Түнделік (әзіл-шыны аралас түнделік)

Әдебиет Белгібайұлы Жұманов – Қарағанды облысы Шет ауданы Үңірек ауылында 1972 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келді. ЖезУ түлегі. Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде тілші, Жезқазған облыстық архивте бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Астана қаласындағы «Астана ақшамы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болды. Кейін «Ел», «Ұлт таймс» газеттерінде еңбек етті. Республикалық «Айқын» газетінің «Ара» қосымшасында тілші, «Айқын» газетінде бөлім меңгерушісі болды. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бірнеше жыл еңбек етті. «Орталық Қазақстан» кітапханасы аясында «Мырс-мырс» әзіл әңгімелер жинағы жарық көрді.

Бүгінгі күні «Айқын» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, аймақтық «Arqa Aqshamy» газетінің бас редакторы болып жұмыс істейді.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Күнделік жазып қарық қылмаған пақырыңыз, Түнделік жазбақшы. Қабыл алыңыз. 18 260-шы түннен бастадым. 50*365=18 250 екен, дә… Айтпақшы, 50 деген келген жасым, 365 деген бір жыл ғой. Он күн асырып бастап кеттік. «Түнде не болушы еді?» десеңіз, қателесесіз. 21+дан басқа түс көруге де, түнде өмір де болады екен…

Ал бастаймыз!

 

18 260-шы түн

Футбол ойнап жүрміз. Қорғаушымын. Доп алдыма келеді, тебе алмаймын. Кейде жүгіре алмай, бір орында митықтаймын. Аяғыма доп тиген бетте, ысқырық, 1 тайм бітті. Сол уақытта оянып кеттім. Ашық қалғанмын ғой, мұздап қалыппын. «Бәсе, осыдан екен ғой, доп тебе алмай қиналғаным» деп қоямын. Көрпеге қымтанып алып, бой жылып, маужырай бастадым. «2 таймда қатырамын» деген оймен қайта ұйықтап кеттім… Ойынның жалғасы болған жоқ…

 

18 261-ші түн

Жиналыс өтіп жатыр. «Здравствуйте, дорогие друзья! В дальнейшем буду говорит нам всем понятном языке…» деп алып, үлкен жиын өткізіп жатқан ағамыз: «Өздеріңіз білесіздер, жер де, тіл де, діл де қазақтікі! Еліміз, жеріміз жасасын!» деп қазақша сөйлей кетті, бәріміз ду қол шапалақтай жөнелдік. Әнұран орындалды. Көздерінен жас аққан қазақтар ғана емес басқа ұлт өкілдері де жүректеріне қолын қойып, қосыла шырқап жатыр. Малшына ояндым. Тер судай аққан екен… «Мә, түске де кірмейтін нәрсе жоқ екен-ау, бір орыс отырса, жартылай қазақша, ал, олар екеу болса, былдырласақ та, «слюшайте, што у нас в городе где…» деп сайрай жөнелетініміз есіме түскенде, түсіме кірген жұрттан ұялдым…

 

18 264-ші түн

18 262 мен 18 263 түндері не болғаны есімде жоқ. Тойға бардық. Әйелім санымды шымшып отырған. Басында төмен қарап отырдым. Әрі қарай, айтпай-ақ қойсам да болар. «Ал давай» шашып тастапты…

Бұл енді 18 264-ші түн

Жазуға ерініп от………. М… Пышшшшш…

 

18 265-ші түн

2023 жыл екен. Яғни, биыл, ауылда жүрміз. Төрт мектеп бар. Әр мектепте бес жүз бала оқиды. Мұғалімді құдайдай сыйлайды. Арасында мен де бармын. «Құрметті ұстаздар, айлығымыз екі миллион. Күзде мектепке оралғанда тағы бес жүз мың қосылады» деп директор сайрап тұр… Ауыл әкімі де мәз ғой. «Бүгін бізде үлкен той. Ауылымыз аудан орталығы болады» деп. Киізүйлер тігілген, арасында жастар атқа мініп, табақпен ет тартып жүр. Оянып кетпесім бар ма? 50-60 үйі қалған, кезінде бір сыныпта (а, б және орыс класы деп бөлінетін) 50-60 бала оқыған қайран ауылым есіме түсіп…

 

18 266 түн

Ұл үйленемін деп әбігер басталды. Өйткені ортаға орамал тасталды. Тойдың болғанынан боладысы тек қызық емес, шыжық екен. Шақырылатын қонақтардың бір-екеуі бұзық екен.

Кімді шақырамыз. Мен жазғаным баталы, қатынға керегі қалталы. Тізім тағы қысқарды.

«Ол бәлені шақырмау керек». «Неге?». «Өткенде халал тойда дастарқанда жоқ нәрсе, соның ішінде болды емес пе?». Бірге тығылып ішкеніміз ойында жоқ, қой. «Шырқын бұзбаса да көрініп қойды емес пе?» Айтар уәж осы. Бүлдірмесе де білдіріп қойған бір дос әйелімен қоса сызылды. Оның орнына алыс туысы келіп тізілді.

Ұйқым болса бұзылды. Кімге айтамын, сізге айтпай қыжылды…

 

18 267 түн

Тізім түнгі 12-де қайта жазыла, жо-жоқ сызыла бастады. Біраз құрдас құрдымға, дос қырымға, қалтасыз туыс жырымға кетті. Бұл түні де әйел жақ басым түсті, мен айтқандарымның жартысы тізімге кірмей «ажал» құшты, өйткені қатынның аргументі күшті.

Теріс қарап жатып қалдым. Сөйтіп өзімше қатыннан өшімді алдым. Оған қарап жатқан ол жоқ. Пысылдап әлі тізімді сызып жатыр. Ол жаққа қарар менде енді жол жоқ…

 

18 268 түн

Бүкіл сөзді өзімізге тели бастадық. Бастадық деймін, бұрыннан бұрып әкеп тастадық. Алғаш әзіл, кейін зіл болды.

Будапешт – будақтаған пеш, Аргентина – Арғын тегі…

Ойбай, сіздерге қарсы емеспін. Мейлі, солай болғаны да дұрыс та. Тек маған қалқам, ұрыспа.

Тәржіма да кетті.

Шварцнегер – Қаракесек. Ағам-ау…

Мойындағы жағам, ау.

Күнде айтар «вообще», «бәбше» болды, арғы тегі «бәйбіше» бола салсын… Ләднә. Ләднәні ертең түнде тәпсірлеймін, мөжнә ма?

Ұйқым пришлә…

Келесі түнде кездескенше!

 

18 269 түн

23:50 ұялым ұялмай шыр етті. Көтерсем бір дөкей туралы мақтау жазуға тапсырыс берген таныс ағам екен.

– Дайын ба?

– Жоқ. Cіз айтқан адам туралы жаза алмадым.

– Неге? Ол арнайы тапсырыс қой…

– Білмеймін, қол жүрмей қойды. Бірнеше парақ қағазды жыртып тастадым.

– Сен комппен теріп отырсың ғой?!

– Ол кісіні мақтай алмағаным сондай, жазғанымды принтерден қағазға шығарып алып, жырта беріппін, жырта беріппін, қоқыс толып қалды…

– Өй, сен де, енді кімге жазғызамын?

Бәсе, соңғы үміт мен болсам керек…

Түніміз тыныш болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *