Ұстаз бен шәкірттің байланысы – тек білім беру үдерісі емес, ол ұрпақтар сабақтастығының негізі. Бұл байланыс арқылы бір буынның білімі, тәжірибесі мен рухани құндылықтары келесі ұрпаққа беріледі. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі үшін бұл жауапкершілік ерекше. Өйткені тіл – ұлттың жаны, ал әдебиет – оның айнасы.
Мұғалім тек грамматиканы немесе көркем шығарманы оқытпайды, ол шәкіртінің ойлау қабілетін дамытып, сөз өнеріне баулиды, дүние танымын кеңейтеді.
Нағыз ұстаз оқушыға тек білім беріп қана қоймай, оның өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Орынша Қарабалина ұстаздың рөлін дәл сипаттайды: «Мұғалім пәннің маманы емес, өмірдің маманы, өмірдің тамыршысы болуы керек. Өйткені бала өмір сүруді біздің алдымыздан бастайды емес пе?!».
Расында, шәкірттің болашаққа деген сенімі, өзін-өзі тануы, қабілеттерін ашуы ұстаздың берген бағытына байланысты. Әлсіз мұғалім оқушының кім екенін тани алмайды, мықты ұстаз оның бүгінгі деңгейін бағалайды, ал ұлы ұстаз – оқушының болашақта кім болатынын көріп, соған жол сілтейді.
Кейбір шәкірт өлеңге жақын, бірі шешендік өнерге бейім, енді біреуі жазушылық қабілетімен ерекшеленеді. Ұстаздың міндеті – осы қасиеттерді байқап, дамытуға қолдау көрсету.
Пауло Коэльоның «Садақшы» шығармасында: «Ұстаз – білгенін үйрететін адам емес, шәкірттің бойында бар білімді ашу үшін қолынан келгеннің бәрін жасай алатын жан» делінеді. Бұл – ұстаздың шынайы миссиясы. Білім беру тек мектеп қабырғасындағы төрт жыл немесе он бір жылмен шектелмейді. Нағыз ұстаз шәкіртімен әрдайым байланыста болады. Ол үшін шәкірт – тек оқушы емес, болашақтың иесі. Жиырма жылға жуық уақытын білім саласына арнаған ұстаз үшін әрбір шәкірт – жеке тарих.
Бірі журналист, бірі ақын, бірі ұстаз жолын жалғастырып, өздері де ұрпақ тәрбиесіне үлес қосады. Бұл – ұстаздың еңбегінің жемісі, сабақтастықтың көрінісі. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қымбат құндылық. Ол тек мектеп қабырғасында ғана қалып қоймайды, шәкірт өмір бойы ұстазынан алған білім мен тәрбиені бойына сіңіріп, оны өз жолында қолданады. Ұстаздың айтқан бірауыз сөзі кейде шәкірттің бүкіл болашағын өзгертуі мүмкін. Нағыз ұстаз – шәкіртінің болашағын қалыптастыратын тұлға. Ол әр оқушыға сенім артып, оның бойындағы қабілетін ашады, бағыт береді, жігерлендіреді. Ұстаз берген білім, көрсеткен өнеге – уақыт өте келе шәкірттің өмірлік ұстанымына айналады. Бұл – нағыз сабақтастықтың айқын көрінісі.
Гүлнар МУСИНА,
Шет ауданы, Нұра ауылы ЖББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі