Руслан НҰРБАЙ: «ШЫҚ СЫПЫРЫП СЕЗІМНІҢ ҚҰРАҒЫНАН»

АДРЕНАЛИН

Жанымның жапырағын  шылым етіп,

Кептіріп кеткенінше күнім өшіп.

 

Арымның аршасының бүршігін мен.

Күл етіп жалыныммен жыр сіңірген.

 

Миымның миуалы бұлағынан,

Шық сыпырып сезімнің құрағынан.

 

Қанымның түйіршігін қалампыр ғып,

Дәм шығарып жаһанға жұпар аңқырлық.

 

Жүректі келі, тілімді келсап етіп,

(Шер мен мұңнан барады-ау шаршау өтіп).

 

Ерніңе сал ерке жұрт,

Елтіп алып…

Намыс пенен шабыттан ЕЛ құралық!

 

ӨЛЕҢ — деген өр Елім!

Насыбай үгіп берейін…

 

КҮМБІР – КҮБІР

Күмбір — күмбір күмбездерден үн шығып,
Күн ауған соң, топырақта тұншығып…
Ақ жол! — деген дана, абыз, биім ең.
Ақ зер әлем, Ақаң да өтті күрсініп,
Маң даланың мәңгі сарын күйімен.

Күмбір — күмбір күмбездермен сырласып,
Енесайдан елге жетті жыр — нәсіп.
Жылы сөзге жерік болған құрсақпын.
Түркі — тембр тәңірменен тілдесіп,
Ғұрпын қайта ғазал еткен Ғұн — Сақтың.

Күмбір — күмбір күмбездерден осы бақ,
Шежіреден шатасады шашырап.
Түкті жүрек төбелесіп, тынады…
Құндақтады оны туған топырақ,
Сезімінен селеу өсіп шығады.

Күмбір — күмбір күмездерден бәйтерек!
Ырысыңа ыдыс болар қай шелек?!
Ынтымағы — құраны да, ұраны…
Өлім деген өзектіге жай себеп,
Өз бейнесі күмбез болып тұр әні.

Күмбір — күмбір күмбездерден түнгі ізбен…
Шындықты іздеп, жол шарлады шың — құзбен,
Ұлы Дала — намысыма нақ теңеу.
Сағыныштан мөлдіретіп мұңды үзгем.
Сары — арқа, сары абызым —  Ақселеу!

БАЙРАҒЫМ

Қашан да қалың ойдамын,
Қайдан келіп ем, қайдамын?…
Темірқазығым — төрімде,
Тектіден қалған байрағым.

Ойраттың көрдің ойранын,
Қалмақтың қақтың қайрағын.
Соғыстың сынап, сан түрін,
Орыстың шыдап, ойнағын.

Ұйыған ұлтым — айраным,
Қазағым қатық-қаймағым,
Құнарлы жердің құнаны ем,
Мұнайлы мекен-байға мұң.

Қайнамайды екен қай қаның,
Салмақ салып ойға мың.
Матасын қап қып мәңгүрттер,
Қолайсыз жерге қойғаның.

Көңілді елмен тойдамын,
Жер үсті жасыл-аймағым.
Көмірлі жердің астын да,
Қорпарған қыртыс қайламын.

Түндіктен танып байламын,
Жалғасып жатыр айға күн.
Үйсін, Дулат, Жалайыр,
Арғын, Керей, Найманың,
Адай, Әлім — үш жүзім,
Жатаққа жат жайлауың.

Айтулы жерде айламын,
Көрдің бе кектің қайнауын.
Рақымжан атаң ту тігіп,
Тоқтатқан батыс майданын.

Анамыз Зере, Айғаным…
Жанамыз жалын, жайдамын,
Жаратқан берген жұмақ — жер,
Жайнамаз етіп жайғамын.

Бөріден келіп сайдағы үн,
Бөгелмей беу деп сайрадым.
Ұранды менің ұлтым — ай!
Қыранды қырда байрағың.

Қайдан келіп ем, қайдамын?!
Сағынышыма сай маңым.

Тілекте — Темірқазығым!
Жүректе — өмір азығым ,
Білекте бекем байрағым.

 

КӨК ӨЛЕҢ

Көк өлең жазам қалайда

Көк тәңір пірі көненің.

Көгерткен ойын Абай да

Көкбайға тартқан өлеңін.

 

Көк түсте анау байрағым.

Күн асты қыран-көк дауыл.

Көктемде көркем  аймағым,

Көк бөрім салды көп дабыл.

 

Көк желкем көрген күректен

Көк еттер кетті сөгіліп.

Көк орай жастың жыр өпкен

Көк мұзда қаны төгіліп…

 

Көр тышқандарға талатса

Көгілдір аққу баласын.

Көк жиегімнен таң атса…

Көк түтін басар қаласын.

 

Көксеңгір шың да ластаған

Көк теңіз көмек сұрайды.

Көкқұтан әкеп тастаған

Көкбақа бала жылайды.

 

Көк тамырларым көрінді

Көмейге көк су көп құя.

Көк мәрмәр басса көрімді

Кебе ме мынау көк сия.

 

Көк көйлегімді кір басты.

Көк көрпең қашан жылиды.

Көк барқыт тағы түн жапты

Көк бөрім тағы ұлиды.

 

Көкнәрің қазір запыран.

Көкпарда — көңіл, көгім- кір.

Көгілдір анау экран

Кейіпкері де «көгілдір».

 

Көк өлең жазам осылай,

Көк тәңір пірі көненің

Көк мылжың деме досым-ай,

Сарғаймасын де өлеңім.

 

ЗООБАҚТАҒЫ МҰҢДАСУ

Кеше сенің бабаларың көк бөрі,

Көк түріктің киесі еді көп-көрім.

Азығы оның арқар еді аймүйіз.

Иесі оның тәңір еді көктегі.

 

Кеше сен де абадан ең, арлан ең.

Көк шуланнан бөлтірік боп қалған ең.

Көкжал болып көпке қиқу салған ең,

Көп мергенге мызғу бермес арман ең.

 

Кеше сенің мекенің ед қу далам.

Ұлуыңнан ұйыған ел шулаған.

Табын көрсең көзіңді қан талаған,

Тырп еткізбей тайды бассаң тулаған.

 

Бүгін сенің келешегің көмескі,

Тордағы түр – тоқал туған көк ешкі,

Көрмеп едің қорек етіп көк етті,

Қара қанден сырттан үріп қор етті.

 

Амал нешік, қазір ғаріп, тордасың,

Азық етіп атала мен жармасын.

Сенің жауың — әлі де адам айлакер,

Сенің кегің – қазір қақпан, қорғасын.

 

От бастың да ойран салған отармен,

Қоштастың ба қорған таулар, жотаңмен?

О, Көк бөрі!

Неткен ұқсас тағдырың

«Азаттық!» — деп түрмеде өлген атаммен.

 

ЖҰМАДАҒЫ ОЙ

Жұма бүгін, миымызға маза жоқ.

Жақсы жанның көбі кеткен қаза боп.

Соны ойласаң солқылдайды сезімің,

Жалынымен шарпып жанды азалы от.

 

Жұма бүгін, көз жұмулы, жұма екен.

Жұмыс орны бүгін менсіз, тұл етем.

Дұға орнына жыр оқимын жай ғана,

Жұматай бар, Тұрсын Жұмаш, Жұмекем…

 

Жұма бүгін, жанды неге кірлетем,

Бәрімізге баратұғын бір мекен.

Жұмағали Саин аға кеш бізді,

Жәләп жандар көшеңізде жүр мекен.

 

Жұма-жұма, алақаным қарысты,

Ойларымды жеткізсем деп бар ішкі.

Жұман байдың жайлауында тұрамыз,

Жұма сайын төлеп тиын-табысты.

 

Жұма бүгін, сол күн маған бөлекте,

Жаманхандай әкем кеткен елеске.

Жұманхан деп жазып қойған бір жылы,

Термен келген сол әскери билетке.

 

Жұма бүгін, миымызда маза жоқ.

Мешіт бос тұр, лапылдайды базар-от.

Қос күн боспын, қайда барсам…?

Е, қойшы,

Кім ол жаққа кетті дейсің таза боп.

 

ТРАНСПЛАНТАЦИЯ

Уа Алла!

Құбыжықты көп көреміз құлдардан.

Жаңылысып бара жатыр бұл жалған.

Ұлылық пен жылылықтан жұлынып,

Құздан төмен құлдырайды құнды арман.

 

Жуындыға тойып алған «жырынды»,

Жоқ оларда иман, ынсап бұрынғы.

Тілек біреу,  тірек сынып кетпесе..

Жүрек те жоқ!

Қан айдайтын құрылғы.

 

Паркте жүр парик киген пәтшағар,

Мәз болады мото мінген «атшабар»

Айырбастауға болады оған барлығын.

Ақша да бар, маска да бар, «каска» бар.

 

Суреттерден көрсеткендей қыр гүлін.

Пұшық қызға керек боп тұр бір мұрын…

Бағдарлама барлығына бас көз боп,

Тағдырда емес, таблода тірлігің.

 

Тілім, тілім таңдайыма жабысып,

Өзге тілде ой өзектен жарысып.

Бүйрегім  тұр хлор судан тас жиып,

Бауырым жүр у-арақпен алысып.

 

Орган қорған бола ала ма ұзаққа,

Ажал тағдыр іліндірсе тұзаққа.

Бүйрегімді бұрам жиі басқаға,

Бауырымды бере алмаймын бірақ та…

 

Өркениет көкке ұшырды-ау күлімді,

Иман іште, шығармаспын үнімді…

Өзге тілде сөйлеп жүрген бейбаққа,

Мен тегінге берейінші тілімді!

 

«Уа Алла кешіре гөр құлыңды!»

деп қана үнсіз жаза берем жырымды…

 

АЛТЫН АЙМАҚ

«Жата алмас ем, топырағыңда тебіренбей…»

Қасым Аманжолов

 

Сүйінші!

Дабыл қағылды…

Алтын адам табылды,

Ауылынан Қасымның!

Еркелемей енді елге,

Ерте кеткен жас ұлдың.

Пәтер таппай сенделген,

Пенделікке ашындым.

Тағзым етіп, мен де елмен,

Топырағына бас ұрдым,

Атырабына ақынның.

 

Айыбы жоқ сонда да,

Сорлы елге кешіккен.

Қайтсін енді сол қоғам,

Өжеттерге өшіккен.

Ақын дейсің ол да адам…

Алтын кисін ол да Адам!

Жанын тәңір бекіткен.

Соның бәрін олжалап,

Марқаямыз несіппен.

 

Кешір! Бізді Кент тауы…

Кешір, Қызыл сілемі,

Аққораңды ел біледі.

Кешір бізді Қызыларай,

Ақсораңды ел біледі.

Бұқашыққан сен де кеш,

Көшен тауы енді елес.

Керегегелес, кем де емес,

Темірші де ірі еді.

Тек тауларға деңгейлес

Ақындардың тілегі.

 

Табылғантын Есіктен,

Енді міне төріңде.

Ақын шыққан бесіктен,

Өршеленген өр үнде,

Бұлттар жүзген көшіп  кең,

Қарқаралы жерінде,

Кент тауының өрінде.

 

Кешір Тал мен Талды өзен,

Ақтайлақтан сөз басы.

Ауылды аңсап жол кезем,

Тектілігім тозбасын,

Қайда сол бір бал кезең…

Ақын жырын қозғасын,

Көңіл сырын көздеген.

Өлең — жанның жолдасы,

Өзен — жердің көз жасы,

Өзгешелеу өзгеден.

 

Дыңғырма тас, Қалақтас,

Қадіріңді кім ұққан…

Тебіренбей таң атпас,

Іштей өксік құмыққан.

Үштөбе мен Шатағаш,

Белдеутас пен Жолақтас,

Шыңылтырға шыныққан.

Мен кешірім сұраймын,

Майөзек пен Шұрықтан.

Мен кешірім сұраймын,

Сонау Қима құдықтан.

 

«Тасың болсам…»

Ол да елес.

Ұлын дала аңсай ма?!

Ақын болса той-кеңес,

Жанды жылу қоршайды, ә…

Көңілге ешкім қой демес,

Іздеп-іздеп шаршай ма?!

Алтын адам онда емес!

Алтын адам Кеңсайда,

Алтын адам Кеңсайда,

Марқұм ағам Кеңсайда,

Алтын іздеп қам жемес,

Алтыннан да қымбатсың

Ей, Туған жер сен сонда!!!

 

САҚ ТАНУ

ҚАС-САҚ осы,

Керей, Найман, сол Үйсін…

Заты өзгерген, атын солай жорисың.

Қағандарын қамалдары қорғаған,

Қауіптердің ерте сезген ол исін.

 

Солай міне, соғыс десе Сақ бабаң.

Қамалдарын амалдары сақтаған.

Қамданғанды қорғайтынын құдірет,

Жөргек кепсе, жүйрік мініп жаттаған.

 

Қазір өзге, көрер көзге күлкілі,

Банктермен жамалады жыртығы.

Шамасынша шарт жасайды ширағы,

Шарпымасын деп шайтанның қырсығы.

 

Ажал-ғайып, дерт жоғалмас долбармен,

Көлік жүрдек, болғанымен жолдар кең.

Дін ісінен сауап күтпес сабаздар,

Денесіне «сауыт» киер доллармен.

 

Сақтандыру ұйымына тұтынып,

Теңге бер де, тайраңдай бер құтырып.

Ал алайда, дәмің бітсе дәрмен жоқ,

Ажалыңнан кете алмассың құтылып.

 

Сонда дағы сан жолдарға ие тірлік,

Иман шартқа илана біл, бекін, күт!

Болмысыңа үрей кірсе, амалсыз…

Бронжелет бола алмайды кепілдік.

 

Қас-Сақ, Алаш,

Арғын, Адай, сол Үйсін…

Қашаңғы осы қара басты қорисың.

Тілің, ділің, дәстүріңе дерт бермес,

Тауып көрші «сақтандыру полисін».

 

КҮЛКІ

Мартбек Тоқмырзаға

 

Отырған бұтағын шабатындарға,

Мамықпен жаңғақ шағатындарға

Күлмеймін,

Кемтар жан-ау деп ол сондай.

 

Жаман кеудесі болатындарға,

Жақсы галстук тағатындарға

Күлермін,

Сиырға тоқым салғандай.

 

Саусағын санай алмайтындарға,

Бауырсағын ғана ойлайтындарға

Күлмеймін,

Топас жан-ау деп сормаңдай.

 

Жасандылыққа жарасу бар ма?!

Бетіне бояу жағатындарға

Күлермін,

Клоун көріп қалғандай.

 

Батырдың аңқау елпектігіне,

Ақынның мынау тентектігіне

Күлмеймін,

Бір кемдік болса болғандай.

 

Ақымақтың қандай ақындығына,

Қорқақтың сондай батырлығына

Күлермін,

Далбаса, дақпырт, далбаңбай.

 

ҚҰЛТЕМІР

«Ұйқастар жинақтап, өлең формасына түсіретін

жаңадан компьютерлік бағдарлама пайда

болыпты» келешектегі қияли газеттен

 

Өзектегі  өз несібем өлеңмен.

Лифтісіз үйге қайтып келем мен.

Тоқ жоқ бүгін, тамақ тағы тәбетсіз,

Телефонға теңгем де жоқ төленген.

 

Өмірде бұл, темірге құл түсінгем.

Ойларыңды компьютер пісірген.

Аялдама алты сағат тұрмын-ау,

Алпыс қадам жерге бару үшін мен.

 

Жаңалықпен жалқаулықта бар АДАМ!

Сингапурға сөйлеседі нар-ағам.

Қаладағы баласынан хабар жоқ,

Малшыларға мүсіркеумен қараған.

 

Оларды да артта қалған «есек» деп.

Домбырасыз дискілермен кеш өтпек,

Он саусақпен шешетұғын шаруаны,

Машинкамен мәз боламыз есептеп.

 

Рок-поппен уланғандар ойы нақ,

Тоқтан шыққан балапанға тойып-ап.

Таң қалмайсың қолдан ұрықтанғанның,

Жатса егер шілдехана тойы боп.

 

Өзектегі өз несібем өлеңмен,

Лифтімен көтеріліп келем мен.

Интернеттен мына ақпарат не дейді?!

Ит ермекпен өлем бе…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *