Senat Open 2026

Қарағандыда III ашық Senat Open 2026 шахмат кубогының іріктеу кезеңі өтті. Турнирге түрлі салалардың өкілдері – барлық деңгейдегі депутаттар, құқық қорғау және күштік құрылым қызметкерлері, медицина, білім және мәдениет саласының мамандары қатысып, жалпы саны 200-ге жуық адам жиналды.

Жарыс қорытындысы бойынша 35 үздік шахматшы Қарағанды облысының намысын жартылай финалда қорғау құқығына ие болды.

Қатысушылар санының артуын ұйымдастырушылар турнирге деген қызығушылықтың өсуімен ғана емес, сонымен қатар оны өткізу жүйесінің жаңартылуымен байланыстырады.

Атап айтқанда, қатысушылар санаттары кеңейтіліп, жарысқа 1/8 финал кезеңінен іріктеуден өткен қосымша қызметкерлер мен мамандар топтары енгізілді.

– Турнир әуесқойлар арасында өтеді, кәсіби ойыншылар қатыстырылмайды. Соған қарамастан, қатысушылардың деңгейі артып келеді: биыл 35 ойыншының халықаралық рейтингі бар, – деді жарыстың бас төрешісі, FIDE шебері Олег Ринас.

Senat Open турнирінің форматы бірнеше кезеңнен тұрады: 1/8 финал, 20 өңірлік ширек финал, бес аймақтық жартылай финал (Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс), сондай-ақ финал. Шешуші кезең 28 маусымда Астанада өтеді. Қарағанды ширек финал ойындарын қабылдаған алғашқы өңір болды.

Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 10+5 уақыт бақылауымен өтті. Қатысушылар тоғыз тур ойнап, нәтижесінде жеке және командалық есепте, сондай-ақ ардагерлер, әйелдер, депутаттар мен мәслихат қызметкерлері, қоғамдық кеңес өкілдері, күштік құрылымдар, денсаулық сақтау, ғылым, білім, мәдениет және БАҚ өкілдері арасында арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.

Senat Open – бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар түрлі мамандық иелері арасында тәжірибе алмасу мен қарым-қатынас орнатуға арналған алаң.

Биыл турнирге алғаш рет Нұра ауданынан Игорь Пронин қатысты.

– Мен аудандық мәслихаттың атынан қатысып, Нұра ауданы депутаттық корпусының намысын қорғауға келдім. Бізден барлығы алты адам қатысуда. Дайындалып, жаттықтық, өзімізді мықты команда деп санаймыз. Құрамымызда тәжірибелі ойыншылар, турнирлерге тұрақты қатысып жүрген ақсақалдар бар. Бұған дейін жақсы нәтижелер көрсеткенбіз, сондықтан бұл жолы да жеңіске ниеттіміз, – деді қатысушы.

Senat Open республикалық турнирі үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның бастамашысы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев. Жоба депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері арасында шахматты насихаттауға, сондай-ақ елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Өмір БАЙБОСЫН