Табиғаттың адамға берген басты құндылығы денсаулық екенін зейнет жасына жеткен адамдар жақсы біледі. Қартайған шағында азын-аулақ зейнетақысы дәрісіне жетпей жататын жандардың жанайқайын бүгін тағы бір мәрте тыңдадық, оған көмек көрсетер дәрменің тағы жоқ. Ал біздің заңымыз оларды қорғауға дәрменсіз екен, себебі дәріханалардағы дәрі бағасы астрономиялық прогреспен шарықтап кеткен. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселеге араласпайтынын ашық айтты. Нарық заңы өз дегенін істеуде, әлділер су бетіне қалқып шығады, әлсіздер түбіне кете береді.
Жалпы қаламызда ардагерлерді толғандырар мәселелер жеткілікті, соның бірі – қарыштап дамып жатқан медицина саласының халыққа жасап жатқан профилактикалық-емдік шараларының жай-күйі. Менің өзім жасым 63-тен асқаннан кейін 3 рет отаға түстім. Дәрігерлер мен медбикелердің жанқиярлық еңбегін көрдім, кейбір қиындықтарға қарамастан, науқастарды оңалту жолында байқалған азаматтық істерін бұрын да жазғанмын. Бұл жазғандарым ауруханаларға байланысты болатын. Осы ретте ойымда қалған бір топ ем жасаған дәрігерлердің аты-жөнін жазып кетсем артық болмас, олар: С.В.Цой, А.Ф.Зинков, А.С.Цветков, А.Ғ.Мағзұмов, К.А.Смагулов, В.С.Джамалледдинов, С.Асхатовна, Ш.М.Қауынбекова, А.А.Набиев, Ә.С.Мырзақұлов, Д.М.Джакупова. Медицина ғылымының кандидаты, білім беру ісінің, денсаулық сақтау ісінің үздігі А.Н.Нұрбеков ағаның медициналық білім мен дағдыларды дамытудағы тәжірибелері көпке үлгі. Қоғам алдындағы жауапкершілікті адами тұрғыда жанашырлықпен сезінетіндігі басқаларға жұғысты болса деген базынамды айта кеткенді жөн көрдім.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының конференц залында Қазыбек би ауданының ардагерлерімен өткен басқосу барысында аудан ардагерлерін толғандырып жүрген көптеген мәселелер талқыланып, бір ізге түспей келе жатқан бірталай кемшіліктер айтылды.
Президиум үстеліне Қарағанды облысы ардагерлер қоғамының төрағасы Ғ.Ш.Тұяқов, ана мен баланы қорғау мәселелері жөніндегі облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Л.Т.Оспанова, Қазыбек би атындағы аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Т.К.Камалиев жайғасты.
Облыс бойынша басқарманың жасап жатқан жұмыстары айтылды, бірақ сұрақ қоюшылар бірден дәрі-дәрмек мәселесін қозғады. Оның шамадан тыс қымбаттығы, қол жетімсіздігі, тіпті кейбір дәрі түрлерінің басқа дәрімен ауыстырылып, оның зардабы адам ағзасына кері әсері болатындығы айтылды. Сұраққа жауап беруші медицина қызметкері басқарманың дәрі қымбатшылығына еш қатысы жоқтығын айтты. Осы арада зейнеткерлердің дәрменсіздігі бірден байқалып, судан шығып қалған қайықтай аңтарылып қалды. Дәрінің уақытында жеткізілмейтіндігі айтылғанда, ол жабдықтайтын фирманың жұмысы екендігі ескертілді, бірақ облыс бойынша дәрі толық құрамда жеткілікті, тек таратуда кемшілік болуы мүмкін деген уәж тағы айтылды. Бір жыл бойы тегін дәріге қолы жете алмай жүргендер бар екен. Мәселенің анық-қанығын тексеріп, жеке жауап береміз десті.
Кездесуді ұйымдастырушылар ардагерлерге медициналық қызмет көрсету ісі алдағы уақытта жақсарады, қызметтердің қолжетімділігі мен әлеуметтік қолдау мәселелеріне барынша қолдау көрсетіледі, емханаларда кезекте тұрған қарт кісілерге ерекше қолайлы жағдай жасалады, жоғарыда айтылған кемшіліктер қаперге алынып, кез келген мәселенің оңтайлы жолын табуға облыстық басқарманың құдіреті жетеді деп сендірді. «Денсаулық – зор байлық» — деп бабаларымыз текке айтпаған. Ендеше денсаулыққа жеңіл-желпі қарауға болмайды, дәріден бөлек, салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы да жетістікке жетуге болады дейді апта сайын Сораң тауына шығуды дағдыға айналдырған Сәкен ақсақал. Жақсыларға теңелейік, жамандығымыз артта қалсын.
Аңғар СМАҒҰЛ