Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – жастардың таңдауы

2025 жылғы 14 қазан күні Бұқар жырау ауданының мәдениет үйінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – жастардың таңдауы» атты құқықтық форум өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру және ашықтық пен адалдық принциптерін насихаттау болды.

Форумның ашылуында аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы рөлі мен олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері заң алдындағы жауапкершілік, пара беру мен алудың құқықтық салдары және мемлекеттің бұл бағытта жүргізіп жатқан саясаты туралы мазмұнды баяндамалар жасады.

Форум барысында келесі тақырыптар кеңінен талқыланды:

жастар арасында жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру жолдары;

әділдік пен парасаттылық – табысты қоғам негізі;

мемлекеттік қызметтегі ашықтық және жауапкершілік;

сыбайлас жемқорлықтың салдары және оның жастар болашағына әсері.

Шара барысында жастар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, ашық пікір алмасу өтті. Қатысушылар білім саласындағы парақорлық, жұмысқа орналасу кезіндегі әділетсіздік, грант бөлу жүйесіндегі ашықтық сияқты мәселелерді көтерді. Бұл тақырыптар бойынша мамандар нақты түсініктеме беріп, тәжірибелік мысалдармен бөлісті.

Форум қорытындысында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізу, мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында арнайы тренингтер ұйымдастыру және жастардың өз пікірін еркін білдіре алатын диалог алаңдарын көбейту жөнінде ұсыныстар айтылды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – жастардың таңдауы» форумы жастардың өз болашағына бейжай қарамай, әділетті қоғам құруға белсенді атсалысып жатқанын көрсетті. Мұндай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың заңға деген құрметі артып, парасаттылық пен адалдық қағидалары нығая түсетіні сөзсіз.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ