Салтанат ТЕМІРХАНОВА: «СЫЙЛАСАМ БА ӘСЕМ КӨЙЛЕК ӨЛЕҢНЕН»

Темірханова Салтанат Құдайбергенқызы 1972 жылы 27 қаңтарда Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Киікті ауылында дүниеге келген. 15 бала тәрбиелеп өсірген үлкен отбасының, яғни 11 қыз 4 ұлды өмірге алып келген алтын құрсақты ананың тоғызыншы перзенті. Алғаш мектеп табалдырығын 1979 жылы Киік орта мектебіне барып бастаған. Ата-анасы «Босаға» совхозында бірнеше жыл шопан болған. Сол себепті, 1984 жылы Босаға ауылына көшулеріне байланысты мектеп ауыстырып, 1989 жылы Босаға орта мектебін тәмамдаған. 1990 жылы Қарағанды қаласындағы №19 ПТУ-ға түсіп, 1991 жылы сол оқу орнын тігінші мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Мектеп жасынан кітапқұмар болғанымен, өлеңге деген қызығушылығы осы жылдары байқалған. Алғашқы тырнақалды өлеңдері, яғни, балауса жырлары 1993-94 жылдары аудандық «Ақадыр таңы» газетінде жарық көрген.

1995 жылы отбасылық өмірге аяқ басып, бүгінде Алланың берген 2 ұл, 2 қызын тәрбиелеп отырған асыл ана, 2 немереге абзал әже.

 

Өмір мәні

Өмірге біздер адамдар,

Қонақ боп қана келгенбіз.

Өлшеулі ғана шамаң бар,

Болса да қанша теңгеңіз.

 

Алмайсың ғұмыр сандығын,

Өлшетіп, сатып мөлшермен.

Әркімнің жеке тағдыры,

Туылған сәтте-ақ өлшенген.

 

Қанша өмір берсе Жаратқан,

Қанағат соны сүресің.

Жазғанын көріп парақтан,

Жылайсың, бірде күлесің.

 

Әркімге, шіркін, қандай сыр,

Пешенесіне жазылған.

Асып та кете алмайсың,

Бір Алла жазған жазудан.

 

Ауғанда арға аңсарың,

Тірлікке қатал шыдарсың.

Қадірін біліп баршаның,

Өмірдің мәнін ұғарсың.

 

Заңы да оның тым қатал,

Керек-ақ үнсіз бағыну.

Өмірдің мәні – сыйласу,

Қоштасу, қимау, сағыну…

 

Көңіл қымбат

Өте шығар мына өмір қас-қағымда,

Көңіл қымбат бір сыр бар астарында.

Ұрыс-керіс, дау-жанжал бәрі өтеді,

Пенделікпен адамның жас шағында.

 

Еншімізден көптеген күндерді ұрлап,

Желдей есіп өтуде өмір зырлап.

Жоғалтпайық адамдық қасиетті,

Бұл өмірде бәрінен көңіл қымбат.

 

Өмір қымбат, адамға өмір қымбат!

Дархан пейіл, даладай сенім қымбат!

Және алмайық шығарып есімізден,

Көңіл қымбат екенін, көңіл қымбат!

 

Өмір-мектеп

Қайта қарап шықсам да алғыр оймен,

Өмір-кітап бетінің парақтарын.

Неге сонша өтіп жүр жанды жеумен,

Ақ сәулелі ағарған әр ақ таңым!

 

Таң алдында кей кезде шабыттанып,

Жауһар жырды өмірге ап келемін.

Өлең-сәби туғанда жарық тауып,

Сол емес пе ақынға «бақ» дегенің.

 

Мен қалайша тірлікке алмастырам,

Құп қылған дәрістерді Жаратқаным!

Онан әрі алаңсыз жалғастырам,

Өмір-мектеп, шіркіннің, сабақтарын.

 

Жүрек сыры

Өмірді аңғарып ем,

Жазылған маңдайыма.

Өзіндік бал дәмімен,

Татыған таңдайыма.

 

Ащылы-тұщылы өмір,

Беріпті маған Аллам.

«Шүкір» деп ұшты көңіл,

Жанды емдеп жараланған.

 

Құдай сый, ажар берген,

Бармақтай бақ басыма.

Жауһар жыр жазар деумен,

Өмірдің тақтасына.

 

Дәм-тұзым таусылғанда,

Кетермін менде өмірден.

Тек сонда жырым қалар,

Өшпейтін күй-көңілден.

 

Жүректің сырын жазам,

Ойыма оралғанда.

Бір ғажап күй кешемін,

Бөленіп ой-арманға.

 

Ұмытып, тербелемін –

Жүректің жан жарасын.

Жыр жазып емделемін,

Басқа амал қалмағасын…

 

Қамшы-ғұмыр

Керегі қанша адамға,

Алтын мен қымбат жақұттың.

Қадірін білсек, одан да,

Алтындай ғана уақыттың…

 

Тым қысқа өмір – санаулы үн,

Сабындай ғана қамшының.

Өмірі қымбат адамның,

Ащы дәм, бәлкім, бал, шырын!

 

Бабын табайық тілдесіп,

Дос-құрбы, туыс-туғанның.

Жүрмейміз мәңгі күн кешіп,

Ішінде сауық-думанның.

 

Таласпас жерде таласу –

Көңілдің дерті саналған.

Болса да өкпе, көп ашу,

Шығарып таста санаңнан.

 

Өкпеге бүгін қиғанмен,

Өлімге ертең қимайсың.

Адам боп келсең ғұмырға,

Адамша бәрін сыйлайсың.

 

Жоғалтып «шаттық» ұғымды,

Өкініп, ертең қалмайық.

Онсыз да қысқа ғұмырды,

Үзбейік, қайта жалғайық.

 

Өмірді сүю – бір бақыт!

Алғанмен кейде шынымен,

Бағыңды қанша ұрлатып.

Қуаныш, қайғы-мұңымен

Өмірді сүю – бір бақыт!

 

Жас тамса мөлдір көзіңнен,

Кетесің ойға шын батып.

Шынайы таза сезіммен,

Өмірді сүю – бір бақыт!

 

Мына өмір кейде тұрса да,

Анамдай маған тіл қатып.

Қатыгез тағдыр қылса да,

Өмірді сүю – бір бақыт.

 

Күзгі сәт

Бүгін неге күздің күні сүреңсіз?

Киініпті ескі жейде бір өңсіз.

Сыйласам ба әсем көйлек өлеңнен,

Табиғатқа болып тұрған реңсіз.

 

Неге сонша тұнжырайды күзгі аспан?

Арудайын көңіл-күйін мұң басқан.

Тым болмаса түні жарық болса екен,

Ай жанында жұлдыздары ымдасқан.

 

Жырдан шашу шашқанында түнгі аспан,

Сәттерім көп өлеңменен сырласқан.

Шабыттанып, сол кездерде аламын,

Көңілімнің кірін жуып мұң басқан.

 

Тіршілік

Кездерім көп отыратын күрсініп,

Дем де жетпей қалатындай тұншығып.

Сонда да алға қадам басам құлшынып,

Себебі, мен сені сүйемін, ТІРШІЛІК!

 

Көңіл-көктем жадыраса бүр шығып,

Сүйеу болар, тіреу болар бір шыбық.

Өмір кейде қырын қарап тұрса да,

Бәрібір де, сені сүйемін, ТІРШІЛІК!

 

Сабағынан қалса үзіліп, гүл сынып,

Мұң емес ол, мұңданарлық күншілік.

Тоқтатпаймын, өмір, сені сүюді,

Қаласа Алла, жалғасады, ТІРШІЛІК!

 

Өмір, сені сүйемін!

Өмірге келдім, іңгәлап жылап, жар сала,

Қақаған қыстың аязды күні болса да.

Жазылды сол күн маңдайға барлық тағдырым,

Көңілім оған толмасадағы, толса да.

 

Осынша уақыт ауаңды жұттым тамсанып,

Қуанған сәтте «сүйінші» дедім жар салып.

Шығарып салып бір күннен кейін бір күнді,

Үмітпен жүрдім әр таңды ылғи қарсы алып.

 

Білінбей мүлде уақыттың зырғып өткені,

Кетіпті өтіп елу бір жылдың көктемі.

Аз ғана уақыт қуантып мені сол жылда,

Неліктен, өмір, жылаттың екен көп мені?!

 

Емеспін бірақ, ол үшін саған өкпелі,

Уақыт қой бәрі кететін өтіп өтпелі.

Сынағы болар деп білем мұны Алланың,

Сынына бекер алмаған шығар тек мені.

 

Тұрса да үнемі жас тұнып менің көзімде,

Жүрегім толы сағыныш деген сезімге.

Құдайдың өзі болды екен қандай сезімде,

Ақынның жанын жаратып жатқан кезінде…

 

Сүйеді ақын өмірді іңкәр жүрекпен,

Әр сөзі оның тұрады адал ниеттен.

Сүйемін мен де мендегі ғашық жүрекпен,

Өмірді мынау тағдырым маған сый еткен.

 

Білгенге жылап өмірге келу – бір бақыт,

Отбасың болса, ол енді сөзсіз – шын бақыт.

Жаратқан Ием, өзіңе шексіз ризамын,

Қойғаның үшін жанымды менің жырлатып.

 

Өзің деп шығар көмейімдегі бар ізгі үн,

Өкпем жоқ, өмір, тақпаймын саған арыз-мұң.

Жүргенім үшін төсіңде сенің күн кешіп,

Ұлы өмір,

сенің алдыңда мәңгі қарызбын.

 

Жұмбақ әлем

Жанымды шын емдеп алдым мен,

Жабыққан сәтте жыр жазып.

Қорек қып жүрген жанмын мен,

Жаныма марғау мұңды азық.

 

Іште тулаған сезімді,

Өзімнен өзге жан ұқпай…

Сезінем кейде өзімді,

Жағада қалған балықтай.

 

Ақындық деген – мұң-керуен,

Өнердің ауыр жолы екен.

Дегенмен, менің жыр-кеудем,

Сезімге ғазал толы екен.

 

Ақынның жайын келсе ұққың,

Әлемге жұмбақ кіріп көр.

Мен жайлы ғайбат айтқандар,

Мен болып өмір сүріп көр!

 

Деп ойла…

Сағынғаны деп ойлашы өзіңді,

Күнде кешке сөз етіп бір еске алсам.

Сылтау етіп жоқты-барды, сезімді,

Арғы ауылға күніге мен бес барсам.

 

Алып барсам, қырдың әсем гүлдерін,

Гүлден алқа таққаны ғой деп ойла.

Көзден ұқсаң, сағыныштың сыр лебін,

Мұң ұялап жатқаны ғой деп ойла.

 

Жылап тұрсам, қабіріңнің басында,

Менің саған шағынғаным деп ойла.

Кете алмасам ұзақ уақыт расында,

Сені қатты сағынғаным деп ойла.

 

Жүрегімде көктем жүр…

Самалы ескен сәуірде,

Көңіліме еккен гүл.

Ғашық қылған бәрін де,

Жүрегімде көктем жүр…

 

Ақтарылмақ сыр сезім,

Айтылмаған көптен бір.

Ғашықтығын жасырып,

Жүрегімде көктем жүр…

 

Әмірге еш бағынбай,

Көмейінен төккен жыр.

Бұйырмаған бақ болып,

Жүрегімде көктем жүр…

 

Арыз жазып қалдырар,

Өмірге емес өкпем бұл.

Ғашық болған алайда,

Жүрегімде көктем жүр…

 

Өкпесіз өмір

Жабырқап жанарымда жылапты өлең,

Санамда тұратұғын сұрақпенен.

Өмір мені қанша рет сынға алса да,

Тәлкегіне тағдырдың шыдап келем.

 

Өкпе артпаймын мен бірақ тағдырыма,

Шүкір деймін бәріне, барлығына!

Тыңдаймын жүрегімнің жалғыз үнін,

Өмірдің мойынсұнбай зар-мұңына.

Бір өлең

Қиялдың мініп қанатын,

Қой кезек күнде бағатын.

Қойшының қара қызы едім,

Тезекпен отын жағатын.

 

Жаз жайлау, қыс қыстаққа,

Көшумен ылғи жүретін.

Қиуын күйбең тірліктің,

Өмірдің мәнін білетін.

 

Он бір қыз, төрт ұл өсірген,

Сақтаған ауыз бірлігін.

Сол күндер кетпес есімнен,

Сағындым ауыл тірлігін.

 

Тапқандай бақыт базарын,

Бұратын бізге назарын.

Ата-анам жайлы бұл күні,

Сағыныш жырын жазамын.

 

Қолдағы барға қанағат,

Қылуды бізге үйреткен.

Көрмедім Анам озғалы,

Мейірім дейтін сый көптен.

 

Мақтанып Әкем айтатын,

«Бір арба қыз» деп барлығын.

Ата-анам барда кең дүние,

Сияқты маған тар бүгін.

 

– Тербеттік тал бесікте,

Жамандық дейтін есітпе.

Баласы жаман дегізіп,

Кіргізбе деуші еді тесікке.

 

Болған соң қызы он шақты,

Бұрымды сұлу, моншақты.

Өлеңге қосты бір қызы,

Бақытқа толы сол шақты.

 

Тәрбиесімен мен өстім,

Ата-анам – асыл қазынам!

Әттең-ай сазгер емеспін,

Қояр ем керім жазып ән.

 

Алмадым ақтай барында,

Еңбегін ата-анамның.

Тұрады осы ой жадымда,

Үнемі терең санамның.

 

Ата-анам – Жәннат бағым деп,

Қадірін айтып бағаңның.

Бір өлең жазып қойсам ғой,

Жеті тілінде ғаламның…

 

Қойлы ауыл

Таң бозынан ашылып,

Киіз үйдің түңлігі.

Таң сәріден басталар,

Қойлы ауылдың тірлігі.

 

Тек еңбекпен өтетін,

Сол шақтарымыз үлгілі.

Бақыт та бізге жететін,

Жетіспей жатқан бұл күні.

 

Әкем қойшы болған соң,

Әр істің білдім ыңғайын.

Солай тәлім алған соң,

Еске алып, шіркін, жырлайын.

 

Қара сөздің қаймағын,

Қалқып алайын, бұзбайын.

Шықса да қандай шаруа,

Тұратын едік біз дайын.

 

Болатын-ды біздерде,

Белгілі күннің тәртібі.

Кезектесіп қой бақтық,

Әрқайсымыз әр күні.

 

Көмекті де қылушы ек,

Жабылып түйіп мәнтіні.

Ұйқыны қимай жүруші ек,

Жек көріп таңғы алтыны.

 

Алакөбеден әкеміз,

Өріске малын айдайтын.

Жылқысын айдап көкеміз,

Желіге құлын байлайтын.

 

Таңғы асын бізге бермекке,

Анамның жүзі жайнайтын.

Самаурыны сақылдап,

Балқаймағы қайнайтын.

 

«Үйреніңдер жақсыдан,

Жиреніңдер жаманнан».

Деген сөзді біз жиі,

Естіп өстік анамнан.

 

Ірімшік жасап, құрт жайып,

Пісіріп ыстық таба нан.

Дастарханынан анамның.

Үзілмеуші еді ағарған.

 

Ортасында өстік біз,

Қыруар, қаурыт тірліктің.

Үйдегі анам екен-ау,

Ұйытқысы бірліктің.

 

Шешемдей бізге тәрбие,

Бере алмас өзге кіл мықтың.

Сүр естелікке осындай,

Керегі болмас тұздықтың.

 

Анама

Баласын қашан да Ана мәпелеген,

Асқар тау баласы үшін Әке деген.

Сыйлаған маған өмір сіздер үшін,

Өмірге жыр-сәбиді әкелер ем.

 

Анама жыр арнаймын мен әуелі,

Алманың ағашындай ол мәуелі.

Анадан өсіп, өніп, өрбігесін,

Тұрады «Ана жолы» ең әуелі,

 

Анашым – мақтанышым өзің менің,

Болмасын еш уақытта көзіңде мұң.

Сен төзген біздер үшін қиындыққа,

Мен де енді Ана болып төзудемін.

 

Төрт бөліп, тыныш ұйқы сезінбедің,

Білмеймін қанша түндер көз ілмедің.

Білгенім: ардақтым да, аяулым да,

Анашым, асылымсың өзің менің!

 

Әкеме

Сексеннің сеңгірінен асты Әкем деп,

Қуанып, шын жүректен шаттанамын.

Сен кімге қандай болып көрінсең де,

Сенші, Әке, мен өзіңмен мақтанамын!

 

Біз едік балаларың, баптағаның,

Өмірге тәрбиелеп мәпелеген.

Несіне «Фариза қыз» атанамын,

Бір ауыз арнамасам Әкеме өлең.

 

Әкетай, баладайсыз қасымызда,

Қосылып жатса да жас жасыңызға.

Көңілім күрең күзге айналады,

Қарасам әр тал аппақ шашыңызға…