Қарағанды облысында 1 тамызда «Сұңқар» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы басталады. Ол ителгілер ұя салатын жерлерге қоныстануы кезінде браконьерлерді анықтау және жолын кесу үшін ойластырылған. Қызыл кітаптық құстардың ықтимал трафигі бойынша жол тосқауылдары орнатылады.
Жыл сайынғы акцияға «Охотзоопром» инспекторлары, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысады.
– Акция 1 тамыздан 31 қазанға дейін жалғасады. Құрылым қызметкерлерінен басқа, оған 11 инспектор мен «Охотзоопромның» екі жүргізушісі, жол талғамайтын төрт автомобиль, екі КамАЗ КУНГ қатысады. Инспекторлардың қызметтік қаруы, оқ өтпейтін жилеттері, кісендері, планшеттері, бейнежетондары және басқа да жабдықтары бар, – деді «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалы басшысының орынбасары Шындос Омаров Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте.
Ителгілерді заңсыз аулағандар бірден екі бап бойынша – ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ең жеңіл жаза заң бұзушыларға 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін, ең ауыры мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір сұңқар-ителгі үшін айыппұл 700 АЕК немесе 2 415 000 теңгені құрайды.
– Сұңқар-ителгілер Қазақстанның Қызыл кітабына, халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына, CITES 2-қосымшасына енгізілген, сондықтан ителгілер мен олардың жұмыртқа, қауырсын түріндегі өнімдерін шекара арқылы асыру тек қана Қазақстандағы CITES Әкімшілік органының рұқсаты арқылы мүмкін болады, – дейді Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев.
Жыл сайын көктемде аймақтағы ителгі-сұңқарларының санын көбейту үшін оларды табиғи аймақтарға босатады. Биыл 63 құс шығарылады.