Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінің әскери оркестрі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Таир сауда орталығында мерекелік концерт ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – соғыс жылдарындағы ерлікті еске алып, халыққа патриоттық рух сыйлау және Жеңіс күніне деген құрметті арттыру болды.
Концерт барысында әскери оркестр Ұлы Отан соғысы жылдарында орындалған әйгілі әндерді шырқап, көрермендерді терең әсерге бөледі. «Катюша», «Журавли», «День Победы» сынды жүрекке жылы, мағыналы әндер орындалып, тыңдармандарды өткенге жетеледі. Сауда орталығына келген қала тұрғындары мен қонақтары концертті ыстық ықыласпен қарсы алып, әрбір орындауға зор қошемет көрсетті.
Мерекелік шара барысында оркестрдің кәсіби шеберлігі мен орындау мәнері көпшіліктің көңілінен шығып, Ұлы Жеңіске деген мақтаныш сезімін оятты. Бұл – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мен тарихи жадымызды жаңғыртудың бір жолы болды.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметі