Саран қаласы – республикаға үлгі. Облыс әкімдігі моноқалаларды дамыту тәжірибесімен республикалық семинар-кеңесте бөлісті. Бұл жиын Премьер-министрдің тапсырмасына орай өтті. Алқалы басқосуға еліміздің барлық аймағынан 20 әкім, бірқатар мемлекеттік органдардың вице-министрлері қатысты.
Саран кейсіне республикада қызығушылық жоғары. Бүгінде Саран индустриялық аймақтың құрылуы арқасында моноқалалар қатарынан шықты. Және қазір қаланың өнеркәсіптік қуаты сенімді түрде артып келеді.
Осы уақытқа дейін қалада салынған жаңа зауыттар арқасында екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта бұлардың саны көбейе түспек. Мәселен, жаңа кәсіпорындардың ашылуы нәтижесінде 3,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Бұл индустриялық аймақ қаланың да гүлденуіне жол ашып отыр. Барлық инфрақұрылым жаңарып, тұрғын үйлер тұрғызылып жатыр.
Семинар-кеңеске қатысушылар өңірдің тәжірибесіне зор қызығушылық танытты. Олар моноқалаларды тұрақты дамыту арналған жол картасын түзу жолдарын қарастырып, табыспен жүзеге асқан шетелдік кейстерді де талқылады. Сондай-ақ жиынға келушілер ел Президентінің моноқалалар экономикасын әртараптандыру, барлық салаларға цифрландыруды енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесін пысықтады.
– Мемлекет басшысы тың тәсілдерді іздеу және моноқалаларда жаңа салаларды дамыту міндетін қойды. Үкіметтің қолдауымен Саран индустриалды аймағы құрылды. Бұл қала экономикасын әртараптандыруға септігін тигізді. Бүгінде Саран моноқала емес. Шаһар Қарағандының халық саны күн санап өсіп келе жатқан, тұрғын үйге сұранысы ұлғайған, заманауи инфрақұрылымы, жаңа әлеуметтік энергиясы бар өнеркәсіптік серіктесіне айналды, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысы – урбанизация деңгейі өте жоғары аймақтардың бірі. Және өңірде моноқалаларды дамыту өзекті. Облыста осындай төрт моно қала бар. Бұлар – Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқаш қалалары. Аталған мекендерде 340 мыңға жуық адам немесе өңір халқының үштен бірі тұрады. Ал бұл қалалардың үлесіне облыстың өнеркәсіп өндірісінің жартысына жуығы тиесілі.
Жиында Ермағанбет Бөлекпаев бірнеше негізгі бағыттарды атап көрсетті. Оның ішінде Қарағанды агломерациясы, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және Балқаш маңындағы туризмді өркендету міндеті қойылды.
Өз кезегінде Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр 90-шы жылдардағы тоқыраудан бастап, қазіргі экономикалық табыстарға дейінгі даму жолына шолу жасады. Қала әкімінің айтуынша, қаладағы өнеркәсіп көлемі 2019 жылдан 2024 жылға дейін 5,6 есеге өсті. Ал өңдеу секторының үлесі 92 пайызға жетті.
Ірі өндірістердің іске қосылуының арқасында шағын және орта бизнестің дамып келеді. Соның нәтижесінде бюджетке салық түсімдері үш есе ұлғайды.
Жұмыспен қамту көрсеткіші өсті. Қазір жергілікті тұрғындармен қатар, басқа өңірлерден жұмыс іздеп келетіндер көбейді. Сондықтан баспанаға сұраныс артты. Қазір қалада бос үй жоқ. Иесіз қалған 22 көпқабатты үй бюджет қаражатына да, жеке инвестициялар есебінен де қалпына келтірілді.
2023 жылдың қарашасында Саран моноқалалар тізімінен шығарылды. Бұл жайға формальды көрсеткіш емес. Бұл біздің қаламыздың тұрақты дамып келе жатқанын және ең бастысы – әлеуеті артқанын мойындау. Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 208 млрд теңгені құрап, шамамен 4 пайызға өседі деп күтіп отырмыз. Осы мақсатта 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Яғни қаланың табысы өседі. Ал бюджетке түскен қосымша қаражатты инфрақұрылымды, тұрғын үй жағдайын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттаймыз, – деді Дарын Бұлқайыр.
Жалпы, моноқалаларды анықтауда белгілі бір өлшемдер қолданылады. Әдетте, қала экономикасының қала құраушы кәсіпорынға тәуелділігі 20 пайыздан асса, моноқала санатына енгізіледі. Яғни барлық өнеркәсіптік өндіріс көлемнің 20 пайыздан астамы бір кәсіпорынға тиесілі болса және қала халқының 20 пайыздан астамы сол жерде еңбек етсе, моноқала ретінде тізімге кіреді. Дегенмен Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметовтің айтуынша, қазір моноқалалар саны азайып келеді.
Бұрын елде 27 моноқала болса, қазір 20-сы бар. Саран – сол тізімнен шыққандардың бірі. Себебі экономикасы әртараптандырылды. Бұл көптеген ірі өндірістердің, түрлі бағыттардың арқасында әлемдік бағалардың құбылмалылығына тәуелділік жойылды. Қазір моноқалаларда ортақ бірнеше проблема бар. Олар – инфрақұрылымды дамыту қажеттігі және экономиканың шикізат өндірісіне тәуелділігі. Біз өз алаңын ұсынып, тәжірибесімен бөліскені үшін Қарағанды облысының басшылығына алғыс айтамыз. Оыс жерде моноқалаларға талдау жасап, трансформациялау шараларын ұсынып отырмыз, – деді Қайсар Нығметов.
Сонымен қатар биыл ақпан айында Үкімет Қарағанды агломерациясын дамыту бойынша кешенді жоспар бекіткен еді. Жоспар шеңберінде алдағы бес жылда өңірдегі өңдеу өнеркәсібінде кемінде 15 жаңа өндірісті іске қосу көзделген. Бұл кәсіпорындарда 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, халықтың әл-ауқаты арта түспек. Осы жерде облыс әкімі агломерациялық тәсілдің артықшылықтары туралы айтып берді.
Біз не үшін Қарағанды агломерациясын дамыту жоспарын құрдық? Дамыту жоспарын құруға ғылымды, біздің жетекші университеттерімізді қостық. Олар бәрін ғылыми негіздеді. Қазір барлық даму жоспарлары агломерацияны ескере отырып жасалған. Біріншісі – серіктес қалаларды Қарағандымен байланыстыратын қоғамдық көліктің бірыңғай жүйесі. Қазір оны модельдеп жатырмыз. Жолаушылар тасымалында бірыңғай тариф жұмыс істейді. Күнделікті еңбек көші-қонын ескере отырып, электронды билет жүйесі енгізілді. Бизнес үшін логистика ыңғайлы болуы үшін жұмыстар жасалуда. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелер, тұрғын үй де назарда шығарылған жоқ, – деді аймақ басшысы.
Өз сөзінде аймақ басшысы металлургиялық кластерді дамыту қолға алынған Теміртауды мысалға алды. Қазір қалада жүзеге асатын жобалар пулы құрылды. Шағын және орта бизнесті өркендетуге мемлекеттік қолдау көзделген. Оның үстіне зәкірлік жобаларға және шағын өнеркәсіптік аймақтар құруға баса назар аударылып отыр. Әрине, кәсіпорындарға білікті жұмыс күші қажет. Кадр мәселесі де назардан сырт қалған емес. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға көп көңіл бөлінбек.
Сондай-ақ жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун қаланы басқарудағы ақылды технологиялар мен сандық шешімдерді таныстырды. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, осы күнге дейін ел өңірлерінде 14 Smart City жобасы іске қосылды.
Бұдан бөлек, отырыста халықаралық сарапшылар да пікірлерін білдірді. Ал семинар-кеңестен кейін қатысушылар Сарандағы бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты.
Манас АҚСАРЫ