Шахтинск қаласында конькимен жылдам жүгіруден жеке біріншілік өтті

Шахтинск қаласының орталық стадионында әуесқойлар мен кәсіби спортшылар арасында конькимен жылдам жүгіруден жеке біріншілік ұйымдастырылды. Жарысқа барлығы 20 адам қатысты.

Сайыс төрт санат бойынша өтті: қыздар, жасөспірім ұлдар, әйелдер және ерлер. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді.

Қыздар арасында Мәриям Әбжалиева жеңіске жетті. Екінші орынды Евгения Гайер иеленсе, үшінші орындарды жарыстың ең жас қатысушылары — Аружан Елжан мен Милана Никифорова бөлісті. Екі спортшы да небәрі жеті жаста.

Мәриям Әбжалиева үшін бұл алғашқы алтын медаль емес: ол өткен жылы да қалалық жарыстарда жеңімпаз атанған.

Жасөспірім ұлдар санатында мәреге бірінші болып Шалқар Төлеуғазы жетті. Екінші және үшінші орындарды Нұрислам Ардақұлы мен Маргилан Хангелдиев иеленді.

Әйелдер арасында Назым Батырхан бірінші орын алып, Екатерина Никифорова екінші болып мәреге келді.

Ерлер санатында Амангелді Әбжалиев жеңіске жетті. Күміс жүлдені Александр Фёдоров еншілесе, үшінші орынды Алмат Әбиев пен Қайсар Төлеуғазы бөлісті.

Біріншілікке қатысушылардың басым бөлігі кәсіби спортшылар емес, коньки тебуді қызықты хоббиіне айналдырған әуесқойлар. Шахтинск қаласының әкімдігі мұндай бастамаларды қолдап, қалада осындай жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Келесі жарыстар ақпан айының алғашқы аптасына жоспарланған. Тіркеу және жарысты өткізу шарттары туралы толық ақпаратты 8-708-383-95-38 нөмірі арқылы алуға болады.