Русланның жыр әлемі

…Руслан ақынның өлең әлеміне үңілсек, поэзия табалдырығын аттағаннан бастап, бүгінгі кемеліне келген шығармашылық өміріне дейін не жырласа да, өз үнімен, өз қолтаңбасымен қаламын сөйлетуге ұмтылған ізденгіш таланттың ізін көреміз.

Жалынды ақын сөз өнерін айрықша қастерлеп, әр сөздің астарынан әдемі әсер мен терең ой таба біледі. Оның «Әріп пен ұғым» өлеңінде қазақтың әрбір қасиетті сөзі ғажайып ұғымға ие болып, сөйлей жөнеледі.

Көз алдымда зымырайды елік-күн,

Елік-күнге мен қалайша еріппін?!

ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,

ӨМІР деген төрт әріпке еніппін.

 

Содан бері бұлдырайды сағым-күн,

Сағым күнде сабылу мен жаным жүр.

АНА деген үш әріпке жаутаңдап,

БАЛА деген төрт әріпті жамылдым, – деп басталған өлеңде ӘКЕ – ДАЛА кеңдігінің символы болса, лирикалық кейіпкер АРУ-ды арман деп, СҰЛУ-ға сүйсінеді, кей кезде ДОС ТУЫС-тан да жоғары болатыны, Жыр-ға ғашық жүрек АҚЫН-дыққа бас иіп өтетіні, сол өнерге іңкәр көңіл үшін ЖЕР бетінде ӨЛЕҢ-нен артық қасиет жоқтығы – біз білетін, білсек те, айта алмаған, Руслан ақын тауып айтқан тегеурінді ойлар.

…Ғажап шақтың өтеріне ой салмай,

Ой сала алмай, тентектіктен тайсалмай

АҒА деген үш әріпке жетіппіз

АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай.

Өлең осылайша салмақты оймен, әдемі түйінмен аяқталады. Өлеңнің өнбойында қастерлі ұғымдар жаңа реңкке ие болып, тың әсерге ие болады. Теңдіктің, ізгіліктің, тектіліктің, сұлулықтың, өлмейтін өнердің тұңғиық сырларына бойлағыңыз келеді.

Ақын қарапайым пенденің қабылдауына жазбаған бояуларды көреді, дыбыстарды естиді, құбылыстарды әлдебір түйсікпен сезеді. Сондықтан да оны Алла ерекше жаратқанына иланасыз. Дәлел – оның жүрегінен төгілген қасиетті сөз.

«Тық-тық тірлік» өлеңі – тірліктің тамыр соғысын тыңдаған, тылсым құбылыстардың сырын түйсінген сезімтал ақын жүректің жемісі.

Іздейтін кезде жаным махаббат,

Мұңлы ойдан кетем құтылып.

Жүйкемді жеді-ау қабырға сағат

Тынымсыз осы тықылы.

 

Көшеге шықсам тым аппақ өңді,

Бір жан жүр билеп бөксесі.

Тықылы тағы құлаққа келді,

Тасжолға тиіп өкшесі, – деген жолдар да тіршіліктің қалыпты динамикасы өмір философиясының тіні болып көрінеді. Аз сөзге терең мағына сыйып тұр.

…Шегі жоқ ойлар шырмалып ақыр

Кірсем де сонау жасыл бақ.

Тірлігі үшін тырбанып жатыр,

Теректі тесіп тоқылдақ.

 

Жанымды мұңнан аршып алып бір

Көктемнен келген жыр күттім.

Тықылдап жерге тамшы тамып тұр,

Тамырын соғып тірліктің.

 

Үтірсіз уақыт, үркемін анық,

Тық-тықтан мынау жалықтым.

Бөлмемде жатсам бүркеніп алып,

Сол үнмен кеудем қағып тұр…

Тіршілік тынысын, өмір ағысын жанд үниесімен түйсінген ақын жүрегінің дүрсілін естігендей боласыз. Әр құбылыстан үлкен ой түйетін тегеурінді таланттың «Темір – Ғе» өлеңінде осы «темір» сөзінен туындайтын терең мән-мағына алуан қырынан жарқырай ашылады.

Периодтық тақтаны әлем біліп,

Химиядан кетіп ем дәмем құрып.

Менделеев марқасқаң білді ме екен

Болатынын темірге тәуелділік.

 

…темір қақпа ашпады ұрғыладым,

Темір шүмек бұрасаң тұр бұлағың

Ыржиады нән аға теміртісті

Темір торда қаншама құрбыларым, – деген шумақтардан заман тынысы, қоғамның ащы шындығы ақын жанынан тыс өмір сүрмейтінін айқын сезінесіз. Осындай ойларды өрбіте келе темір шынжырдың қолға да, аяққа да емес «сұп-суық боп санаға түсіп кеткендігін» ашына жырлайды.

Руслан Нұрбай поэзиясы – аз сөзден үлкен мағына тудыратын тауып айтатын, қазып айтатын өршіл пафос пен жырланатын, азаматтық позициясынан танбайтын отты поэзия.

Қайрат АСҚАР

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *