Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келген 600-ден астам жас көшбасшы SARYARQALAB: AQYL.DAMU.QADAM аймақтық форумында жиналды. Олар цифрлық болашақ, экологиялық мәдениет және жастардың ел өміріндегі рөлі туралы пікір алмасты.
Форум ашық диалог пен жаңа идеялар алмасуға арналған алаңға айналды. Іс-шараны «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы мен оның жастар қанаты «Жастар Рухы» ұйымдастырды.
Кездесудің ашылуында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
— Үш қарапайым сөз: AQYL. DAMU. QADAM. Бірақ олардың астарында үлкен мән жатыр: ақыл — дүниені тануға, даму — тоқтап қалмауға, қадам — әрекет етуге үндейді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жастарды жаңа экономиканың басты қозғаушы күші деп атады. Бүгінгі заманда жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, экологиялық ойлау мен құқықтық мәдениет — болашақтың тілдері, ал сіздер сол тілде еркін сөйлей аласыздар. Біздің өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық бастамалар — «Жасыл ел» бағдарламасынан бастап «Jas fund» қорының жобаларына дейін, жастарға арналған жеңілдетілген ипотекадан бастап менторлық және мәдени бағдарламаларға дейін — барлығы сіздердің жолдарыңыз жеңіл, сенімді әрі жарқын болуы үшін жасалып отыр. Мен сенемін: сіздер еліміздің дамуына нақты үлес қосасыздар, — деді өңір басшысы қатысушыларға арнаған сөзінде.
Форумның арнайы қонағы, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрайымы Ақерке Ескендірова бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті.
— Бүгінгі форум — өз ойыңды ашық айтуға, жаңа достар мен серіктестер табуға мүмкіндік беретін алаң. Мұнда елінің болашағына бейжай қарамайтын, өз еңбегімен қоғам дамуына үлес қосып жүрген 600-ден астам жас жиналды. SARYARQALAB — жаңа идеялар мен серіктестіктер тоғысатын, болашақты қалыптастыратын жастардың кеңістігі, — деді ол.
Форум аясында Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттар — цифрландыруды дамыту, жасанды интеллектті қолдану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Бұл тақырыптар бойынша арнайы сессиялар өткізіліп, қатысушылар Қарағандының жетекші технологиялық және білім беру орталықтарында болды.
— Қазір жасанды интеллекттің маңызы күннен күнге артып келеді. Бастысы — оны қолдана білу ғана емес, білім мен технологияны дұрыс бағытта пайдалану. Бүгінгі сабақ бізге осыны көрсетті, — деді Ақтоғай ауданынан келген қатысушы Құлмұхаммет Серікғалиұлы.
Форум барысында бірқатар белсенді жас «AMANAT» партиясының қатарына қабылданды. Республика күні қарсаңында облыстық мәслихат депутаты Асқар Оразбеков бастамашыл жастарға алғыс хаттар мен ақшалай гранттар табыс етті.
Марапат иелерінің қатарында «Жастар Рухы» облыстық филиалының белсендісі, болашақ заңгер Аңсар Жұмағалиев те бар.
— Мен партия қатарына университетке түскен жылы қосылдым. Белсенді студенттерді көріп, өзім де қоғамдық жұмысқа араласқым келді. Еңбегіңнің бағаланғаны — үлкен мотивация. Бұл өз ісіңнің қоғамға пайдалы екенін сезіндіреді. Жастар саясат пен экономиканы жалпы деңгейде түсінуі керек, өйткені бұл — біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, — деді ол.
Бүгінде Қарағанды облысының әр төртінші тұрғыны — жас буын өкілі.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ