028 жылға қарай қайтару жөнінде стратегиялық мақсат қойып отыр. Көзделген мақсаттарды іске асыру үшін жылына болат өндірісін 64 пайызға – 5 миллион тоннаға дейін, темір кені концентратын 88 пайызға – 5 миллион тоннаға дейін және көмір өндіруді 47 пайызға – 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
Компанияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда шахталардағы трансформаторлық станцияларды жаңарту қолға алынды. Көмір департаментінде шахталық трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама жалғасуда. Жаңа жабдық қауіпсіздік пен тиімділікті арттыратын озық цифрлық қорғаныс жүйелерімен жабдықталған және максималды ток қорғанысын қамтамасыз етеді.
Қосалқы станциялардың негізгі мақсаты – газ бен шаң көрсеткіштері бойынша қауіпті санаттарға жататын жерасты қазбаларын электрмен жабдықтау. Барлық трансформаторлардың қуаты 250-ден 1600 кВА-ға дейін барады. Қазір 32 жаңа қосалқы станция орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Станцияларды күрделі жағдайда тұрған шахталарда қолдануға өте ыңғайлы. Сонымен қатар, қосалқы станциялар жылжымалы болып келеді. Бұл оларды оңай және тез жылжытуға және жерасты қазбаларының қажетті жерлеріне орнатуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ цехтардың шатырларын түгелдей жөндеу жұмыстары басталды. Қазір жұмыс МНЛЗ-2-де жүріп жатыр. Бұрын бұл цехтың төбесі шұрық-тесік болатын. Соның салдарынан жұмысшыларға жұмыс жасау қиын болатын.
Өндірістегі еңбек жағдайлары комбинатты одан әрі дамыту үшін стратегиялық тұрғыда маңызды. Ең алдымен, бұл ауа райы бұзылғанда жұмыс істей алмай қалатын әріптестерімізге қамқорлықтан басталған жұмыс болды. Осы жылы компанияның 50 мың шаршы метрден астам шатырды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл ғимараттардың жай-күйін едәуір жақсартады, – дейді Qarmet күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренко.
Қазір компанияда бекітілген өндірістік межені бағындыруға тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Болат департаментінің директоры Андрей Бергтің айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жабдықтардың жоспарлы тоқтауына қарамастан, маусым айында 325 000 тонна болат алынды. Ал шілдеде өндіріс көлемі төмендейді. 300 000 тонна болат алынуы тиіс. Яғни комбинаттағы жөндеу науқандарына, соның ішінде №4 домна пешін, №1 конвертерді және №5 агломашинаны жөндеуге байланысты өндіріс қуаты кемиді.
Манас АҚСАРЫ