Үш жылда 2 трлн теңге инвестиция тартылды

Инвестиция елдің әлеуетін арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуде таптырмас құрал. Қарағанды облысында да инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Кейінгі үш жылда облыс экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция құйылды.

Биыл да инвестиция тарту ерекше назарда. Бұл бағытта арнайы түзілген жоспар бар. Соның арқасында 910 млрд теңге қаржы тарту көзделіп отыр. Жылдың алғашқы 4 айында 200 млрд теңгеден астам қаржы өндірістік объектілерге құйылды.

Қазір Қарағанды облысында 1200 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр бұл кәсіпорындар 3,5 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп саласында өңдеу секторының үлесі қомақты. 75 пайызға жітіп отыр. Былтыр өңдеу өнеркәсібі 2,6 трлн теңгеге өнім шығарды.

Қарағанды облысында инвесторларға арналған арнайы аймақтар жұмыс істейді. Мәселен, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Саран» индустриялық аймағы нағыз кәсіпорындар тығыз шоғырланған аймақтарға айналды. Бұл жерлерде барлық қажетті жағдай жасалған. Электр энергиясы, коммуналдық желі, су және жол, теміржол тұйықтары тартылған. Сондай-ақ бұл аймақтарға орын тепкен кәсіпорындар үшін айрнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекеттік мекемелер жобаны жолға қойғанға дейін қолдау көрсету, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді. Соның нәтижесінде Саран қаласы моноқалалар тізімінен алынғаны белгілі. Қазір басқа да моноқалаларды әртараптандыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Соған сәйкес арнайы жоспар әзірленіп жатқанын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты.

– Біз қазір әріптестерімізбен бірге «Шағын өнеркәсіп аймақтары» жобасын қарастырып жатырмыз. Бұл жоба дайын өндірістік ғимараттар салу немесе өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолда бар ғимараттарды реконструкциялау үшін жеңілдікпен несие беруді көздейді, – деді аймақ басшысы.

Биыл жалпы құны 250 млрд теңге болатын он инвестициялық жоба іске қосылады. Сәйкесінше 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Жобалар облыстың бірнеше ауданында қолға алынады. Мәселен, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында – «Қарағанды Пауэр Силикон» серіктестігі кремний қорытпаларын шығаруды бастамақ. Сондай-ақ Шет ауданында «Қызыл Арай Купер» компаниясы катодты мыс өндірісін, Қарағандыда «Юнайтед Энерджи Қазақстан» компаниясы жел энергиясы мұнараларын, «Феррум Бетон Продактс» компаниясы темірбетон бұйымдары өндірісін қолға алады. Саранда «Тэмпо Қазақстан» ЖШС болат құбырлар өндірісін және «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» компаниясы мырышталған металл бұйымдар өндірісін іске қосу жоспарласа, «Саран Тракс» ЖШС жүк автомобильдерін құрастыруды бастайды.

Жүк көліктері демекші, былтыр машина жасау 42,6 пайызға өсті. Саран қаласындағы «QazТehna» зауыты 1700 автобус шығарды.

Сарандағы жаңашыл жобалар мұнмен шектелмейді. Индустриялық аймақтағы өнеркәсіптік алаңда инфрақұрылым құру жұмыстары қарқынме жүріп жатыр. Биыл автобус шығару көрсеткішін ұлайту бағытында тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес «Qaztehna» құрайтын автобус санын 2 мыңға жеткізу көзделген. Зауыт өкілдері бұл межені бағындыратындарына сенімді. Себебі қаңтар айынан бері 330 автобус пен 81 коммерциялық техника конвейерден түсті.

Сонымен қатар Сарандағы экономикалық аймақта тұрмыстық техника өндірісін ұлғайту жоспары түзілді. Аймақтағы өндіруші «Silk Road Electronics» ЖШС бұл көрсеткішті 10 есе арттыруды көздейді. Биылғы төрт айда 23 мың техника шығарылды.

Моноқалаларды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айттық. Бұл мақсатта арнайы жоспар жасады. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалаларын дамыту үшін Үкіметпен бірге, нақты айтқанда Ұлттық экономика министрлігімен бірге Қрағанды агломерациясын өркендету бойынша кешенді жоспар әзірленіп жатыр.

– Облыс орталығын, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай сияқты моноқалаларды дамыту үшін Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Қарағанды агломерациясының кешенді жоспары әзірленуде. Сарапшылармен, ғылыми ортамен ақылдаса отырып, Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларын дамытудың жаңа тәсілдерін жасаймыз. «Qarmet»-тің Болат департаментінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, болат, прокат және шойын өндірісін арттыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, «Шұбаркөл Көмір» мен «Шұбаркөл Премиум»-да көмір өндірісін ұлғайту қажет, – деді облыс әкімі.

Былтыр жеңіл өнеркәсіптегі өсім 24 пайызды құрады. Саладағы 18 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді. Бұл көрсеткіш өсе беретіні сөзсіз. Себебі, биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2,1 пайызға өсіріп, 3,7 трлн теңгеге жеткіу көзделіп отыр. Инвестициялар сомасы да 1,5 пайызға артуы тиіс.  Тиісінше, жел энергетикасы қондырғыларына арналған жабдықтар, жүк автомобильдері сынды жаңа бұйымдар импортты алмастыратын болады.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *