Сіз балаңызға қалай қарап жүрсіз?

18 жасқа толмаған кез келген жеткіншек бала болып есептеледі екен. Халықаралық балаларды қорғау күні ғана емес, бүлдіршіндер қай уақытта болсын қорғалуы тиіс. Балалар адамзаттың болашағы ғана емес, өсіп-жетілуі емес пе? Олар озбырлық пен қиянаттан, жемқорлық пен жауыздықтан аман болуы керек.

«Капернаум» деген киноны көрмесеңіз, көруге кеңес берер едім. Негізі біз армандап жүрген әділет балаларға тән десек, жаңылыса қоймаймыз. Есейе келе қоршаған ортасына, үлкендерге қараған жас көзқарасы мен өмір дағдыларын өзгертіп, үлкендердің жолымен жүрмесе болмайтынын сезеді. Сөйтіп бала табиғатын, былайша айтқанда өзін тәрк ететінін ойлап көрдіңіз бе? Ал мына «Капернаумда» мүлде басқаша.

Он жас шамасындағы бала ата-анасын сотқа береді. Өзін дүниеге әкелгені үшін ата-анасын сотқа берген бала – ХХІ ғасырдың бір сыйқы. Әке-шешесінің жағдайсыздығынан, тұрмысының төмендігінен әбден жапа шегіп, теперіш көрген бала ақыры сондай әрекетке барған. Демек, кез келген саналы азамат отбасын құрған соң, дүниеге ұрпақ әкелген соң баланың қалауынша өмір сүруін (бостандығы мен еркіндігі) бірінші кезекке қоюы тиіс. Әйтпесе, ол Қыдыр атадан сұрайды, Құдайға жалбарынады, ақыр аяғы мынадай дәуірдің балалары туған әке-шешесін сәбиінің жағдайын ойламай тұрып, оны рұқсатсыз өмірге әкелгені үшін сотқа береді. Өзінің көрмеген бақытты балалығы үшін, сезінбеген мейірім, махаббаты үшін, айналып келгенде бұғауға түскен бас бостандығы мен еркіндігі үшін. «Біз азаттықты қалай қабылдап, қадір-қасиетіне қаншалықты жетіп жүрміз?» деген сауал туады. Бостандықтың бір аты балаларға жарқын болашақ сыйлауға саяды. Қазақ азаттығымен қоса дүниеге жаңа ұрпақ келді. Қазір сана өзгерген, құндылықтардың орны алмасқан. Не нәрсе болсын бір түрден басқасына ауысқан кез. Бүгінгінің баласы бұрынғының баласындай аяз атаға хат жазып, қарап отырмайды. Бірден азаттығы мен жеке бас бостандығын қорғауға талпынады. Сол жолда күреседі ерік-жігері болса. Әділетті іздейді. Дүниеде ең басты құндылық адам десек, сол пенде баласының ұлы құндылығы басының азаттығы. Оның рухының еркіндігі, ар-намысының аяққа тапталмауы, махаббат пен мейірім жылылығын сезінуі, көзқарасы – осының бәрі бас бостандығы болмаса, түкке тұрғысыз дүниелер. Бұл ойымызды ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «тарих жолындағы күреске толы кезеңде әр ұрпақ өзіне тиесілі міндетті толық ада еткенде ғана ел болашағы жарқын, алдыңғыларға артық жүк, соңғыларға борыш қалмайды» деген мағынадағы сөзі қуаттай түсетін сияқты. Демек, сіздің немқұрайлылығыңыз, өзіңізге жауапкершіліктің төмендігінің өзі – балалардың жауы, екі есе күш салатын бейнетке пара-пар.

Дүниеде қазақтай балажан халық аз десек те, бүгінгі әрекеттеріміздің көбі болашаққа, балалар тағдырына немкетті қарайтынымызды көрсетеді. Тұлғаның үйлесімді дамуы үшін бала махаббат пен мейірімді отбасында ғана емес, әлгіндей ортада өсуі керек. Ересектердің міндеті – баланы өз бетінше өмір сүруге дайындау, қоғамның толыққанды мүшесі болуына көмектесу және баланың қалыпты физикалық және интеллектуалдық дамуына жағдай жасау.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда балалардың құқығын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құжаттар   ратификацияланған. Мемлекетте сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары жазылған заңдар мен жарлықтар қабылданды. Алайда балалардың әртүрлі тобы әртүрлі көмекке және тең әлеуметтік қорғауға мұқтаж. Әлеуметтік қорғауға мұқтаж балалардың басым топтарына: жетімдер; ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; жағдайы нашар отбасынан шыққандар; асырап алынған балалар, көпбалалы, толық емес отбасылардың балалары; функционалды даму ерекшеліктері бар балалар; жұмыссыз азаматтардың балалары жатады.

Қайда қарама, алимент төлемеген әке, ажырасқан отбасы, тағысын тағылар сізді шошытпай ма? Оның үстіне әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілген балаларға теріс тәрбие сіңіретін ұялы телефон деген сұмдық шықты. Баланы рухани жетілдіретін тірек осы тәрбие десек, бұл да жіті бақылануы тиіс дүние.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *