Теміртау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5516 әскери бөлімінде жеке құрам қорытынды тексерістен өтті. Бұл – жыл бойғы дайындықтың нәтижесін айқындайтын маңызды кезеңдердің бірі болды.
Тексеріс барысында әскери қызметшілердің дене шынықтыру, атыс дайындығы, тактикалық және саптық машықтары жан-жақты бағаланды. Әрбір әскери қызметкер өзіне жүктелген міндетті орындауда жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілік танытты.
Қорытынды сынақтың басты мақсаты – бөлімнің жауынгерлік қабілетін бағалау және жеке құрамның кез келген жағдайға дайын болуын қамтамасыз ету. Комиссия мүшелері әскери тәртіптің деңгейін, оқу-материалдық базаның жағдайын және командирлердің ұйымдастырушылық қабілеттерін де назардан тыс қалдырмады.
Сынақ қорытындысы бойынша жеке құрамның толық тексерістен өтіп, үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер марапатқа ұсынылды.
Мұндай тексерістер әскери қызметшілердің кәсіби өсуіне серпін беріп, олардың ел алдындағы борышына деген жауапкершілігін арттыра түсетіні анық.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі