Ең алғаш білім ордасы – алтын ұя мектебінің табалдырығын аттағаннан бастап, ұстазыңнан терең білім алып, дүниенің тылсым сырларын ұғынасың. Ұстаз – білім тұңғиығына бойлатумен қатар, адам атаулының бойында болуға тиісті барша ізгі қасиеттерге баулиды. Қажырлы түрде еңбек етуге, алдыңа биік мақсаттар қоюға үйретеді.
Ұстаздың берген білімі мен тәрбиесі, өнегесі ата-ананың тәрбиесімен қатар өрбіп отырады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздың атқарар жүгі аз емес. Шәкіртіне сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында бар ғұмырын арнайтын, ерінбей-жалықпай бар білгенін аямайтын ардақты жандарды құрметтемеуге біздің қақымыз жоқ.
Міне, сондай ардақты ұстаздардың бірі – Ақадыр кентінің М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі Отыншин Кенжебай Ханелұлы. Білімділігімен қатар, жайдары мінезімен, сабырлы қалпымен, өзіне жарасымды бар болмысымен шәкірттерінің жүректерінің төрінен орын алған. Жалпы педагогикалық өтілі 42 жыл болса, оның 20 жылын ұстаздықпен қатар директордың орынбасары қызметін бірге абыроймен атқарып келеді.
Кенжебай Ханелұлы 1964 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау ауылдық кеңесінің (қазіргі Жарылғап батыр атындағы ауылдық округінің) Қарғалы ауылында дүниеге келген.
Әкесі Ханел Жақыпбекұлы Ұлы Отан соғысына қатысушы, 1943-1944 жылдары әскери бөлімі қас жаудың қоршауында қалып, Герман фашистерінің концлагеріне тұтқындалған. Лагерьдегі тұтқындарды Кеңес армиясымен одақтас болған Америка Құрама Штаттарының әскері босатады. Соғыстан кейінгі жылдары Шет ауданының «Ақшатау» кеңшарына (совхозына) келіп, алдына салып берген бір отар қойды бағады. Ерен еңбегінің арқасында шаруашылықтың маңдайалды шопанына айналып, осы жерден зейнеткерлікке шығады.
Анасы Төлеу Шаймұханбетқызы Батыр ана, отағасымен бірге 12 бала тәрбиелеп өсірген. Ауылдастары арасында беделі зор болып, шындықты, ақиқат пен әділдікті жаны сүйетін адам ретінде танылған. Балаларына да сондай тәрбие беріп, бойларына жақсы қасиеттерін сіңірген.
Кенжебай бала Қарғалы сегізжылдық мектебіне оқуға барады. Сабақ үлгерімі жақсы болуымен қатар, өнерге де жақын жүреді. Бұл қасиет отбасындағы балаларының барлығына жұғысты болады. Мүмкін, ата-анасынан ауысқан болар. Өйткені әкелері қазақтың қара домбырасын төгілтсе, аналары тәп-тәуір даусымен халық әндерін құйқылжыта орындайтын. Онымен қоса музыка пәнінен беретін ұстаздары Сүлейменов Қалдыбайдың да ықпалы тигені анық.
Кейін тума дарын балаларының құлшынысы жемісін беріп, Отыншиндер жанұялық эстрада ансамблін құрады. Клуб меңгерушісі қызметін атқарып жүрген ағасы Қыдырбай ансамбль жетекшісі, інілері Жолдыбай, Ертай және өзі Югославия елінде жасалған бас, ритм және соло гитараларында, соқпалы аспаптарда және Жапония елінде шығарылған «Ionika» аспабында ойнайды. Әндерді бәрі шырқайды. Жанұялық ансамбль тек қана аудан аумағында ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығына танымал болады. Сол кездегі өмір сүрген адамдар оларды әлі де ұмытпаған болар.
Өнерге деген қызығушылық Кенжебай Ханелұлын өскенде әнші болсам деген арманын тудырады. Бірақ, тағдыр оған басқа жолды таңдаған болып шықты. Сегізінші сыныпты бітірген жылдары қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ беретін мұғалімі Қолдасбаев Амантай:
– Кенжебай, сен ұстаз болуға әбден лайық жансың. Мұғалімдік оқуға түс. Ауылда өзіміздің жергілікті мамандарымыз болғаны дұрыс. Ұстаздықпен қоса өнеріңді де алып жүресің, – деп ақылын айтқан екен. Бұл ақылды апасы Зағира да қолдайды.
Ұстазының тілін алған шәкірті Саран қаласындағы педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 1983 жылы арнаулы орта оқу орнын «Еңбек және сызу пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Алғашқы еңбек жолын туған ауылында, өзі оқыған Қарғалы мектебінде мұғалімдіктен бастайды. Кешегі оқушы енді өзінің шәкірттерін дайындайтын ұстазға айналады. Осы мектепте ол он жыл бойы еңбек етеді.
Алайда, заманның ағымына қарай бұрынғы кеңестік шаруашылықтар мемлекет иелігінен кетіп, жекешеленуге жатады. Бір сөзбен айтқанда нарық заманы келеді. Бұрын бір кеңшар болса, енді 50-60 шаруа қожалығы құрылады. Елдің бәріне жұмыс болмай, халықтың мазасы кетеді. Көп адамдар ауылдан көше бастайды. Мектепте балалар азайып, жабылатын жағдайға барады. Ақылдаса келе, ағайынды Отыншиндер де ауылдан кетуге бет бұрады. Біреулері Балқаш қаласына, біреулері Ақтоғай ауылына, ал 4 ағайынды отбасы өзі аттас ауданның орталығы – Ақадыр кентіне көшеді.
Ақадырға келген бетте Кенжебай Ханелұлы М.Мәметова атындағы орта мектепке жұмысқа қабылданады. Ол уақытта кент белсенділерінің қимылдары арқасында мектептерде қазақ сыныптары ашыла бастаған кез. Осы үрдіс кең етек ала бастады. Екінші жағынан, халық балаларын қазақ сыныптарына беруге дайын емес те еді. Сол үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек болды. Нағыз қызу жұмыс осы кезеңде жүргізіледі.
Қарамағындағы мұғалімін кабинетіне шақырып алған сол кездегі мектеп директоры Басуева Валентина Николаевна:
– Кенжебай Ханелұлы, жағдайды көріп тұрсыз. Қазақ сыныптарын ашып жатырмыз. Бірақ, мамандарымыз жоқтың қасы. Сіз енді ауылдан келдіңіз, қазақ тілін терең білесіз. Мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ беруге келісім беріңіз. Кейін осы мамандық бойынша жоғарғы оқу орнына түсіп оқи жатарсыз, – деп қолқа салады.
Кенжебай ұстаз көп ойланбастан келісе кетеді. Оның үстіне Қарғалы мектебінде осы пәндерден оқушыларға сабақ берген. Аз да болса, тәжірибесі бар. Міне, содан бері осы пәндерді шәкірттеріне үзбей беріп келеді. Кейін Қарағанды қаласындағы Халықаралық Қазақ-Ресей университетін еңбектен қол үзбей оқып, мамандық иесі болып шыға келді.
Ұстаздық жылдарында шәкірттері Удешева Сымбат, Есенов Сырым, Тохметов Құралбек қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен облыстық олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінді. Ал Кәрсембаев Дәурен болса аудандық олимпиаданың жеңімпазы атанды.
Кентай Ханелұлы жас кезінен поэзиямен айналысады. Жанынан өлеңдер жазады. Осы қасиетін пайдаланып, дарындығы бар шәкірттерін де поэзияға, ақындық өнерге баулиды. Оқушыларын домбыра тартуға үйретіп, қолөнерлікке, сурет салуға бейімдейді. Онысы жемісін беріп те жүр. Мәселен, шәкірті Аманжан Алмат республикалық «Жас майталман» мүшәйрасына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Тағы бір оқушысы Хабидолда Аян М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған облыстық мүшәйраның жеңімпазы. Айта берсек, шәкірттерінің жетістіктері аз емес.
2005 жылдан бастап мектеп басшысының ұсынысымен осы күнге дейін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарып келеді. Өзінің жұмысы жайлы сұрағанымда білікті ұстаз:
– Мен ұстаздық мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Жұмысым өзіме ұнайды. Пәндерімді берумен бірге өнерді қатар ұштастырамын. Жылдар бойы жинаған бар тәжірибемді ортаға салып, шәкірттерімді білімге, өнерге баулимын. Тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары ретінде тәрбиелік шаралармен де тікелей айналысамын, – деп жауабын берді.
Педагогикалық жұмысында болған қызықты сәттерге тоқтала кетсеңіз деген сауалыма:
– 1990 жыл болуы керек. Еліміз есін жинап, Кеңес заманында 70 жыл бойы ұмытылған Наурыз мерекеміз қайтып келіп, республика бойынша алғаш рет тойланып жатқан шақ болатын. Ұжым болып біз де осы мерекені тойлаймыз деп келістік. Шараларды ұйымдастырып өткізуді мектеп басшысы маған тапсырды. Мерекені тойлауды өткізуге ешбір әдістемелік нұсқаулар болмады. Кітаптардан іздеп, еліміздің жер-жерінде болып жатқан мерекелік шараларды теледидардан көріп, шара жоспарын құрадым.
Ең алдымен айтыс өнерін қолға алдым. Ол уақытта суырыпсалма ақындар некен-саяқ. Сол себептен сөздерін ұйқастырып, өзім жаздым. Одан соң домбырамен ән айтатын төрт баланы таңдап алдым. Айтысты тек қана ұжым мүшелері мен оқушылар ғана емес, ата-аналар, ауыл тұрғындары да тамашалады. Жиналған қауымға шарамыз қатты ұнады. Онымен бірге арқан тартыс, қол күресі, тіпті ат спорты – бәйге жарыстарын да ұйымдастырдық. Шараларды елмен бірге тамашалап, көңілінен шыққан соң кеңшар директоры Шәріпов Аманкелді Шәріпұлы өзінің қарамағындағы қызметкерлерге Қарғалы мектебінің ұжымынан үлгі алып, шаруашылық бойынша Наурыз мерекесін үйымдастырыңдар деп тапсырмасын берген екен.
Ақадырда мектепте жұмыс жасап жүргенімде қиындықтарға кездескен кездерім болды. Әсіресе, оқушылардың тәртібі қатты алаңдатып жүрді. Тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болғандықтан маған үлкен жауапкершіліктің салмағы түсетіні белгілі. Ата-аналардың көбісі өзге ұлттың өкілі болды. Ішімдікке салынған, жағдайлары төмен отбасылар. Ондай жанұяларда әрине балалардың тәрбиесімен ешқайсысы айналыспайды. Ата-аналарынан қадағалау болмаған соң балалар сабақтарына да немқұрайлы қарайтыны бәрімізге аян. Мектепке келмей қалатын, келгеннің өзінде сабаққа дайындалмай келетін жағдайлар күнделікті әдетке айналды. Олардың тарапынан бұзақылық фактілері тіркеліп жатты. Мұндай жағдай көбінесе ГОРЕМ-29 ауылында орын алатын. Мектеп бойынша жасөспірімдердің құқығын қорғау ісі жөніндегі инспекциясында 13 оқушыға дейін есепте тұрды. Олармен қоса тәрбие жұмысымен айналыспайтын ата-аналарды да есепке тұрғыздық. Қарамағымдағы психолог, әлеуметтік педагог, тәлімгер мамандарымен, сынып жетекшілермен бірігіп жүйелі түрде тәрбие жұмысымен тікелей айналыстық. Былайша айтқанда «майдан» аштық. Әрбір есепте тұрған баланың үйіне жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектормен бірге рейдтік тексеріспен барамыз. Тәртібі қиын балаларды домбыра үйірмесіне, спорттық секцияларға тарттық. Әрқайсысына тәлімгер бекіттік. Жүйелі жұмыстың қайтсе де пайдасы болады. Бүгінгі таңға есепте бірде-бір бала тіркелмеген, – деп сөзін аяқтады.
Кенжебай Ханелұлы әрдайым өзінің кәсіби біліктілігін жетілдіруде. Алматы, Қарағанды қалаларында курстардан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болған. Қарағанды қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында «Ұлттық дәстүр – ұрпаққа аманат» әдістемелік жұмысы тыңдалып, облыстық көлемде әріптестері арасында насихатталған. Бірінші санаттағы педагог дәрежесі берілген. 2015 жылы оның есімі республикалық «Үздік ұстаздар» энциклопедиясына енгізілген. Осы жетістіктерінің нәтижесінде ол білім саласында ең жоғарғы марапат болып саналатын – Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісімен наградталған.
Кенжебай ұстаз кенттің қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласады. Елді мекенде өтетін мәдени және спорттық шараларға мектеп ұстаздарын, оқушыларды қатыстырып отырады. Көп жылдар бойы сайлау комиссиясының төрағасы қызметін ойдағыдай атқарды. Бүгінгі таңда жастық шағындағы әуестігін жаңғыртып, кент өнерпаздарымен бірге вокалдық-аспаптық ансамблін құруда белсенділік танытып жүр. Жақын арада электр гитаралары, соқпалы және «Yamaha» аспаптары алынды. Көп ұзамай ансамбльдің тұсаукесері өтеді деп күтілуде.
Жұбайы Тохметова Гүлмайра Төлегенқызы да мектеп ұстазы. Жоғарғы санаттағы мұғалім, бастауыш сыныптарға сабақ береді. Екеуі 4 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 4 немере сүйіп отыр.
Тұңғыш балалары Жәния да әке-анасының жолын қуып, ұстаздық жолын таңдаған. Ағылшын тілінің маманы. Қазіргі уақытта Ақадыр кентіндегі Қосымша білім беру орталығында әдіскерлік қызметін атқарады.
Одан кейінгі балалары Мөлдір мен Асылмұрат Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін энергетика саласы мамандықтары бойынша тәмамдаған. Алған мамандықтары бойынша жұмыс істейді.
Үйдің кенжесі Нұрасыл 9 сынып оқушысы, әкесі тәрізді музыкамен шұғылданады. Келешекте өнер жолына түссем деп алдына мақсат қойып жүр.
Осы мақаламның соңында айтарым, мектеп – жас ұрпақтың нәр алатын бастауы болса, мұғалім – тәуелсіздікке тірек болар сол бастаудың басты тұлғасы. «Бүгінгідей зымыраған уақыт көшіне ілесу, кез-келген ортада бәсекеге қабілетті болу, білім мен ғылым жетістіктерін меңгермей мүмкін емес. Рухани өрісі биік, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін азамат тәрбиелеу, ұстаздардың қолында. Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келесіңдер», – деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді.
Бүгін міне, бүкіл саналы өмірін ұстаздық мамандыққа арнаған, өзінің жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, білікті, ұлағатты ұстазға айналған Отыншин Кенжебай Ханелұлы осындай тұлға. Ендеше ұстазымызды алдағы келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтай отыра, жемісті еңбек пен сәттілік тілейік!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті