2025 жылдың көктемінде Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің қабырғасы ерекше бір жылылық пен шығармашылық рухқа толы болды. 23 сәуір күні мұнда 9-сынып оқушылары арасында «Бастауыш сыныптарды оқыту» бағыты бойынша «JasSkills» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Болашақ мұғалім болуға ниетті жеткіншектер бас қосқан бұл дода – тек байқау ғана емес, әр жүректегі ұстаздық арманның алауын тұтатқан алаң болды.
Іс-шара Қарағанды облысының білім басқармасының бастамасымен, облыстық оқу-әдістемелік орталығы және Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Чемпионаттың шымылдығын колледж директоры Уатаева Гүлмира Сұлтанмұратовна ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жүрекжарды тілегін білдірді.
Бұл чемпионат – «Жұмысшы мамандықтары жылы» мен «Педагогикалық сынып» жобасы аясында ұйымдастырылып, жастарды мұғалімдік мамандыққа жақындату, олардың болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік беру мақсатын көздеді.
Шешуші кезеңге жолдама алған 11 оқушы төрт бірдей кезең бойынша өз қабілеттерін сынға салды. Ал әр кезең – болашақ ұстаз бейнесін сомдауға арналған бірегей мүмкіндік еді:
«Мен – жаңа форматтағы бастауыш сынып мұғалімімін» – қатысушылар заманауи мұғалім рөлінде өздерін қысқаша бейнеролик арқылы таныстырды. Бұл кезең – алғашқы әсер мен ішкі жалынның көрінісі болды.
«Super Ped Star!» – TEDx форматындағы ашық презентацияда оқушылар білім берудегі өзекті мәселелерді қозғап, батыл ойлары мен көзқарастарын ортаға салды. Бұл – сөз саптау мен ой өрнегінің жарысы іспетті өтті.
«Smart quiz» – IT Gimkit платформасындағы онлайн блиц-турнирде қатысушылар логика мен білім жылдамдығын көрсетті. 10 минут ішінде 20 сұрақ – нағыз зияткерлік сынақ.
«Prospective teacher» – болашақ мұғалім бейнесін макет арқылы таныстыру. Мұнда қатысушылар тек идея ұсынып қана қоймай, оны нақты жобамен дәлелдеуге тырысты.
Қазылар алқасы үздіктерді анықтап, мына қатысушылар жеңімпаз атанды:
І орын – Ахмет Кәусар Жасұланқызы (№65 жалпы білім беретін мектеп),ІІ орын – Марат Алижан Бейбітұлы (Көкпекті жалпы білім беретін мектеп), ІІІ орын – Таупық Марғұлан Нұрланұлы (Көкпекті жалпы білім беретін мектеп).
Жеңімпаздар мен олардың жетекшілері дипломдармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл – тек марапат емес, олар үшін ұстаздық жолдың алғашқы жарқын белесі.
«JasSkills» – жай ғана чемпионат емес, жас жүректердегі педагогикалық шабытты оятқан, әр балаға «мен де болашақ ұстаз бола аламын» деген сенім сыйлаған рухани мереке болды.
Нұртілеу НҰРМАҒАНБЕТОВ,
«Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі» КМҚК
педагогика ғылымдарының магистрі,
математика пәні оқытушысы,
«Бастауыш білім беру» бөлімінің меңгерушісі,
«Бастауыш сыныптарды оқыту» құзыреті
бойынша «JasSkills» өңірлік кәсіби шеберлік
чемпионатының Бас сарапшысының орынбасары