Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінде қасиетті Мәуліт айының құрметіне орай «Мейірімді Мұхаммед» атты рухани кеш ұйымдастырылды. Игі шараға мешіт имамы Асылхан Нұртайұлы ұйытқы болды.
Кешке ҚМДБ-ның Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы бастаған аймақ мешіттерінің бас имамдары, зиялы қауым өкілдері, дін жанашырлары, ақындар мен жыршылар және мешіт жамағаты қатысты.
Рухани кеш Пайғамбарымыз ﷺ жайлы әсерлі бейнеролик көрсетуден басталып, одан кейін қасиетті Құран аяттары оқылып, ата-баба рухына бағышталды.
Шара барысында облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы мен «Әнет Баба» мешітінің ұстазы Сұлтан Аманжолов Мәуліт оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен насихат айтты.
Сонымен қатар елге белгілі айтыскер ақындар Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, Нұрмұхамед Байсүгіров сахнаға шығып, Құлмамбет айтысын орындап, жыр-толғауларын арнады.
Кеш қызықты ойын-сұрақтармен жалғасып, жамағатқа бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, мешіттің тұрақты демеушісі, дін жанашыры Бақытбай Жолжақсыұлына облыс бас имамы атынан алғыс хат пен «Бабалар ізімен» кітабы тарту етілді.
Қасиетті Мәуліт айының аясында «Мәуліт сыйы» қайырымдылық шарасы өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі жанға қол арбасы табысталды.
Шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан барша азаматтарға, сондай-ақ жамағатты дастарқанмен құрметтеген «Күнгей» мейрамханасының басшылығына облыс бас имамы атынан алғысхат табысталды.
Рухани мазмұнға толы кешке жиналған жамағат ерекше әсер алып, Мәуліт айының берекесін сезінді.
Әділ БЕК