Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Ал енді білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы осында.
Өткен ғасырдың аяқ кезінде Ақадыр кентінде 8 балабақша, бөбекжайлар жұмыс жасап тұрды. Кеңес Үкіметі ыдыраған соң бюджетте қаражат болмай, жергілікті басқару орындары нарықтың тауқыметін көтере алмай, олардың барлығы тарап, жабылуға мәжбүр болды. Ең ақырында қазіргі күнге дейін жұмыс жасап отырған «Балбөбек» атты бір ғана балабақша қалды. Оның өзі жабылуға сәл ғана қалғанда, кенттің қоғам белсенділері атсалысып аман алып қалған болатын.
Уақыт келе халықтың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, яғни балабақшаларға бүлдіршіндерін беру сұраныстары көбейе бастады. Осы мәселе облыс, аудан басшылары келгенде үнемі көтеріліп отырды. Уәделер де аз болмады. Тағы бір балабақшаны салудың сәті сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Ахметов Серік Ахметұлының бастамасымен қабылданған «Ақадыр кентінің 2010-2013 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары» бойынша келді. Республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, елдімекенде заманауи жабдықталған балабақша орын тепті. Жай ғана балабақша болмай, архитектуралық тұрғыда кенттің сәнін келтірген әдемі нысанның біреуіне айналды.
Бұл күндері 2014 жылы пайдалануға берілген «Нұршуақ» балабақшасы, кейіннен атауын бөбекжайға ауыстырып, бір мезгілде 160 баланы қабылдайды. Мекеме қатарында тәжірибелері мол әдіскерлер де, педагогтар да, тәрбиешілер де көптеп саналады. Солардың бірі қырық жылға жуық бала тәрбиешісі болып қызмет істеп келе жатқан Азнабаева Райля Радифқызы.
Райля Радифқызы 1968 жылы қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Радиф Галимзянұлы, ұлты татар. С.Сейфуллин атындағы кеңшардың механизаторы болған. Анасы Махира Саламуллақызы, ұлты башқұрт. Екі қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірген. 1975 жылы Ақадыр кентіне қоныс аударады.
Райля кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейді 1986 жылы бітіріп шығады. Оның басты ермегі кітап оқу болды. Мектеп қабырғасында жүргенде Ұлы Абайдың, А.Пушкиннің, Л.Толстойдың, Ғ.Мүсіреповтің, Ш.Айтматовтың, К.Дойлдың еңбектерін сүйсіне оқиды. Кейде электр жарығы болмай қалып, кітаптың қызығына еніп, май шамын пайдаланып оқығанда ата-анасының қарсылығына да қарамаған екен. Кітап оқу әуестігі өсіп, бой жеткенде кітапханашы боламын деген арманға жетелейді.
Бірақ, мектепті тәмамдаған жылы кенттің «Солнышко» балабақшасына тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа тұруға тура келеді. Бірден балаларды бағу, оларды тәрбиелеу оған қатты ұнап қалады. Сол жылы еңбектен қол үзбей Балқаш қаласының педагогикалық колледжіне оқуға түседі.
Бір жылдан кейін тәрбиеші жұмысына қол жеткізеді. Тәрбиешінің қызметі өзіне бекітілген тобындағы балаларды көруге, тыңдауға, сезінуге, олардың психикалық жағдайын түсінуге, баланың даму заңдылықтарын білуге міндетті. Оқу-тәрбие процесінің қиындықтарына кезіксе де, мойымауы қажет. Сонымен қатар, тәрбиеші балалардың өмірі мен денсаулығына жауапты болады. Ата-аналармен де қарым-қатынас барысында сыпайы болуы тиіс. Барынша әдепті болып, оның шараларын сақтап, өзін дұрыс ұстай білуді де талап етеді. Осы қасиеттің бәрі жас тәрбиешінің бойында үйлесімін тауып жатты.
Ендігі кезекте жас маман тәрбиеші болуға, балалармен жұмыс жасауға бір жолата бетін бұрды. Тағы да еңбектен қол үзбей Қарағанды қаласының «Болашақ» университетіне оқуға түсіп, «мектепке дейінгі балабақша тәрбиешісі» мамандығын алып шығады.
2014 жылы жаңадан ашылған «Нұршуақ» балабақшасына ауысады. Ол мекемеге балабақша меңгерушісі Түсіпова Гүлдария Әйкенқызы шақырған екен. Әрине, жай адам жұмысқа шақырылмайды. Ол кезде Райля Радифқызы балаларға білім мен тәрбие беру ісінде әбден ысылған, мол тәжірибе жинаған маман болып қалыптасқан. Оның үстіне қазақ тілі мен орыс тіліне жетік болса, өзінің ана тілі – татар және башқұрт тілін меңгерген адамды қызметке неге алмасқа!
Бірде жұмыс күні бөбекжай меңгерушісі бір қыз баланы ертіп келіп:
– Райля Радифқызы, танысып қойыңыз. Сіздің топқа екінші ауысымда тәрбиеші болатын жас маманды алып келдім. Аты-жөні Хасанова Татьяна Ивановна. Бір жағынан әріптесіңіз, екінші жағынан сізден тәжірибе алатын жас маман ретінде қабылдаңыз, – депті.
Райля біресе басшысына, біресе ертіп келген қыз балаға қарап:
– Гүлдария Әйкеновна, бұл бала кішентай кезінде балабақшада менің тәрбиемде болған, бала кезіндегі шәкіртім ғой! Әрине, қуана қабылдаймын, бар білетінімді үйретемін. Қам жемеңіз, – деп жауабын берген.
Еңбек жолында екі-үш жасынан тәрбиесінде болып, жиырма жылдай уақыт өткен соң әріптесі болып келіп жатса, одан артық бақыт бар ма?
Райля Радифқызы мамандығы бойынша біліктілікті арттыру мақсатында әрбір бес жыл сайын Қарағанды қаласындағы «Өрлеу» Ұлттық орталығының курстарын оқып жүреді. Онымен қоса Алматы, Қарағанды, Теміртау қалаларында семинарларға қатысқан.
Тәрбиешінің жетістіктерімен бірге жас жеткіншектері де толағай табыстарға жетуде. Мәселен, 2017 жылы Алматы қаласында өткен ІІ Халықаралық балалар арасындағы байқау-фестивалінде сән театры аталымы бойынша Жеңіс Сезім бірінші орынды иеленсе, «Балауса» тобы хореография аталымында Гран-при жүлдесіне қол жеткізді.
2019 жылы тәрбиесіндегі Серғазы Нұрасыл деген бала республикалық «Үркер» атты интелектуалдық марафонда жұлделі орыннан көрінді. Ал енді, «GLOBUS» атты республикалық білім беру орталығы ұйымдастырған суреттер, фотосуреттер, эссе, қолөнерлер және ашықхаттар байқауында кішкентай шәкірті Яичкин Кирилл жеңімпаз атанды.
Балабақшадағы тәрбиешінің шәкірттерінің бағындырып жүрген биіктерін тізе беретін болсақ, шаш етектен асып жығылады.
Осы жоғары жетістіктеріне орай еңбегі де жоғары бағалануда. 2018 жылы облыс әкімі тағайындаған «Қарағанды облысының үздік тәрбиешісі» аталымын ұтып алып, 500 мың теңге сертификатымен марапатталған. Оның алдындағы жылдарда Шет ауданы және Ақадыр кенті әкімдерінің осы сипаттас аталымын ұтып алған. Оған қоса, Қазақстан Республикасы Білім беру Министрлігінің, облыстық, аудандық білім басқармаларының мадақтамалары, Құрмет грамоталары мен Алғысхаттары қаншама.
Кенттің, өзі жұмыс атқарып жүрген мекеменің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып жүреді. Көп жылдар бойы учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі міндетін атқарды. Бөбекжай хор ұжымының белді мүшесі, еңбек ұжымымен бірге кентішілік мәдени және спорттық шараларға атсалысады.
Райля Радифқызының өмірлік жары Раян Ғаянұлы Ақадыр станциясындағы теміржолдың тепловоз, электровоздарын жөндеумен айналысатын «Локомотив – Транс-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс атқарады. Біраз жылдар бойы ТО-3 шебері міндетін атқарды.
Ерлі-зайыпты Райля мен Раянды көпбалалы отбасы иелері деп ауыз толтырып айтуға болады. Екеуінің бірлескен некесінен екі бала туған. Қыз баласы Лилия қазақ жігітімен тұрмыс құрған, Астана қаласында тұрады. Екеуі кәсіпкерлікпен айналысады. Айша, Алдияр есімді екі балалары бар.
Ер балалары Даян Алматы қаласының Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Жекеменшік құрылымында мамандығы бойынша еңбек етеді.
Ал енді кейіннен Қарағанды қаласының балалар үйінен екі қыз баланы өздерінің қамқорлығына алған. Ашығын айтқанда, екі бала да күйеуінің немере апасынан туады, жиендері. Аналары ауыр науқастан кейін өмірден ерте озса, әкелері жұмыс бабында оқыс оқиғадан мерт болған соң жас бүлдіршіндер арнайы балалар үйіне берілген. Тұрмыстары алға басқан жұбайлар ақылдаса келе оларды өздерінің қамқорлығына алуға бел буады. Даяна мен Саяна қазіргі уақытта ержетіп, үлкен азаматшалар болды. Даяна медициналық колледж бітіріп, медбике мамандығы бойынша Астана қаласында жұмыс атқарады. Саяна да Қарағанды қаласының «Лингва» колледжін бітірген, апасының жанында. Кішкентай кезінде қыздары балалар үйін сағынғанда Қарағанды қаласына апарып жүрген болса керек. Сол кезде балалар үйінің директоры Сыздықова Жанар Жұмабайқызы:
– Райля, Раян, мен сіздерге балаларды қамқорлыққа алғандарыңыз үшін өте ризамын. Нағыз мейірімді, балажанды адамсыздар, бақытты болыңыздар, – деп барған сайын алғысын жаудырады екен.
Ерлі-зайыптылардың ортақ арманы болған. Ол армандары – өздеріне қолайлы қылып, жаңа үй салып алсақ деп алдарына қойған мақсаты. Бұрынғы тұрып жатқан үйлері тарлық еткен. Сол армандары орындалды. Бүгінгі таңда өздерінің қолымен салған кең, бойшаң төрт бөлмелі үйлері бар. Аулалары да әжептәуір аумақты алып жатыр. Жаз бойы көкөніс пен жидектерін егеді. Күзде жемісін жинап, қыс бойы азық етеді. Бұл жерде картоп та, қырыққабат та, пияз да, қызанақ та, қияр да, қызылша да, бақлажан да, сәбіз де, шалғам да, жидектердің түр-түрі де бар. Отырғызылған тал мен гүлдер де үй ауласына сән беріп тұр.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері өзінің өмірі жөнінде:
– Мен тәрбиеші мамандығын таңдағаным үшін тағдырыма ризамын. Өзімді бақыттымын деп санаймын. Өмір бойы үйде де, жұмысымда да, балабақшадағы балалармен де, үйімдегі балалармен де, отбасыммен де бірге күн кешемін. Олармен бірге қуанамын да, шаттанамын. Балалардың шаттығы мен риясыз күлкісіне әлемде ештеңе тең келмейді, – деп сөзін сабақтады.
Тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше осы салада үздіксіз тәрбие және білім беру жұмысымен айналысып жүрген педагогтардың, әдіскерлердің, тәрбиешілердің еңбегі жана берсін демекпіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті