Төлегенді өлтірген кім?

Жер бетін белгісіз бір Дантес кезіп жүр. Дантестің тұқымынан екені анық. Бірақ, есімі беймәлім. «Елеусіз» қалғаны несі? Шен беру керек оған. Ақынды өлтіргені үшін. Тарихта қалар еді Дантес, Мартыновтар құсап. Әлде атақтан қорқа ма? Іздеп табу керек сол батыл адамды. Ақын өлтіру оңай ма? Сәбиді өлтіргенмен бірдей емес пе? Сол адамды тапсам, бетінен сүйіп, құшақтар ем. Төріме отырғызам. Не деген жүректі адам өзі? Және сондай қарапайым. «Жо, маған атақ-даңқтың керегі жоқ. Тірлігімді жасай беремін» дейтін шығар. Әлде ол кісі өліп кетті ме? Шұғыл түрде, оны жер астынан іздеу керек. Табу керек ондай батырды. Өлген болса да. Көктасына «Ақынды өлтіруге батылы жеткен тағы бір жан» деп белгі жазу керек емес пе? Не деген адам едіңдер. Әлгі адамды қараусыз қалдырғандарын не? Беріңдер атағын. Бір емес, екі-үшеуін беріңдер. Біріншіден, ақынды өлтіргені үшін. Екіншіден, осынау атақтан бас тартқаны үшін. Үшіншіден, мұндай мәртебені көтере алмай, өліп кеткені үшін. Посмертно. Қай ақын дейсіз бе? Мұндай атаққа себепші болып отырған – Төлеген ғой. Төлеген Айбергеновты айтам. Иә, оны өлтірді.

Ақынның қызы Айнар Айбергенова барлық шындықты айтты. Айнар Төлегенқызы әңгімені төтесінен бастаған екен: «Әкем өз ажалынан өлген жоқ. Ол қастандықпен өлтiрiлдi… Мұны негiзсiз айтып отырған жоқпын. Әкем қайтыс болғаннан кейiн жетi-сегiз жыл өткенде бiздiң үйге Қарақалпақстаннан екi-үш адам анамды iздеп келген. Олар: «Сiз күйеуiңiздiң өлiмiне қатысты iс қозғатыңыз. Бiз ақынды кiм өлтiргенiн айтып беремiз. Олар күйеуiңiздiң iшiп отырған шарабына стекловата салып берген. Сөйтiп, ақынды қасақана өлтiрген. Бiз шындықты бiлемiз. Қылмыстыларды қазiр ұстамасақ, кейiн кеш болады. Олар Қазақстанға көшiп кеткелi жатыр», – деген». Бірақ, әлгі «атақ» иесіз қалатын болды. Өйткені, ақынның жары Үрниса бұл істі қазбалауды жөн көрмепті. Ақынның қызы Айнар: «Ол кезде біз баламыз» деп еске алады. «Неге істі қозғамадыңыз» деп сұрағанда Үрниса: «Сен неге сөз тыңдап жүрсiң? Бала емессiң бе? Үлкендердiң сөзiне құлақ салма және араласушы болма» деп тыйып тастаған көрінеді. Құпия құпия қалпында қалады.

Шарабына стекловата қосқан дейді. Ал стекловатаның құрамында шынының үгінділері бар екендігі белгілі. Төлеген бауырдан өлді деген өтірік болып шықты. Стекловата ақынның бауырын езіп жіберсе керек. Сондықтан, ресми деректе бауырдан өлді деп жазылған.

Сұхбатты әрі қарай оқиық. Енді мынаған қараңыз. Айнар Төлегенқызы былай дейді: «Бiрақ, шындықты, құпияны ешкiм де бүркемелеп тұра алмайды ғой. Анам көрге алып кеткенiмен, мiне, қырық бес жылдан кейiн мен ашығын айтып отырмын. Оған себеп болған жағдай да бар. Әкемнiң 70 жылдығын өткiзгеннен кейiн үйiме бiр кiсi телефон шалған. Менiң Төлеген Айбергеновтiң қызы екенiмдi сұрап, бiлiп алды да, өзiн таныстырды. Сөйтiп, бiр кiсi сәлем айтып жiбергенiн, оның өзi менi таба алмағанын және қазiр Астанаға келе алмайтынын айтты. Сонда түсiнгенiм, Атырау жақта тұратын бiр кәрi апа бiр кiсiге Төлеген Айбергеновтiң ұрпақтарының бiрiн тауып бершi деп өтiнiш айтыпты. Бiздiң телефон нөмiрiмiздi iздейдi. Ондағысы, бiзге айтқысы келген бiр нәрсе бар көрiнедi. Әйтеуiр iшiнде жүрген бiрдеменi айтып, жеңiлдеп кеткiсi келген секiлдi… Бiрақ… хабар маған жеткенде бәрi кеш болып қалды. Әлгi апа қайтыс болып кеткен екен».

Құпия жұмбақ кісімен бірге кетті. Қандай апа? Не айтқысы келді? Екі ғана нұсқасы бар. Бірі – Төлегенді кім өлтіргенін білді. Бірі – өзі өлтірген. Төлегендермен бірге жүрген біреу екені анық қой. Дастархандас болған адам. Не үшін өлтірді сонда?

Сол жылы Төлеген Айбергенов Ленин комсомолы сыйлығын алатын білген екен (Төлеген қайтыс болғаннан кейін 1974 жылы берілді). Ленин комсомолы сыйлығы дегеніміз қазір мемсыйлықпен бірдей дүние. Сонда бар болғаны сыйлық үшін бе?..

Темірхан Медетбек «Телегей-теңіз тебіреністердің ақыны» атты мақаласында Төлегеннің өлімі жайлы былай деп еске алады: «…Сол жылы көшеде кездескен бір кісіден Төлеген Айбергенов түу Қарақалпақстанда жүргенде кенеттен қайтыс боп кетіпті деген сұп-суық сөзді есітіп, үстіме мұп-мұздай су құйып жібергендей мәңгіріп тұрып қалғаным бар. Ол кезде өлім деген сөзге әлі бой үйрене қоймаған кез ғой. Мұқағали, Жұмекендердің көздері тірі. Мәңгіріп тұрып-тұрып Жазушылар одағын бетке алып тартып кеттім. Әрине, мен жұрт жиылып абыр-сабыр боп, ақынын жоқтап аһ ұрып жатқан шығар, сол көпшіліктің ішінде болайын деп ойлағам. Барсам, жоқ, олай емес. Жазушылар одағы бәз-баяғы қалпында. Абыр-сабыр да жоқ, ақынын жоқтап аһ ұрып жатқан жұрт та жоқ. Таныс ағалардың бірінен «Төлеген қайтыс болыпты ғой, рас па» деп сұрап ем, ол кісі менің сұрағыма онша мән бере қоймаған сыңаймен «е-е солай болыпты ғой, байғұс» деп жүре жауап берді…». Қабырғасы қайыспайтын не деген адам. Құдды бір ақындар күнде өліп жатқандай. Әлгі кісіге бәрібір екен. Ақын өлтіру ерлігі осылардың қолынан келеді.

Темірхан ағаның естелігіндегі «кенеттен қайтыс болды» деген сөзі біраз жайттың басын ашып тұр. Ойланып көріңіз.

Төлеген өлді. Мұқағали сонда:

«Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,

Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.

Торғай-өлең шырылдап бара жатты

Аузында ажал дейтін сұрапылдың» деп шын еңіреді. Тұспал тұспал ғой. Әрі тартамыз, бері тартамыз. Ақын өлді. Ақиқат ше? Ақиқат бас көтеруі керек қой. Ал ол ақиқатты Төлегеннің өлеңінен іздеу керек. Барлығы сонда жатыр. Өлеңі – өмірі. Өзінің ажалы туралы былай деп жырлайды ақын:

«Бір жетсе менің ажалым жетеді

Найзағай оттарынан,

Сатқындар оқтарынан,

Өйткені мен теңіз болып ақтарылам.

 

Бір жетсе менің ажалым жетеді

Адам қолы жасаған ұяттардан,

Қалыңдығы осынау сияқты орман.

Әйтпесе пысықтыққа пысқырмайды,

Мендегі қуатты арман

 

Басқасынан ажалым жетпес менің,

Жауыздықпен өйткені шектеспедім

Мен жарақат салмаған семсер едім

Сондықтан жарқылдаймын,

әйтпесе өтпес те едім.

 

Өле берсін күншілдер күйігінде

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде».

Неге дәл осылай жырлады ақын? Күншілдері кім? Сатқындар ше? Осы өлеңді оқығанда ақын өзінің өлімін айнытпай суреттеп кеткендей көрінеді. Мүмкін дәл суреттеді ме екен?

Ерболат ҚУАТБЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *