Саран шиналары отандық көліктерге салынады

Сарандағы шина зауыты өнімнің алғашқы партиясын Қостанайдағы Allur автомобиль зауытына жөнелтті. Бұл партияда 900 шина бар. Енді R16 үлгісіндегі Attar шиналары қазақстандық автоөндірісте қолданылатын болады.

Шина зауыты «Татнефть» компаниялар тобының «Шина бизнесі» атты бизнес бағыты аясында салынды. «Татнефть» бұдан бөлек Ресейдің Всеволожск қаласында Ikon Tyres шина зауыты мен Өзбекстанның Ангрен қаласында Birinchi Rezinotehnika Zavodi резеңке зауыты іске қосып отыр. Аталған үш зауытта шина индустриясындағы үздік әлемдік тәжірибеге сай өнім өндірілуде.

Зауыт құрылысы 2021 жылы басталды. Қазір зауыт жұмысын «Татнефть» пен «Аллюр Авто» компаниялар тобы бірлескен кәсіпорын арқылы басқарып отыр.

Зауыт жеңіл автокөліктерге, жол талғамайтын және коммерциялық көліктерге, сондай-ақ жүк көлігіне арналған шиналар шығарады. Бүгінде бұл кәсіпорын елде шина шығаратын жалғыз заманауи автоматтандырылған кәсіпорын болып отыр. Әр шинаның сапасы міндетті түрде екі кезеңде тексеріледі. Яғни қызметкер шинаны көзбен шолып шығады, содан кейін автоматтандырылған техника арқылы тексереді. Тексерістен өтпеген шиналар туралып, қайта кәдеге жаратуға жіберіледі.

Кәсіпорын аумағы – 106 мың шаршы метр. Бұл 15 футбол алаңына тең дейді мамандар. Зауытта Еуропа, Қытай, Жапония елдерінің жоғары технологиялық автоматтандырылған жабдықтары орнатылған. Кәсіпорын сериялық өндіріске биыл маусым айында кірісті.

Зауыт толық өндірістік қуатын еңсерген кезде жеңіл автокөліктер мен жол талғамайтын көліктерге – 3 млн, жүк көліктеріне арналған 500 мың шина шығарады. Attar брендіндегі бұл шиналар ішкі нарықпен қатар экспортқа да жөнелтіледі. Мысалы шілдеде шиналар Ресейге экспортталды.

– 16 қыркүйектен бастап зауыттың өнімдері Қазақстанның автомобиль зауыттарына бастапқы комплектация үшін жеткізіле бастады. Бұл Attar шиналарының жоғары өнімділігін және олардың танылуын көрсететін маңызды оқиға. Мұндай қадам өнімнің сапасына деген сенімділікті көрсетеді және және өндірісті дамытуда зауыт үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады. Бастапқы комплектацияның жеткізілуі Қазақстан автоөнеркәсібінің импортқа тәуелділігін азайтады және өндірісті ауқымды етуге мүмкіндік береді, – дейді зауыттың бас директоры Радий Бурганов.

Зауытта барлық жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Барлық цикл іске қосылған соң резеңке қоспаларды, компоненттерді дайындау, шиналарды жинау, вулканизация және дайын өнімнің сапасын бақылау жұмыстары адам күшінің қатысуынсыз атқарылады.

Жаңадан мыңдаған жұмыс орны ашылады. Мәселен зауыт толық қарқынмен жұмысқа кіріскенде 1 100-ден астам адам жұмысқа орналасады. Қазір мұндағы мамандар толық дайындық шараларынан өтті. Ол үшін кадрлар Ресейдегі шиналық зауыттарда іссапарларда болып, біліктілікті арттыру курстарына қатысты.

Жаңа зауыт осы уақытқа дейін моноқала ретінде аталып келген Саран қаласының дамуына оң серпін береді. Сондай-ақ бұл жерде тек Саран қаласының ғана емес, облыстағы бірнеше елдімекеннің тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Осы орайда кәсіпорынға қызметкерлерді жеткізу жүйесі ұйымдастырылды. Яғни Саран, Қарағанды, Шахтинск, Шахан, Абай, Топар және Теміртаудан арнайы автобустар қатынайды. Бұдан бөлек кәсіпорында Ресейден келген қызметкерлер жұмыс істейді. Олар «Татнефть» компаниясының кәсіпорындарынан келіп отыр.

Компания экологиялық мәселелерге де жауапкершілікпен қарайды. Зауытты дамытуда экологиялық және өнеркәсiптiк қауiпсiздiкті қамтамасыз етуге баса мән берілуде. Яғни белгіленген талаптарды орындау арқылы өндiрiстiк және технологиялық процестердің қоршаған ортаға әсерiн азайтуды көздейді.

Қоршаған ортаға әсерді қадағалауда тұрақты экологиялық мониторинг жүзеге асырады.

Сонымен қатар барлық жұмыс орнында және барлық үй-жайда тиісті еңбек жағдайларын жасау қырағы бақылауда болады. Мәселен, ауаның қажетті мөлшері, оның тазалығы мен сапасы желдету және ауа баптау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Жылыту, желдету және ауа баптаудың барлық параметрін басқаруды автоматтандырылған жүйе жүзеге асырады. Яғни зауытта заманауи еңбек жағдайын қамтамасыз ету талаптары барынша сақталмақ. Бұл, әрине еңбек өнімділігін жақсартуға екпін беретіні сөзсіз. Және бастысы жаңа зауыт өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, мыңдаған жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *