Үндістанның Гоа штатының астанасы Панаджи қаласындағы Дона-Паула халықаралық орталығында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында шахматтан әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 15 елдің атынан 89 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен 20 жастағы қарағандылық Әлімжан Аяпов үш жүлде жеңіп алды.
– Блиц сайысында «20 жасқа дейін» санатында Әлімжан тоғыз мүмкіндіктен алты ұпай жинап, Беларусь спортшысы, былтырғы чемпион Михаил Денисенеге есе жіберіп, екінші орын иеленді. Рапидте алты жеңіс, екі тең нәтиже және бір жеңіліспен тағы да күміс жүлдені еншіледі. Ал классикалық шахматта тоғыз партияның жетеуінде жеңіске жетіп, ересектер арасындағы жарыста қола медаль алды, – деді спортшының жаттықтырушысы Виктор Максименко.
Ұлттық құрама сапында барлығы төрт спортшы болды. Ресми емес командалық есеп бойынша Қазақстан шахматшылары Ресей мен Үндістаннан кейін үшінші орынды иеленді. Құрама қоржынына бес күміс пен екі қола медаль түсті. Бұл жетістікте Әлімжан Аяповтың үлесі зор.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ