Бұдан 25 жыл бұрын өңірімізде тұңғыш саны жарық көрген облыстық «Қарағанды жастары» газеті өзінің қысқа ғана ғұмырында қазақ баспасөзінің көгінде соңына жарқын із қалдырып кеткен беделді басылым еді. Кезінде сол газеттің редакторы болған, бүгінде Қарағанды облысы әкімі аппаратында қызмет атқарып жүрген ағамыз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Төлеубай Ермекбаевпен емен-жарқын сұхбат құрудың орайы келген еді. Оқырмандар назарына сол сұхбатты ұсынғанды жөн көрдік.
— Əңгімеміздің əлқиссасын «Қарағанды жастары» газетінің шығу тарихынан бастасақ. Газеттің редакторы болдыңыз. Өткен ғасырдың 90 жылдары жарық көрген басылымның мақсаты мен бағыты не еді? «Қарағанды жастарын» шығарудың басты идеясы қандай? Осыған тоқтала кетсеңіз.
— Кешегі өткен Кеңес Одағы заманында билік тарапынан идеология мəселесіне қатты көңіл бөлінетін. Аймақ жастарының мəселелерін өткір жəне ашық көтеру, соларға биліктің бетін бұру газетіміздің алдында тұрған басты мақсаты болды. Солай болғанымен, біз тек жастар тақырыбымен шектеліп қалған жоқпыз. Халықтық мүддеге байланысты мəселелерге де өз мүмкіндігімізге қарай қалам тербеп тұрдық. 2009 жылы «Қарағанды жастары» газетінің алғашқы санының шығуына 20 жыл толуына байланысты Қарағанды облысының сол кездегі əкімі Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің тікелей қолдауымен «Жас жүректер жалауы» атты кітап шығардым. Сол кітапты дайындау барысында бүгінде облыстық жасөспірімдер кітапханасында сақтаулы тұрған «Қарағанды жастары» газетінің толық тігіндісін қолыма алып, беттерін парақтай бастағанымда жүрегім тайдай тулап, ерекше тебіренгенім əлі есімнен кетпейді. Сол сезімнің əсерімен жаңағы айтылған кітаптың бір тарауын «Парақтасақ қолға алып, сыр айтасың толғанып…» деп атаған едім
— 90 жылдардағы қазақ баспасөзінің хал-ахуалы қандай еді? Сол кездегі орыстілді басылымдарымен мазмұны жағынан қаншалықты бəсекелес бола алды? Оқырмандардың талғамы мен сұранысы қандай деңгейде еді?
— Шынын айту керек, өткен ғасырдың 90 жылдарының бас кезіндегі қазақ баспасөзінің ахуалы материалдық тұрғыдан алғанда орта деңгейде ғана болды. Бюджеттен қаржыландыру сұйылып бара жатқан. Ал жарнама атаулыны орыстілді басылымдар бөктеріп əкетеді. Газетте жарияланатын мақалалардың мазмұны жағынан қазақ баспасөзі орыстілді əріптестерінен артта қалып қойды деп айта алмас едім. Керісінше, қазақ баспасөзінде ел мен жер, ана тілі тағдырына қатысты халықтың көкейінде жүрген өзекті мəселелер жиі жарияланып жатты.
— Газеттің 1990 жылғы № 40 (43) санында: «Облыстық байланыс басқармасының мəліметіне қарағанда, өткен қыркүйек айының ішінде облыс бойынша «Қарағанды жастары» газетіне жазылғандардың саны 400-ге де жетпейді екен», — деп налыған екенсіздер. «ҚЖ-ның» қыжылы» деген өлең түріндегі үндеу де басылды. Осы үндеуден кейін облыс тұрғындарының газетке жазылу белсенділігі қаншалықты артты? Өз нəтижесін берді ме?
— Ашығын айтсам, газет оқырмандарына арналған бұл үндеу мен «ҚЖ-ның» қыжылы» деген арнау өлеңді жастардың намысын қайрау үшін жазған едім. Бірінші саны 2000 дана таралыммен жарық көрген газетіміз арада бір жыл өткенде апта сайын 8 бет көлеммен 5000 дана таралыммен шығып жатты. Ол кезде Қарағанды облысының құрамында Жаңаарқа, Ақтоғай, Ұлытау, Шет сияқты қаймағы бұзылмаған қазақ аудандары жоқ еді. Солай болса да, ормандай орыстың арасында жүріп, осындай таралыммен жастар газетін шығару жақсы жетістік болатын
— 1989 жылдың 29 қазанынан бастап шыға бастаған газет Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің қолдауын көрген екен. Газет өзөзін ақтай алды ма? Жарнама жағы қалай өрбіді? Онымен кім айналысты?
— Газет өзін толығымен ақтады. «Қарағанды жастарының» кезекті санын ауыл жастары да, қала жастары да елеңдей күтіп жүретін. Ал жарнама мəселесіне келсек, бұл өзі қазақтілді басылымдар үшін қиындық тудыратыны рас. Дегенмен жарнама бойынша жоспарлы көрсеткішті орындап жүрдік. Сол кезеңде газетіміз басылып тұрған «Полиграфия» облыстықөндірістік бірлестігінің бас директоры, соғыс жəне еңбек ардагері Мəлік Имашев ағамыздың тарапынан зор қолдау көрсетіліп тұрды. Мен бүгінде өмірден өтіп кеткен осы абзал ағамыздың жарқын бейнесін үнемі ізгі ілтипатпен есіме алып жүремін.
— «Қарағанды жастарына» жазылар болсаң, басқа басылымдарға қарағанда ең арзаны, «Қарағанды жастарын» оқи қалсаң, басқа басылымдарға қарағанда ең қымбаты» деп жар салған газет шынымен халықтың сөзін сөйлей алды ма? Қаншалықты ақиқаттың жаршысы бола алдық деп ойлайсыз? Газеттің бағасын оқырман береді ғой. Дегенмен өз пікіріңіз…
— «Қарағанды жастары» газеті халықтың сөзін сөйлеп, сойылын соқты деп нық сеніммен айта аламын. Сол кездегі қазақ ауылдарындағы жастар мəселесі, студент жəне жұмысшы жастарды толғандыратын тақырыптар, экология проблемалары газетімізде бүкпесіз ашық беріліп тұрды. Редакциямыздың атына күн сайын оқырмандардан өз алғыстарын білдірген ондаған хат келіп тұрды. Сонымен қатар біз руханият мəселесін де үнемі назарда ұстап отырдық.
— Тəуелсіздік күні төрімізге озғанына, міне, аттай 23 жыл. 16 желтоқсан күні аталып өтілетін тарихи дата — Желтоқсан көтерілісімен тұспа-тұс келеді. Басылым Желтоқсан көтерілісі туралы айтудан тайсалмай, «Желтоқсан жаңғырығы жадымызда» атты арнайы нөмір дайындады. Сол туралы айта кетсеңіз.
— Біздің «Қарағанды жастары» сол өзің айтып отырған «Желтоқсан жаңғырығы жадымызда» атты арнайы бетті жарыққа шығарған 1990 жылы Кеңес Одағы əлі құлаған жоқ еді. Атынан ат үркетін КГБ да өзінің орнында отырған. Желтоқсан батыры, қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі Қайрат Рысқұлбековтің «Соңғы сөз» деген атақты өлеңін де жариялап жібердік.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
Атам десең — атыңдар! — деп келетін осы бір өршіл өлең жолдарының талай жастың жігерін жанып, жүрегіне от бергені анық. Атап айтқым келеді, сол кезеңдегі қарағандылық студент жастардың «Қарағанды жастарына» деген ыстық ықыласы ерекше еді. Газетіміз сатылымға түсетін жұма күндері студент жастар газет дүңгіршегі алдына кезекке тұрып, «Қарағанды жастарын» таласа-тармаса сатып алып кететінін көріп жүрдік.
— Газеттің «Жетінші беттегі кездесу» атты айдары бойынша бірнеше азаматтың сұхбаты жария етілді. Сұхбатты, негізінен, өзіңіз жүргіздіңіз. Мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов, сол кездегі жастар жетекшісі Нұрлан Нығматулин, жазушы Жайық Бектұровтан сұхбат алған екенсіз. Жалпы, сұхбаттың өзектілігі мен мəдениеті төңірегінде əңгіме қозғай кетсеңіз.
— «Жетінші беттегі кездесу» газетіміздің алғашқы төл айдарларының бірі еді. Осы айдар арқылы өңіріміздегі танымал тұлғалармен ашық сұхбат құрып, оқырмандар назарына ұсынып тұрдық. Бұл сұхбаттар елдің қызығушылығын тудырды, газеттің де таралымын еселеп арттыруға ықпалын тигізді. Ал сұхбаттың өзектілігі мен мəдениеті туралы айтар болсақ, бірінші кезекте оқырмандар мүддесі мен сұранысы ескерілуі керек деп ойлаймын. Сонда бəрі де сəтімен шығады.
— Газеттің фотоколлаждарына назар аударып отырсақ, қазіргі техника дамыған замандағы фотоколлаждармен салыстырғанда еш кемі жоқ. Мұның сыры неде?
— Иə, «Қарағанды жастарының» сол жылдардағы фотоколлаждарының өзі алты атанға жүк болғандай еді. Газетіміздің сол кездегі жауапты хатшысы Əшімхан Жəмпейісовтің ұшқыр қиялының жемісі — бұл. Өзінің бірінші бетіндегі фотоколлаждарымен «Қарағанды жастары» сол уақыттағы қазақ баспасөзінде бірінші болып тыңнан түрен салды. Қазір біздің Əшекең — танымал тележурналист.
— Сол уақытта өзіңізбен қатар «Қарағанды жастары» газетінде қызмет атқарған əріптестеріңіз туралы не айтасыз?
— «Қарағанды жастары» газетінің бірінші толқынында өзіммен бірге Құлтөлеу Мұқашев, Əшімхан Жəмпейісов, Қойлыбай Асанов, Жомарт Оспанов, Балқан Ахметов деген жігіттер қоянқолтық қызмет атқарды. Жастар газетін танымал етуге бұл жігіттердің атқарған еңбегі өлшеусіз зор болғанын атап айтқым келеді. Құлтөлеу бауырымыз бірталайжылдан бері Алматы қаласында тұрады, белгілі қаламгер, бірнеше кітабы жарық көрген. Ал қалған жігіттер осы Қарағанды қаласында жүріп жатыр, олар əр салада жемісті еңбек етуде. Бізді үлкен өміргеқанат қақтырған алтын ордамыз «Қарағанды жастары» газетінде жұмыс істеген сол бір жарқын кезеңімізді ыстық ықыласпен сағына еске алып жүреміз.
— Газеттің жабылуына не себеп болды? Газет жұмысын жалғастыруға еш мүмкіндік болған жоқ па?
— Газеттің жабылуының басты себебі — құрылтайшының жоқтығынан қаржылық қолдаудың болмауы. Сол өткен ғасырдың 90 жылдарының басы мен ортасы өте бір ауыр кезең болды ғой. Қоғам бір формациядан екіншісіне өтіп жатқан кез. Бұрынғы идеология түбірімен төңкеріліп түсті. Дүкендерде елге азық-түлікті талон жүйесі арқылы беріп жатты. Жалақы жоқ, жұмыс жоқ. Үй суық, қарын аш. «Байтал түгіл, бас қайғы» заман туды. Əрине, мұндай жағдайда жаңа шығып жатқан жас басылымды сақтап қалу мүмкін емес еді.
— Интернет журналистикаға деген көзқарасыңыз. Жылдамдық жағынан бұған тең келер дүние жоқ екендігі белгілі. Ал мазмұны һəм мақсаты жағынан алғанда, интернет журналистиканың қоғамдағы орны қандай?
— Интернет журналистиканың мүмкіндіктері деген керемет қой. Ұшқырлық жағынан алғанда, бүгінде онымен тең келетін ақпарат көзі жоқ. Ал мазмұны жағынан баспалық басылымдармен теңесе алмай жататыны рас. Дегенмен бүгінгі ақпараттық технология заманында интернет журналистикасы алдыңғы орынға шыққанын ашық айту керек. Қазіргі кезде зейнеткер адамдар болмаса, қызметтегі адамдардың газетті аударып-төңкеріп отыруға мұршасы жоқ. Сондықтан өз басым күнделікті ақпараттың 90 пайызын интернеттен аламын. Əріптестерімнің де солай жасайтынын күнделікті өмірде көріп жүрмін.
— Риясыз əңгімеңізге рахмет!
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
СҰХБАТТАН БӨЛЕК
— Редактор деген кім?
— Редактор деген — басылымның бас бағдарлаушысы, ұжымның ұйытқысы.
— Қандай газеттер оқып тұрасыз?
— «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Дат», «Орталық Қазақстан» газеттерін қарап жүремін.
— Кейінгі оқыған кітабыңыз?
— Шынымды айтайын, кейінгі жылдары кітап оқуға деген бұрынғыдай құмарлық жоқ. Соңғы оқыған кітабым — Бауыржан Омар досымның «11-інші қаламұш» деген кітабы. Одан бері де араға айлар түсіп кетіпті.
— Қазіргі Қарағанды жастары қандай болуы керек?
— Отаншыл, адал және сауатты болуы керек.
— Не таныдыңыз бұл дүниеден?
— Ердің жасы 50 жастың бел ортасына таяған қазіргі шағымда танығаным — адамға бұл өмірде немереден тәтті ештеңе жоқ екен! Алланың берген бір-екі балапаны бар, соларды сағынамын да жүремін…