«Шахтер» ойыншылары оқушылармен кездесті

Кәсіби спортшылармен еркін форматтағы жүздесу, спортпен шұғылдануға арналған сыйлықтар және үлкен футболға апарар жол туралы ашық әңгіме – Қарағанды қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектепте «Шахтер» футбол клубының өкілдерімен кездесу өтті. Шара клубтың жастарды қолдау және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігіне айналды.

Оқушылар және ұстаздармен кездесуге клуб өкілдері және Freedom QJ League жасөспірімдер лигасының өткен маусымындағы жарқын ойыншылардың бірі Глеб Макридов келді. Қонақтар жаттығу үдерісі, жас футболшыларға қойылатын талаптар және кәсіби спортта табысқа жетуге көмектесетін қасиеттер туралы әңгімеледі.

Оқушылар спорттағы тәртіп, бәсекелестік, күн тәртібі мен мотивация жайында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Кездесу жасөспірімдерге спорттық жетістіктердің арғы жағында қандай еңбек пен жауапкершілік тұрғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Қонақтар мектепке футбол және волейбол доптарын табыстады. Аталған білім ордасында «Шахтер» академиясының тәрбиеленушілері білім алатындықтан, мектепті қолдау клуб үшін ерекше мәнге ие.

Жұмыс тек жаттығу алаңдарында ғана жүргізіліп қоймай, балалардың білім алып, дене шынықтырумен айналысатын жағдайларына да көңіл бөлінеді.

– Біздің клуб үшін әлеуметтік жауапкершілік – жай ғана ұран емес, күнделікті қызметіміздің ажырамас бөлігі. Мектеп қабырғасында баланың мінезі қалыптасады, тәртібі шыңдалады, алғашқы армандары пайда болады. Осындай кездесулер балаларды шабыттандырып, өз күшіне сенуге мүмкіндік береді. Қоғаммен бірлесіп жүзеге асырылатын бастамаларға әрдайым ашықпыз, – деп атап өтті «Шахтер» ФК медиадиректоры Бекежан Ардақұлы.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ