Ұрпақтар алғысын арқалаған азамат

Кейіпкеріміздің істеп жатқан ұлағатты ісін көргенде, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлы іс – ұсақтан ұлғаяды» деген нақыл сөзі еске түсті. Иә, Мейірхан Қасымжанұлы бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, білім беру саласына арнаған. Бірақ, бүгінгі әңгімеміз бұл жайында емес. Алғыс айту күні қарсаңында, ұрпақтар алғысын арқалаған азаматтың бала күннен бері жанына серік болған қызығушылығының қалайша құнды қазынаға айналғаны жайында сөз етпекпіз. 

Мейірхан Қасымжанұлы Қарқаралы ауданы Томар ауылында дүниеге келген. Ел соғыстан енді ғана еңсе көтеріп, ес жинай бастаған шақ. Айтуынша, фотоөнерге 9-сыныпта оқып жүрген кезде қызығушылығы оянған. Тіпті, бұл кәсіп арманына айналыпты. Сол жылы мектеп оқушыларын Жамбыл совхозына егін шаруашылығына көмектесуге жібереді. Егіс даласында еңбек етіп тапқан 62 сом ақшаға ФЭД ( Феликс Эдмундович Дзержинский ) фотоаппаратын сатып алады. Сол күннен бері қарайғы өмірінде суретке түсіру ісін жанына серік еткен.

  • Бұрын фотоаппарат аз еді. Қазіргідей оңды-солды түсіре беру деген жоқ. Пленка санаулы. Суреттерді шығарудың да машақаты көп, әрі оның бәрі ақша тұрады ғой. Сондықтан сұраған адамдардың ғана суретін шығарып беретінмін. Бірақ, негативтерді сақтап жүрдім. Бүгінге дейін олардың өзі үлкен бір жәшік болды. Қызмет бабымен қайда барсам да фотоаппаратым мен негатив салынған жәшікті және кітаптарымды жанымнан тастамайтын едім. Түбі бір қажетке жарап қалар деп едім. Расымен де, уақыт өткен сайын ескі кадрларға деген сұраныс та ұлғайды. Үлкен ақсақалдардың ұрпақтары хабарласып, аталарының, ата-аналарының жас кездегі суреттерін сұрап жатады, — дейді Мейірхан Қасымжанұлы.

Кейіпкеріміз Қарқаралы ауданының Бақты, Жамбыл, Томар ауылдарында мектеп директоры, Қасым Аманжолов ауылдық округінде әкім, Қарқаралы аудандық тарихи-өлкетану музейінде директор лауазымында қызмет еткен. Жүрген жерінің бәрінде ауыл адамдарын, жиындарды суретке түсіріп, кадр жинаған екен. Тек, бір өкініштісі, көшіп-қонып жүрген шағында негативтердің бір бөлігін жоғалтып алыпты.

  • Егер менің 1966 жылдан бастап, фото түсірумен айналысқанымды ескерсек, жүздеген негатив пленка болғаны анық. Тура үлкен бір жәшік болды. Құдайдың сол кезде Азамат деген ұлымды аузыма түсіргеніне қараңыздаршы. «Азамат мына жәшікті гаражға апарып қой»- деп , өзім бір шаруамен асығыс кетіп қалдым. Жұмыс басталды, одан қыста Қасым ауылына жұмыс ауысып, көшіп кеттік. Жаз айында келіп қалған заттарым мен пленкаларымды алайын десем, жәшік жоқ. Сөйтсем, Азамат гаражға емес, ашық сарайға апарып тастаған ғой. Әзер таптық. Үстіне мысық жатқан, тауық жатқан, балалар ойнаған, жәшік шашылып қалыпты. Қатты өкіндім. Талай тарих кетті. Жерде шашылып жатқан пленкалардың қалдықтарын теріп алдым. Бір кадр болса да жинадым. Көбісі жоқ , барлығы дерлік бүлінген екен. Азаматтың да арғы-бергі атасынан кетті. Содан бері бұл тақырып қозғалса Азамат жылыстап шығып кетеді, ал өзі болмаса да құлағы шулайтыны анық, — дейді Мейірхан Қасымжанұлы.

Дей тұрғанмен, біршама негативтер сақталып қалған екен. Қазіргі таңда кейіпкеріміз сол негативтерді цифрлық форматқа көшіріп, әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеумен айналысуда. Айтуынша, суреттен өзінің бала кезін көрген, ата-әжелерін таныған жандар хабарласып, алғысын айтып жатады екен.

2

  • Бастапқыда пленкаларды сканерге салып, сол арқылы цифрлық форматқа көшіріп жүрдім. Бірақ, бұл тым күрделі, әрі ұзақ уақыт алады. Кейін интернеттен қарап отырып, қолдан аппарат құрастырып алдым. Өзімнің негізгі мамандығым физика пәнінің мұғалімі ғой. Сондықтан бұл қиындық туғызған жоқ. Қазір, рахат. 1 минутта 1 кадрды цифрлық форматқа көшіріп, компьютеріме жүктеп аламын. Кейін оны «Фейсбукке» шығарамын. Есімде қалған адамдардың аты-жөнін көрсетемін. Арасында өзім ұмытып кеткен, кадрлар да табылып жатыр. Кейбір азаматтар суреттен туыстарын тауып жатыр. Ұрпақтары өмірде көрмеген аталарының бейнесін көріп, әулеттерінің шежіресін толықтыруда. Арнайы қолқа салып, жақындарының суретін тауып беруді сұрайтындар да көп. Шамамның келгенінше іздеп, табылса сол азаматтармен бірге қуанамын, — дейді Мейірхан Қасымжанұлы.

2

Бұл азаматтың түсірген суреттері аудандық деңгейде үлкен жәдігер саналары анық. Өйткені, төрт бірдей ауылдың өткен тарихы, ол жерде өмір сүрген адамдардың тұрмысы, қамтылған. Өзі «фото – жарық, графия – жазу деген ұғымды білдіреді ғой. Мен тарихты жарықпен жазып шықтым» дейді. Расымен де, бір дәуірдің тарихы фотошежіре болып жинақталып тұр. Ендігі міндет солардың басын құрап, фотоальбом әзірлеу және көрме ұйымдастыру. Мейірхан Қасымжанұлының айтуынша, жекелеген азаматтар тарапынан мұндай ұсыныстар болған екен. Әйтсе де, қазір бұл кісі негізгі күшті негативтерді толықтай цифрлық форматқа ауыстыруға жұмсап жатыр екен.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *