ҚАСЫМ ЖАЙЛЫ
…Тумастан айналып дастанға,
Жөргекте шерлі өлең тербеген.
Шалқалап Ай жүзген аспанда,
Еңбектеп өмірге енді Өлең!
Шалқалап жүзеді Ай неден,
Жауынсыз, дауылсыз ғасыр ма ед?!
Қауырсын қанатын жайды Өлең,
Балапан Қасым боп!
Қасым боп өмірге келді Жыр,
Келді жыр – шыр-пырлы шер ғұмыр.
Жетімге жақын ба көр-күбір,
Күтті оны алапат зор дүбір.
Молада әке боп сөнді нұр,
Санада өмір боп өнді гүл!
Жүдеген…
Молаға түнеген,
Алқымнан жоқшылық кездігін тіреген.
Жетімнің жүрегін жандырған,
Мен сені сүйемін, ұлы Өлең!
Демімен, шерімен зілбатпан,
Жырлатқан, жасын боп үн қатқан Күн жақтан.
Мен қалай сүймеймін Өлеңді –
Қасыммен окопта бір жатқан?!
Арқаның өзендеріндей,
Кезеңдеріндей,
Асуларындай,
Ғашық жарындай –
Еңірей табысып даламен,
Баламен, анамен, ағамен,
Оқ тескен шинелін сүйретіп,
Майданнан оралды Қараөлең.
Қасым боп оралды ол,
Жасын боп оралды!
Лашын боп шүйгендей күйкентай қоғамды.
Қарқ етіп үш жүз жыл жүрмеді,
Жарқ етіп жанды да… жоғалды.
Өлең де оқ тескен шинелдей,
Шалғайы сан отқа күйгендей.
Елтірі қаракөл заманнан ертеңге –
Шинелмен өтті ақын именбей.
Әтірдің иісі бұрқырап,
Жасанды жырынан
Мың ақын келеді жыр құрап.
Бір Қасым басым ғой мыңынан!
Соғыстың алауы…
Шинелдің иісі…
Ескі ауыл… тас қора… қи ысы…
Дос-бауыр… баспана… үш-іші…
Сезім мен төзімнің сүйісі…
Қасымның ғаламы – жасынның тұрағы,
Ғасырдың шырағы, ұраны –
Өзі де, жыры да тірі әлі,
Біздерге үлескен мұраны.
Жақсы өлең оқылған кештерде,
Қасым кеп қасқайып тұрады!..
ӨЛЕҢ
…Мен едім көркем жанның көңілдісі –
Келетін көктем көрсе төгілгісі.
Ғұмырын ғасыр шайған шәйірлердің
Жырының – жүрегімде шөгіндісі.
Сайтанның жолықса да соғындысы,
Кеудеме сыз жолатпас тобылғы ысы.
Жүректің жылы қанын шүпілдеткен,
Тәнім ғой – құмыраның қоңыр қышы.
Тұлғамды баса да алмас тобыр мысы –
Зердемде бабалардың зор үлгісі.
Байқатпай бес күн жалған өтсе-дағы
Өлтірмес өлең шіркін, өмір күші.
Тіршілік – шимай басқан ала қағаз,
Шимайлап бала да мәз, аға да мәз.
Әр адам өз жазуын жол қылады,
Қаламмен қағазға емес, санаңа жаз.
Пендеше мұңайсам да миы ашыған,
Қарадым қараөлеңнің қиясынан.
Адам боп өмірге еніп, қадам басып,
Қалам боп кеткен екем: сиясы – қан.
Жазуды өмірім деп ұғынғасын,
Сезімге алмастырар ғұмыр бәсін.
Жүресің ел көшіне жанай көшіп,
Білесің құбыланың құбылмасын.
Терменен темір болып тебінгісі,
Тербеліп түзде жортпас тегін кісі.
Ақынның арманымен өмірі егіз –
Ал, өлең – көкке ұшқан Көңіл құсы…
ҚАРА ҚОС
Қара қосты сайға тігіп көрмегем,
Арыстандай Айға атылып… өлмегем.
Өмір маған ұсынады əрдайым,
Тағдырымды бəйгі аты ғып – көлденең!
Жауыр жапқан көңіл – жүдеу көкдөнен,
Мен шөлдесем – мейірімге шөлдегем.
Арын жоқтап, қанын іштім пасықтың,
Сағынышты кеше түнде жерлегем…
Бір биікке тіккен туым желбіреп,
Көкірегім көктем сүйсе, сең күреп —
Көңіл дөнен орына əкеп құлатқан,
Өмір деген – добын атқан зеңбірек.
Қара түнге шам жаққанмын – жүрек қып,
Ақ көңілге талай түнек түнеттік.
Айқасынан көктемдердің жалығып,
Сай тасыған күздей…
кенет дүр еттік.
Қыр басына қос тіккенмін жап-жалғыз,
Босағадан сығалады лаққан күз.
Ер-тоқымды жастанып кім құлайды, ей,
Қажып-қаусап түскен күні аттан біз?..
ӘН
Ару сыңсыр сым пернені сипалап,
Өмір сыңсыр гитарадан күй тарап,
Көңіл тыншыр жалғыз сәтті аңсарсың,
Аңсарыңа алданыш боп күйтабақ.
Үмітіңді үздіккен сәт ұйпалап,
Сұм жалғаннан күтетінің сый-қабақ.
Сейілдеген сезіміңді жұбатар,
Сейіл құсап ән шырқасаң… гитара ап.
Жалған тірлік жылатқанда жаныңды,
Ән ғана ғой тулататын қаныңды.
Түсіңде ылғи әуелетіп шырқайсың,
Өңіңде бір айта алмайтын әніңді.
Қуаныш, мұң – қоңсы қонған көрші екен,
(Өлең қылып өмірімді өлшетем).
Жалған күннің жанарына тік қарап,
Шырқап салар жалғыз әнің болса екен!
Үмітіңе жалғыз әуен – үй-пана,
Жүрегіңді тыншытса егер ми-сана.
Алты атаңның аруағын тербеген,
Жетігеннің жездесіндей гитара.
Ән екен ғой дүниенің жарығы –
Сәні екен ғой – сауығы да, сабыры.
Сейіл ағам жүрегінен аңқыған,
Қоңырқаздың, Қосбасардың сарыны.
Қоңырқаздың, Қосбасардың сарыны…
Бозқараған
Бозқараған тұрмысқа шығады ертең,
Бүгін оның келбеті бұла, көркем.
Келін көйлек киінген қырдың қызы
Ата-ананың көзінің шырағы, еркем!
Бозқараған гүлдейді бүгін-ертең,
Көктем күні – Тәңірдің нұрымен тең.
Сосын гүлін ұшырар бұрқыратып,
Жас дәуреннің түні – ыстық, күні – желтең.
Бозқараған шешінер түн жамылып,
«Айды алқа, жұлдызды сырға қылып».
Желмен ұшса қауызда тұнған үміт,
Сынық сыңсып, салады сырға құлып.
Таң алдында дел-сал боп діріл қағып,
Кешеу сезім кенеттен бүрін жарып.
Ес жия алмай енеді жаңа өмірге,
Гүл-гүл дәурен соңында, ғұмыр қалып.
Бозқараған тұрмысқа шығады ертең…
Пандемия тұсында
Көкіректі күмбірлі күй босатпай,
Жастық өтті…
жассыз өтті жанары…
Қыздың ерні – тамыздағы тосаптай,
Қарақаттан қоп-қоңыр қан тамады.
Күй толастап, жанарыңды шел басты.
Қарақаттай жарақат бар жүректе.
Аңыз соңы – адамжегіш албасты,
Тамыз соңы… жұтыласың түнекке.
Жаз өлгендей,
жас өлгендей төтеннен,
Күзгі қала – тозақ оты лаулаған.
Жансорғыштың жұмағындай мекеннен,
Күнгей бетке бірде қоныс аударам.
Талайлардың тағдырына жазықты
Қала тоңды.
Дала толды ақ қарға.
Жапыраққа өлмес өлең жазыпты,
Күздің желі күнді күреп жатқанда.
Көкіректі күмбірлі күй босатпай,
Тас көшеде сындырған соң тағаны.
Таңға қарай шоғы семер ошақтай,
Мына жалған суық тартып барады…
Бұрындық хан
«Тас тұнжырдай тілін жұтқан,
Тас балбалдай ғұмырды ұққан».
Қара жартас сынығындай,
Бура мінген Бұрындық хан.
Бура мінген Бұрындық хан,
Күн көргенде ел туырлықтан,
Қайратымен қамал бұзып,
Қас дұшпанның туын жыққан.
Қара нарға қонған алып,
Қыл арқанын толғап алып,
Жер теңселтіп шапқанында,
Жай атқандай зор қара бұлт.
Құлағында көр күбірі,
Қалың елдің сорлы күні.
Қазақ үшін қайысқан ең,
Қара еменнің шорлы діңі.
Сертін сүйген қара қылдың,
Адырнасы садағымның.
Сені қақтан кім арылтар,
Қанға бөккен қара күрзім?!
Босатқанша тәнді құлдық
Сан тізерлеп, сан жығылдық!
Бір заманда оралады-ау,
Бура мінген хан Бұрындық!
СОҚЫР АККОРДЕОНШЫ
Шығыстың жырланатын ғазалында –
Ерекше нұр шалқыған ажарында,
Тұрады соқыр жігіт сырнай тартып,
Қарағандының орталық базарында.
Тұрады соқыр жігіт сырнай керіп,
Жатқандай жанарында гүл-қайғы өніп.
Лықсиды базар-толқын жағаны ұрып,
Жабысып балағынан былғай беріп.
Өзінше өкінген боп тағдырына,
Ортақ қып базар бөлген қалдығына,
Өтеді жүргінші жұрт тиын тастап,
Бұтына қысып алар қалбырына.
Дидары түлей түздің өртеңіндей,
Ырғағы өксік құшқан келте өмірдей,
Теңселіп тұрар сонда соқыр жігіт,
Қайықтың жел жұлқыған желкеніндей.
Жылайды аккордеон таңнан кешке,
(Есебі – соқыр тайлақ талған көште).
Концертін тыңдап тұрам жақын барып,
Көз ашпаған кезімді алғанда еске.
Көңіл мас, көз жұмулы — жас дәуренің,
Сазға елтіп, бәсін білмей басқа әуренің.
Жүректің жырын ғана тыңдай алар,
Ей, бауыр, есіңде ме мастау кезің?!
Ей, бауыр!
Тәлкек туса тағдырыңда,
Түйткіл боп Тәңіріңнің жарлығында:
Шашуы бар тойыңның сылдырлайды-ау,
Тағдырдың итаяқтай қалбырында!
Сыңсиды соқыр, сырнай – егіз әуен,
Лықсиды көбік көзді теңіз әлем!
Көңілдің көзін ашып өмір сүйген,
Соқырды көзәйнекпен мен ұғар ем!
Cырнайлы сырын жырдың ұққымыз кеп,
Сезімге сергелдеңшіл тұтқын іздеп,
Келеміз күйкі өмірден мезі болып,
Жанарды жұмып өте шыққымыз кеп!
Түнектей — өксікке өмір өзі ұласса,
Саз болып сыңсыр жырдан сезім асса.
Былғанған бізді көріп жеркенеді-ау,
Бір күні соқыр жігіт көзін ашса!
Бір күні соқыр жігіт көзін ашса…
* * *
Биылғы қаңтар ауыр,
Басым сан шыр айналды.
Ақпан кеп Арқаға бұл,
Көктемге бір ай қалды.
Сұр аспан төңкерілді,
Ағарды шашым қара.
Көк мұзбен көмкерілді
Ажарлы жасыл қала.
Қаңтарда жаңбыр жауды,
Мұз құрсап тас қаланы.
Талайлы тағдырларды
Сынайды аспан әлі.
Қаңтарда, көктайғақта
Тік өтсек бір сынақтан.
Жүрекке от жайнатқан,
Ақ таңмен кірсін ақпан.
Жібітсін ет-жүректі,
Жүзім де шырайланды.
Бұл қаңтар өтті-кетті,
Көктемге бір ай қалды!..
* * *
Нілдіге жылда келем, Ніл боп ағып,
Қараймын жанарымды Күнге қарып.
Бұл жерде ұлы ұстазым – Сәкен туған,
Қазір де оның рухы жүргені анық!
Нілдіге кім келмеген, кім кетпеген,
(Өспен деп бөтен жұрт па құрметтеген?)
Өлеңге өле ғашық болған елді,
Осында келуге әркез міндеттер ем.
Жап-жасыл көңіл шіркін нілтасындай –
Көгермес өміріңнің құлпы ашылмай.
Бұйығы ғұмыр кешіп жатқан елдің,
Басынан өткен өмір бұрқасындай.
Желіндей басылмайтын Сүйірбайдың,
Тұсыңнан өте шығар құйындай күн.
Ала шаң алқындырған атырапқа,
Мен неге Ніл өзен боп құйылмаймын?!
Қара орман – Сәкен туған Қарашілік,
Тағы бір ақын туса бағы ашылып!
Адасқан Алашымды аласұрып,
Арманға жеткізсе екен дара шығып!
Шөлімді басқам талай бұлағыңнан,
Төріңді шолғам талай құба қырдан.
Қажыған қазақ елін серпілтетін,
Бір Сәкен шығу керек бұл ауылдан!!!
Нілдіге кімдер келіп, кім кетпеген…