Сарыарқа бұлақтарын сақтайық!

«Жаңбыр жауса – жер тоқ, егін ексе – ел тоқ. Бұлақ ақса – көл тоқ. Еңбек етсе – ер тоқ» дейді дана қазақ. Сонымен қатар,  «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген мақал да терең мағыналы және тәрбиелік мәні зор.  Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалы өңірдегі  табиғи бұлақтар мен көздерін сақтауға және тазартуға арналған дөңгелек үстел өткізді.

«Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» атты шара мемлекеттік органдардың, экологиялық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің, бизнес өкілдері мен жұртшылықты бір үстелге жинады. Дөңгелек үстелдің мақсаты аймақтың бұлақтарын қоқыс пен ластанудан тазарту жөніндегі экологиялық бастаманы талқылау, сондай-ақ оларды сақтау бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу болды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің экология мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшелері, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, жастар саясаты басқармасының, «ECOEXPERT» ЖШС өкілдері, қоғамдық белсенділер, еріктілер, ЖСДП мүшелері, ШҚ басшылары, студенттер және жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Пікірталас барысында көтерілген негізгі мәселелер: Қарағанды облысының бұлақтарының ағымдағы жағдайы және ластану факторлары.

Табиғи көздерді құқықтық және экологиялық қорғаудың жеткіліксіздігі.

Жастар мен еріктілерді табиғатты қорғау қызметіне тарту жолдары.

Ведомствоаралық және қоғамдық әріптестік мүмкіндіктері.

Жиын барысында Қарағанды облысының бұлақтары мен көздерін қоқыс пен ластанудан тазартуға бағытталған «Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» экологиялық акциясын өткізу бастамасын қолдау жөнінде  қаулы қабылданды.

Табиғи бұлақтары мен көздерін сақтауға және тазартуға арналған акцияда қоғамдық белсенділер Сәкен Келдібаев пен Қорлан Молбасова қолдаду білдіріп, ойларымен бөлісті.

– «Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» экологиялық акциясын қолдаймын, бұл өте керек дүние. Елімізде мұндай бұлақ пен бұлақ көздері мыңдап саналады. Менің айтарым, біз де осындай шараны бастаған болатынбыз. Шет ауданына қарас­ты Үңірек ауылында осы аттас өзен өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін буырқанып ағып жататын. Кейін тартылып, ағыс бәсеңдеп қалғаны тағы бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген атаумен ауыл тұрғындары игілікті істі қолға алып, өзен бойындағы бұлақ көздерін ашты.

Ауылымыздағы бұл өзеннің бойында бұлақ көзі жетерлік. Әрине, тіршілік көзі болғандықтан сақтап қалуымыз керек. Бұрындары өткел бермей ағып жатқан өзеннің кенезесі кеуіп тұр. Алдағы бес-он жылда мүлдем айырылып қалуымыз да мүмкін. Сондықтан, Жер-Ананың бізге берген сыйы – мөлдір бұлақтарды ашып, өзен-көл арнасын кеңейтуіміз керек. Үңірек өзені бойындағы екі  бұлақтың көзі ашылып, жағасы таспен қоршалды. Мөлдір де таза су арнасын өзенге бұрды, – дейді ұстаз Қорлан Молбасова.

Аталмыш акция бір күнмен тоқталып қалмай, жылдар бойы жалғасын таппақ. Дегенмен, оған бір адам ғана емес халық болып қолдау қажет.

– Жұмысымызды бастап кеттік. Алдағы уақытта ЖСДП облыстық филиалы, Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің экология мәселелері жөніндегі комиссия мүшелері,  табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен жастар саясаты басқармасының өкілдері, «ECOEXPERT» ЖШС мамандары, қоғамдық бірлестіктер мен бастамашыл топтар өкілдері кіретін ведомствоаралық жұмыс тобын құрамыз.

Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды, экологтар мен еріктілерді тарта отырып, бірінші кезекте тазартуды қажет ететін табиғи көздердің картасын әзірлейміз, – дейді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров.

Айта кету керек, 2025 жылғы шілде-тамыз-қыркүйек аралығында билік органдары өкілдерінің, еріктілер мен бей-жай қарамайтын азаматтардың қатысуымен «Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» экологиялық акциясын өткізу жоспарланған.

Жақында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Қарағанды облыстық филиалы «Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» экологиялық акциясы аясында Қарағанды қаласының шетіндегі ауданда гидрогеологиялық барлау жүргізді.

Жалпы, «Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» акциясы барысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Қарағанды облыстық филиалы Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаровка, Шет аудандары мен Қарағанды мен басқа да қалалардағы ауыл маңы мен тасжол бойындағы бұлақтар мен көзін тазалап, қоршауға көмектесуді жоспарлап отыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *