СЕМСЕР ТІЛДІ САТИРИК

Өмірінің айтулы белесі – жетпіс деген жастың желкенін керіп отырса да жастайынан серік еткен қаламын тастамай,  ақырын жүріп, анық басып-ақ, талай шаруаның бетін қайырған, қарапайымдылықты сүйетін, «Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты  бір бөлек. Адамда да адам бар, азаматы бір бөлек» дегендей адамгершілік, азаматтық қалпын биік ұстап келе жатқан ағаларымыздың бірі – журналист, сатирик, ақын, аудармашы Бекең, Бекәділ Семқұл. Мен Бекеңді ертеден бері білетін едім.

Ал жақын жүріп, етене араласқаныма оншақты жылдың жүзі болды. Адамды өзінің қарапайымдылығымен, жатырқамайтындығымен бірден баурап әкететін қасиеті арқасында, аз уақыттың ішінде бұрыннан таныс адамдар сияқты, тонның ішкі бауындай араласып кеттік.  Сол кезден бастап Бекеңді жақсы біле бастадым десем болады.  Облыстық, аймақтық, республикалық басылымдарда жарияланатын түрлі тақырыптардағы мақалаларын, эсселерін, сатиралық шығармаларын қалт жібермей оқып жүремін.  «Жақсы адамның жүрегі алтын сандық» демекші, жайшылықта көп сөйлей бермесе де, әдебиет, өнер жайлы әңгіме басталып кетсе, «шешіліп шешен, көсіліп көсем» болып кететін, «от ауызды, орақ тілді» Бекеңнің әдебиеттің қиын да, күрделі жанры – сатираға әсіресе бейімділігі менің назарымды өзіне еріксіз аудартқан еді. Бүгінгі мерейжасында ағамыздың сан қырлы шығармашылығының ішінде, осы бір қырына   тоқтала кеткенді жөн көрдім. Бірде әңгіме арасында ағамызға: —  Сатираға әуел баста қалай келдіңіз, – деп сұрақ қойғаным бар. Сонда: – Мен өзім шопанның баласымын. Шет жайлап, қиыр қонып жүретін малшы ауылына ол кезде, апталап, айлап жиналып қалған құшақ-құшақ газет-журналдарды қатынаған адамдар алып келеді. Базардан әкеміз келгендей қуанып, төрге жайып тастап, бас алмай оқимыз. Сонда әлгі газет-журналдардың ішінде, жұқалау болса да, қызыға оқитын бір журналымыз болатын, ол «Ара» деп аталушы еді. Күлдіргі, әзіл, сықақ әңгімелер, карикатуралар көп болатын, баламыз ғой, сол кезде оқуға деген ынтамыз да, қызығушылығымыз да керемет еді, соған әлі күнге дейін таң қаламын.  Сықақ өлеңдер, шағын шымшымалар жарияланатын. Соларды оқып, осындай жаза алсам ғой деген бір ой келіп, қызығатынмын. Осы бір балалық қызығушылықтан басталды ма деп ойлаймын. Негізі, бес-алтыншы сыныптан өлең де жаза бастадым. Алтыншы сыныпта, (менің туған жерім Алматы облысы Балқаш ауданы Қарой ауылы, Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы) аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінде тұңғыш өлеңім шықты, ал тоғызыншы сыныпта облыстық «Жетісу» газеті ақ жол тілеп өлеңімді басты. Сонымен қатар аудандық газетте шағын сатиралық шығармаларым – шымшымаларым да жарияланып тұратын. Мектепте жүргеннің өзінде шағын мақалалар жаза бастадым. Арманым ҚазГУ-дің журфагі болғанымен, алғашқы жылы түсе алмадым. Аудандық газетке тұрып, келесі жылы әскерге кетіп, әскерден соң газетке қайта оралдым. Бірақ, аяқ астынан ойымды өзгертіп, Алматы совет сауда техникумына түсіп, сауда қызметкері болып шыға келдім. Одан кейін қырық төрт жыл өмірім өткен Қарағанды жерімен тікелей байланысты. Егіндібұлақ (Қазыбек би) аудандық тұтынушылар қоғамында 1982 жылдан 1987 жылға дейін еңбек еттім. 1985 жылы ҚарМУ-дің филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, жазуға деген құлшыныс 1987 жылы ақырында аудандық «Ленин туы» («Балқантау») газетіне алып келді. Он жыл әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып, оңтайландыру саясатымен аудан тарағанша осы редакцияда еңбек еттім, Осы жылдар менің нағыз азамат, журналист болып қалыптасқан, өндірте жазған жылдарым болды деп айта аламын, алғашқы фельетоным да осы газетте жарияланды. «Ши шығарып, шырық бұзған кім?», «Төбелеске түрткі болған не?» және т.б. фельетондарым үлкен резонанс тудырған еді. Одан кейін екі жылым «Қарқаралы аудандық «Қарқаралы» газетінде жалғасты. 1999 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударып, республикалық «Азия Транзит» қоғамдық-саяси газетінде шамалы уақыт қызмет істедім. Одан кейін ширек ғасырға сәл жетпейтін уақыт Қарағанды экономикалық университетінде аудармашылық қызметпен айналысып, қазақ тіліне көптеген оқулықтар, оқу құралдарын аудардым. Мемлекеттік тілді дамытуға біршама еңбек сіңірдім. Қазір зейнеткермін. Газеттен кетсем де жастайымнан серік еткен қаламымды бір сәтке де тастаған емеспін. Кешігіп те болса, екі мың жиырма екінші жылы сатиралық жинағым, екі мың жиырма үшінші жылы өлеңдер жинағым жарық көрді.  Тағы бір сатиралық кітабым дайын тұр. Көп жылдарда әртүрлі басылымдарда жарық көрген очерк, эссе, мақалаларым ды жинақтап, кітап қылып бастыртып шығару да ойымда, – деген еді.

Қоғамда, өмірде, адамның бойында болып жатқан келеңсіздіктерді, сорақылықтарды, надандықты, жемқорлықты, ашкөздікті, іштарлықты, парақорлықты, нәпсіқұмарлықты, жағымпаздықты, дарақылықты және т.б. сатирик аяусыз әшкерелейді, Бірде жеңіл әзілмен, бірде әжуалау, бірде мысқылдау, бірде мазақ ету, бірде келемеждеу, бірде тұспалдау, бірде мысал, тіпті қалжың арқылы семсер тіл, мірдің оғындай өткір сөздерімен түйрейді. Әдетте, сатираны мықтылар қаруы деп жатады. Сондықтан, қалам ұстаған екінің бірінің әдебиеттің осы бір қиын жанрына бара бермейтінінің себебі де осында болса керек. Біріншіден, сатира жанры қысқалық пен нұсқалықты талап етеді. Тілі ұстараның жүзіндей лыпып тұруы керек. Көздеген нысанаңа дөп тигізетіндей дәлдік болуы, ең бастысы қырандай қиырдан қағып түсетін қырағылық, жүрегінің түгі бар батырлық пен батылдық та қажет. Онсыз жақсы сатирик болу екі талай. Осы бір қасиеттердің барлығы Бекеңнің бойында барлығы қуантады. Біріншіден, сатирик ағамыз тақырып іздеп, таңдап әуре болып, қиналып жатпайды. Тақырып ауқымы да кең. Кішкентай, болымсыз кемшілік, мін немесе басқа да өмірде, қоғамда болып жататын кемшін тұстардан үлкен мәселе көтереді. Күлдіре отырып, оқырманын бұл қалай дегізіп, терең ойландырып тастайды. Бұл – сатириктің шеберлігі екені даусыз. Сатиралық шығармаларын оқығанда, Бекеңнің бірқақпайлары туралы сөз етпей кету мүмкін емес. Шағын, әрі төрт таған жолдар арқылы, жатып атарлығымен нысанасына дәл тигізіп, қарқ-қарқ күлкіге  көмсе, бірде «бетің қисық болса айнаға өкпелеме» дегендей, шарасыз езу тартқызады, енді бірде еріксіз басыңды шайқатады, шығармадан өзін көріп отырған адам өйтпегенде қайтеді.

Жұмсасаң, жыр ғып,

«Қазір, қазір» деп қояды.

Діңкеңді құртып,

Әй, нервіңді жеп қояды. (Тілазар бала).

Бұл арада бүгінгі телефонға телмірген баланың бейнесін ішкі психологиясы мен мінездемелік сипаты арқылы ашып көрсетеді. Бала тәрбиесіндегі жөнсіздіктерді, оның бойындағы жат әрекеттерді әжуалайды. Ұрпақ тәрбиесінде мәні бар проблеманы бала өмірінің бір көрінісінен алып, сатира тілімен мысқылдайды.

Адам табиғатындағы кемшіліктер оның сөзінен де, ісінен де, айта берсек, ой – ниетінен де байқалып тұрады. Осы мүмкіндікті қалт жібермей, сатирик адам бойынан өзі байқаған, сезген, көрген кемшіліктерді, мінезіндегі, іс-әрекетіндегі жағымсыз дағдыларды сұрыптап алып, шығармаларына арқау етіп келеді. Оның сатиралық өлеңдерінде адам бойындағы кемшіліктерді көрсетіп, күлкіге айналдырудың жолдары сан түрлі. Ол бірде адамның ішкі әлеміне үңілсе, енді бірде кейіпкердің өз сөзі арқылы әжуалайды, кейде іс үстінде көрсетіп, кесірлі қылығына өзі куә болады.

Адамға

Қараған емес,

Қағазға қараған

Заман болды.

Ауырып

Барып едім

Дәрігерге.

Маған емес

Бұрқыратып

Қағаз жазып.

Компьютерге

Үңілумен

Мені қарағаны

Тәмам болды.

…Сөйтіп

Жаман болды. (Дәрігер қабылдауында)

Автордың мына бір   шығармасын парақтағанда, езуге ұялаған күлкімен бірге көзге тұнған мұңның да қатар жүретінін байқай аласың. Өлеңнің өзегінде әлеуметтік мұң жатыр. Әке мен баланың арасындағы әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастың астарына үңіледі. Білім алып, оң-солын таныған ұлдың әкесін бағып – қағудың орнына, оның зейнетақысын жымқыруға үйренген масылдық психологиясы әшкереленеді.

Бес кластық біліммен,

Әкесі жалғыз ұлын асырады.

Қу жалғыз,

Бес жыл оқыған іліммен,

Әкесінің

Пенсиясын алуға асығады. (Әке мен бала)

Сонымен қатар, оның сатиралық шығармаларында фольклорлық нұсқадағы баяндау мәнері, ұлттық ұғымға тән теңеулер, мақал – мәтелдер де жиі ұшырасады. Қағыта отырып қағып түсіретін мақалды бірқақпайларында ұтымды қолданады. Бұдан біз қазақы қуақылықпен көмкерілген күлкінің ұлттық сипатын танимыз.

«Заманың түлкі болса,

Тазы боп шал».

Жас қызға қутыңдайды

Ақымақ шал. (Ақымақ шал)

Сатиралық шығармаларында мораль, тәрбие мәселелері алдыңғы кезекте. Асылы, адамның қалыптасуының, азаматтық тұлғасының дұрыс түзілуі тәрбиеде екені белгілі. Тәрбие дұрыс болмай, қоғамдағы мыңдаған келеңсіз құбылыстарға, адам табиғатындағы, оның іс — әрекетіндегі кем-кетіктерге тосқауыл қою екіталай. Бұл тұрғыда сатиралық шығармалардың атқарар міндеті үлкен. Осыған орай автор шығармаларында кейіпкер аттары олардың табиғи болмысынан хабар беріп отырады. Тұрақтамасов, Оңалмасов, Сыпсыңкүл, Жепішев, Сумақай, Саппас, тағы басқа кейіпкерлерін сатира сардары Әубәкірдің Оспанханы  сомдаған ұлттық ұғым түсінікке  кірігіп кеткен, өмірдегі кейбір адамдарды салыстыра  қоятындай жиынтық деңгейге  көтерілген типтік бейнелер демесек те, бүгінгі қоғам шындығын барынша әшкерелеп, ашып көрсете алатын  кейіпкерлер деуге лайық. Жалпы, қаламгер сатиралық портреттер жасауға құмбыл. Адам портреттерін өздерінің мінез – құлықтарына сәйкес бейнеде жасайды. Олардың сыртқы кескіні мен ішкі болмысындағы ұнамсыз әдет-қылықтарды шарждық, карикатуралық суреттемелермен береді.

Мұндай мысалдарды қаламгер сатирасын саралағанда көптеп тауып алып, талдай беруге болады. Бұл шағын мақаламызда қаламгер Бекәділ Семқұлдың сатиралық өлеңдерінің   өзіміз байқаған кейбір тұстарын ғана сөз еттік. Сөз соңында жетпіс деген биік белесті бағындырып отырған қаламгер ағамызды тағы да құттықтай отырып, қажымас қайрат, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Қаламыңыз қолдан түспесін, Беке!!!

Мейіржан ТАПАШЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

 қауымдастырылған профессор.

Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті