«Әрекетіміз дұрыс болу үшін біздің соған баратын жолымыз қандай болу керек екенін анықтап алуға тиіспіз» — деген екен Әл-Фараби. Әрекет етуде адам сан түрлі жолды таңдауы мүмкін. Бірақ сол харекет дұрыс болу үшін бір ғана жол бар. Ол – тазалық жолы. Адам тазалығына өлшем болатын – оның таңдаған жолы. Таңдаған жолына өмір бойы адалдық танытқан, ізгілікке негізделген ұстанымдарды өмірлік тұғыр еткен, ар тазалығын, жан тазалығын, көңіл тазалығын, ой тазалығын, сөз тазалығын, қол тазалығын бәрінен жоғары қойған ұстазымыз – Задан Тасқалиұлы Жұмағали. Қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар білікті ғалым, барша ғұмырын ұстаздыққа, тәлімгерлікке арнаған, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Задан Тасқалиұлы туралы ақтарылып айтылар сыр көп.
1997 жылдың 13 қарашасында Задан ағаның Қабдеш Жұмаділов шығармашылығына қатысты ұсынған тақырыбы бойынша ғылыми тақырыптар жөніндегі үйлестіру кеңесінің сын-пікір, ұсыныстарын біліп қайту мақсатында Алматыға жол тарттым. Мен Алматыға түскен жұма күні Ғылым Академиясы әдебиет және өнер институтының қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінде әдебиеттанушы ғалымдардың ешқайсысы болмай шықты да, кандидаттық диссертациясын қорғауға дайындалып жүрген курстасым Айман Файзулловна Зейнулина(қазір С.Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты, ХАА академигі) маған дүйсенбі, сейсенбі күндерін күту жөнінде кеңес берді. 18 қараша сейсенбі күні зерттеу жұмысы тақырыбымның басқа ізденуші тарапынан бекітіліп кеткендігі анықталып, қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі С.С.Қирабаев және бөлімнің ғылыми қызметкерлері Ш.Сариев, Ә.Нарымбетов, Қ.Ергөбек, Б.Ибраимов сынды ғалымдар жаңа тақырып алу жайында сөз қозғады.
Бөлім ғалымдары арасынан Құлбек ағайдың ұсынысы маған ой салды: «Жанар, қазақ балалар әдебиеті – зерттелмеген сала. Менің ойымша, балалар әдебиетін зерттеу керек. Мәселен, балалар әдебиетіндегі ертегі жанры деген мәселені ешкім қарастырған жоқ. Осы тақырыпты алсаң, қайтеді?». «Жетекшіммен ақылдасайын!» — дедім. Ақылдастым. Задан Тасқалиұлы «Дұрыс!» — деді. Менің жұмысымның тақырыбы «Қазіргі қазақ балалар әдебиетіндегі ертегі жанры» түрінде бекітілетін болды да, жұмыс бойынша ғылыми жетекші тақырыпты ұсынған Құлбек ағай болу керек деген ауызша ұсыныс жасалды. «Задан ағайдың жетекшілігімен жұмыс істеуге бекініп келген болатынмын. Басқалай болуы мүмкін емес» -дегенді мен сыпайылап жеткіздім. «Бұның – дұрыс шешім. Демек, екі ғылыми жетекшің болады!» — деді бөлімдегілер.
Бір айдан соң Айман маған тақырыбымның Ғылыми Кеңесте қаралып бекітілгенін қуана хабарлады. Кейіндеу қолыма тиген бұйрық көшірмесін сөзбе-сөз келтіруді жөн санап отырмын. «Қазіргі қазақ әдебиеті бөліміне Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Ж.А.Рүстемова 1997 жылдың 17 қарашасынан бастап ізденуші болып саналсын. Ғылыми жетекшілері болып доцент З.Т.Жұмағалиев пен ф.ғ.д. Қ.Ергөбеков тағайындалсын». Бір себептермен араға 7 жыл салған уақытта филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған «Қазақ балалар прозалық әдеби ертегісі» тақырыбындағы диссертациямды 2004 жылы Астана қаласында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі филология ғылымдары докторы дәрежесін беру жөніндегі Диссертациялық кеңестің мәжілісінде Задан Тасқалиұлы Жұмағалидың жетекшілігімен сәтті қорғап шықтым.
Қазір қазақ әдебиеті кафедрасында, Задан Тасқалиұлы шәкірттерінің ортасындамын. Шәкірттерінің ұстаз жайындағы, әсіресе, сабақ өткізу әдіс-тәсілдері жөніндегі естелік әңгімелері мен үшін қызықты. Задан ағаның оқу-тәрбие процесінде қолданған әдіс-тәсілдерінің маңыздылығын бүгінгі жоғары оқу орындары білім алушыларының педагогтік, әдіскерлік құзыреттілікті игеруін қамтамасыз ету мәселесімен байланыста түсіндіруге болады.
2016 жылы Қарағанды қаласындағы «Глассир» баспасынан Задан Тасқалиұлы Жұмағалидың 80 жылдығына орай ұстаз өмірі мен өнегесін, ғылымдағы жеткен жетістіктері мен ұстаздық ізгі істерін баяндайтын «Адамгершілік айнасы» атты ғылыми-танымдық және тағылымдық естеліктер кітабы жарық көрді. Естелік жинақ мақалаларының басым көпшілік авторлары – Задан ағаның шәкірттері. Кітаптағы «Зекеңнің зерлі шапаны» мақаласында қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым, сыншы, ХАА академигі Жандос Қожахметұлы Смағұлов ұстазы туралы «Ол кісінің сабағын себепсіз көп босаттым дегенше, емтихан тапсыруға бармай-ақ, чемоданыңды жинап ауылға қайта беруіңе болады. Қатты да қатал талап қойып, пәнге қатысты көркем шығармаларды түгел оқуды қадағалайды және оны анықтау үшін жекелеген эпизодтық детальдарына дейін сұрайды» -деп жазады. Ұстазы жүргізген семинар сабақтарында әр студент өздері таңдаған тақырыптары бойынша топтың алдында 15-20 минут баяндама жасайды. Топ студенттері баяндамашының баяндамасын талқылайды, жетістігін де, кемшілігін де айтады. Бағаны да қоятын – топ. Шәкіртінің еске түсіріп айтқан бұл мысалдары Задан Тасқалиұлының әдіскерлік бағытын тануға мүмкіндік береді.
Пәнге қатысты көркем шығармаларды түгел оқығанын анықтау үшін жекелеген эпизодтық детальдарына дейін сұрау және студент бастай беріп, ары қарай өзінің жалғастыруы, содан кейін студенттен арғы жағын бөгелмей, іле жөнелуді талап етуі, содан соң студент жауабын үзіп тастап, қайтадан өзіндік баяндауы – Задан ағаның үнемі қолданған тәсілі екен. «Осылай сұрақ-жауап түрінде екі-үш рет қайымдасасың» деп жазады «Өзге емес, өзім айтам өз сырымды…» естелігінде. Бұл – қайымдасу тәсілі. «Қысқасы, бұл тәсілдің пайдасы үлкен еді. Әдебиет пәнінен студент жақсы білім алып шығады. Оған көзіміз жетті. Қарағанды пединститутында өзіме дәріс берген ұстаздарымның әлгі әдісін қолданып көрдім. Студенттерді бес-алтыдан бөліп, бағдарлама жасадым да, көркем текстіні оқыған-оқымағанын қадағаладым» — деп еске алады ұстаз. Осы күні бұл тәсілді кафедра оқытушылары тиімді түрде қолдануда.
Шәкірттерінің бірі – қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Шапағат Шарапатұлы Жалмаханов «Задан Тасқалиұлы қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, фольклоры және сыны мәселелерінің білгірі болумен қатар, қазақтың әдеби шығармаларының мазмұнын, ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылық өмірбаянын бүге-шігесіне дейін біледі. Өлеңдерді, дастандардан үзінділерді жатқа да айтады. Көркем туындының әрбір деталін баяндау арқылы автордың идеясын, түпкі ойын талдап түсіндіретін. Қазақ әдебиеті ғана емес, орыс әдебиеті, шетел әдебиеті классиктерінің шығармаларын салыстыра, салғастыра түсіндіруі бір бөлек. Факультеттегі орыс және шетел әдебиетінің ауыздарын айға білеген мамандары ол кісімен байқап сөйлесетін, не бас жағына барыспауға тырысатын» — деп сыр шертеді «Еменнің бұтағы» мақаласында. Бұл – әйгілі әдебиеттанушы, тілші ғалымдар Қ.Жұмалиев, Н.С.Смирнова, М.С.Сильченко, С.Аманжолов, А.Әбілқаев, Х.Әділгереев, Қ.Жармағамбетовтерден дәріс тыңдаған, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Ә.Сәрсенбаев, Т.Жароков, Х.Ерғалиев, Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиев, І.Кеңесбаев, М.Балақаевтарды көзі көрген, олардан тағылым алған Задан Тасқалиұлының мол білім иесі болғандығының дәлелі.
«Семинар сабақтары кезінде студенттердің өзіндік жұмыстарына қатысты үйіп-төгіп тапсырмалар беріп, көбіне өлеңдер жаттатып, көркем шығармаларды оқып келуге беретін. Көптеген ақын-жазушылар шығармаларын оқып, жаттауларды тапсырғаннан кейін барып емтиханға жіберетін. Ұстазымызға «дайындалып келіп едім» десең болды, кез-келген жерде сұрай беретін. Аузынан «жақсы» деген сөз шыққаны, онда емтиханға бара бер дегені болатын. Өзіндік білім беру әдіс-тәсілі қалыптасқан Зәкеңнің осы бір дәстүрін дұрыс көріп, оқытушылық ісіне лайықты баға бергендер көп» -деп еске алады қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Берік Серікбайұлы Рахимов «Өткен күн мен осы күн» естелігінде.
Шәкірт ұстазға қарап бой түзейді. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды…» естелігінде Задан аға ұстазы – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Қажым Жұмалиев туралы былай дейді: «Қ.Жұмалиев қатал, мінезі кесек, реті келіп қалса, бет-жүзіңе қарамай айтатынын айтып тастайтын кісі еді. Ренжіскен адамының соңынан арыз-шағым айтпайтын, жіңішке қағаз жағалатпайтын, сыртынан ғайбаттамайтын. Біз, аспиранттары, оны осы қылығы үшін жақсы көретінбіз, құрметтейтінбіз. Ол кісі жерлестік, таныстықты білмейтін, жұртты қабілеті, адамгершілігі тұрғысынан бағалайтын. Бір аспиранты – Оңтүстіктен, екіншісі – Солтүстіктен, үшіншісі – Орталық Қазақстаннан деген сияқты қырық рудан бола беретін. Біз, аспиранттары, оны аз ғана қазақты бөлшектемегені үшін жақсы көретінбіз, құрметтейтінбіз». Қ.Жұмалиевтің тағы бір шәкірті – белгілі ғалым, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Қажым Жұмалиевтің саналы өмірі түгелдей ұстаздық жолға арналды. Ол дәріс оқу үстінде ешқандай конспекті, қағазға қарамайтын. Әдеби шығармаларды талдау үстінде кез-келген ақын, жыраудың өлеңін жатқа соғып, сөз маржанын нөсерлеткенде тыңдаушысын сілтідей тындырып, керемет әсерде қалдыратын» — деп жазған екен. Бұл тұрғыда Задан ағаға шын мәніндегі ұстазы, диссертациялық жұмысының жетекшісі Қажым Жұмалиев тағылым-тәлімінің игі ықпал-әсері болған болар деген ойға қаласың.
«Әрі дәріс оқитын лектор, әрі куратор ретінде бізге қатысы бар Зәкеңнің әсерлі әңгімесін тыңдауға құмартатынбыз. Олай дейтінім, Зәкең басқа оқытушылар сияқты «марксизм мен ленинизмді» езіп, дәрісті оқулықтарға сүйеніп сөйлемейтін. Әрбір дәрісті немесе семинар сабақтарды өткізгенде юмормен, әзіл-қалжыңмен өріп отыратын. Күнделікті өмірмен тығыз байланыстыратын» — деп жазады Задан Тасқалиұлының сексен жылдық мерейтойына арналған мақаласында журналистика кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистрі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлімжан Құтжанұлы Жақан.
Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Саржан Уахитұлы Такиров бірде Задан ағаның өзінің білмекке құмарлығын оятқан тәсілі туралы әңгімелеп беріп еді. «Наполеон Бонапарт туралы жазған Стендаль, Манфред, Тарлені білесіңдер ме? Ай, қайдам, сендер білмейсіңдер ғо-о-й!» — деу арқылы менің Наполеон Бонапарт туралы көркем дүниелер мен зерттеу еңбектерін іздеп оқуыма түрткі салды. Фредерик Стендальдің «Наполеон өмірі», кеңес тарихшысы Альберт Захарович Манфредтің «Наполеон Бонапарт» кітаптарын, Ресей және кеңес тарихшысы, академик Евгений Викторович Тарленің «Наполеон» монографиясын – бәрін жинап алдым, оқыдым, білімімді толықтырдым. Кейінірек кафедрада отырып, бір сағаттай әңгімелескен уақытта «Әй, бала, көп оқығансын-ау!» — деп айтқаны да бар еді» — деген еді. Әлімжан Құтжанұлы мен Саржан Уахитұлы естеліктері Задан ағайдың студенттерге бағытталған оқыту әдіс-тәсілдерін, юморды қолдану, намыс қайрау тәсілдерін өз кезінде асқан тиімділікпен пайдаланғандығын байқатады.
Қазіргі уақытта білім берудің инновациялық тәжірибесі деп аталып жүрген оқыту технологияларын, атап айтатын болсақ, белсенді оқыту әдістерін, студенттерге бағытталған оқыту әдістерін, зерттеуге негізделген оқыту әдістерін, өзін-өзі бағалау, өзара бағалау әдістерін сабақ беру барысында кезінде Задан аға тұрақты қолданған екен. Демек, бүгінгі күні пайдаланылып жүрген технологиялық әдістердің басым көпшілігі – Задан Тасқалиұлының сабақ беру барысында қолданған әдістері. Тек қазір олар бізге цифрлық технологиялармен жаңғыртылып оралып отыр. Осы тұста Шапағат Шарапатұлының ұстазы туралы «Ең басты мұраты студенттен бағдарламаны толық игеруді талап ететін» деген сөзін еске алудың реті бар.
Задан Тасқалиұлы Жұмағалидың «Өршіл гуманизм өнегесі» (1977), «Дауылды жылдар шежіресі» (1987), «Шындық және көркем әдебиет» (1993), «Уақыт және әдебиет» (1999), «Замана сазы» (2001), «Кезең және әдебиет» (2004), «Жылдар, ойлар…» (2004), «Бел-белесте» (2005), «Сөз және оның қолданыс аясы» (2011) атты монографиялары, оқулықтары, оқу және оқу-әдістемелік құралдары, 200-ден астам зерттеу мақаласы, сыншылдық, публицистикалық мақалалары – ұлттық руханиятқа, әдебиеттану ғылымына қосылған және алдағы уақытта талай зерттеулердің нысанасына айналатын, өлмейтін, өшпейтін мұра.
Биыл әдебиеттанушы ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы Задан Тасқалиұлы Жұмағалидің тоқсан жылдығы университет көлемінде аталып өтпекші. «Адамгершілік айнасы» естелік кітабында Задан ағаның «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды…» атты 50 беттен тұратын естелігі «Әзірге айтпағым осы» деген сөйлеммен аяқталады. Ұстазымыздың естелік-мақалада «әзірге» деген сөзді қолдануы тегін емес деп ойлаймын. Өйткені шәкірттері барда ұстаз ұлағаты туралы әңгіме өз жалғасын таба береді!
Ж.А.РУСТЕМОВА,
қазақ әдебиеті кафедрасының
қауымдастырылған профессоры,
ф.ғ.к.
