Шабанбай би – көрікті мекен

Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылы елдегі ең үздік бес туристік ауылдың қатарына енді. Бұл бестікті Kazakh Tourism компаниясы анықтады. Тұмса табиғатымен туристерді тамсандырған Шабанбай би ауылының бұл атаққа әбден лайық екені сөзсіз.

Шабанбай би ауылы Қызыларай тауларының баурайында жатыр. Ауылға жақын жерде Орталық Қазақстанның ең биік нүктесі Ақсораң шыңы көк тіреп тұр. Шыңның биіктігі – 1 565 метр. Ауылдың бір шетінен орманды алқап басталса, екінші жағында кең жазиралы дала керіліп жатыр. Сонымен қатар орман мен далада өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрі бар.

Ауыл маңында тарихи орындар жеткілікті. Мәселен, өткен ғасырда ауылға жақын жерден қола дәуіріне жататын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері мен тұрағы табылды. Сондай-ақ жақын маңдағы таулардан ғалымдар тас дәуіріне жататын жазбаларды және балбал тастарды, яғни адамның бет әлпеті қашалған ежелгі тас бағаналарды тапты.

Ауылдың іргесімен Тоқырауын өзені ағады. Кезінде Жібек жолының бір тармағы осы өңірмен өткені белгілі. Сонда керуендер осы өзен бойына аялдап, күш жинаған.

Ауылда 2008 жылдан бастап экологиялық туризм қолға алынды. Алғашқылардың бірі болып «Авалон» туристік клубының президенті Виталий Шуптар бастаған туристер осы жерге келіп, экотуризмнің негізін қалады. Серіктерімен бірге велосипедпен келген ол ауылдың ерекше табиғатына тәнті болып, оның атағының тарауына ықпал етті.

2009 жылдан бастап ауыл халқы қонақтарды қабылдау бойынша жұмыстарды бастап кетті. Арнайы үйлер тұрғызып, қонақжай мәртебесіне ие болды. Ал 2014 жылы ауылда алғашқы «Сұлутас» қонақүйі салынды. Қазір бұл қонақүйге айына 30-ға дейін турист тоқтайды.

Жергілікті тұрғындарды туризмге баулу мақсатында жиі-жиі оқыту шаралары ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, Еуроодақтың қолдауымен ауыл азаматтары оқудан өтті. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың Қызыларай қаумалының аумағы абаттандырылды. Бұдан бөлек туристерге арналған карта мен жол көрсеткіш шығарылып, бағыттар әзірленді.

Осылайша Шабанбай би ауылы жыл сайын БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы өткізетін UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауына қатысады. Яғни ауыл жыл сайын өтетін байқауда Қазақстан намысын қорғайды.

Жалпы, Қарағанды облысында көрікті мекендер жеткілікті. Бұлардың қатарында Қарқаралы өңірін, Балқаш көлін ерекше атап өтуге болады. Ұлттық статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі бес жылда туристер саны бірнеше есе артқан. Егер 2020 жылы бұл аймақта 39 554 адам демалса, 2024 жылы 100 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл жерде азаматтарымыз ешкімнің көмегіне жүгінбей, өз еркімен демалатынын ескере кеткен жөн.

Қазір осы мекендерді туристерге таныту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, сол жобалардың бірі – туристерге мәлімет беретін ақпараттық орталық. VISIT QARAGANDA орталығы кәсіпкерлік басқармасы жанынан құрылды. Мұнда өңірдің табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері, сондай-ақ жергілікті операторлар ұсынатын туристік бағыттар мен қызметтер туралы мәліметтер алуға болады. Демалушыларға қайда тұру, не көру, қайда бару керектігі туралы айтып береді.

Орталықта облыстағы саяхатқа таптырмас жерлерді көрсету, жаңа бағыттарды таныстыру үшін туристік орындардың жол көрсеткіші, карта-сызбаларын әзірлеу жоспарланған. Мекеме жұмысы тек туристер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін де қызықты болатыны сөзсіз. Туризм саласында жұмыс істейтіндерге таптырмас көмекшіге айналмақ. Себебі туристік ақпараттық орталық туристерге қолайлы жағдайлар жасауға, сервисті жақсартуға, кешенді туристік өнімдерді, жаңа туристік аумақтарды дамыту бағдарламалары мен тұжырымдамаларын жасауға жәрдемдеседі.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *