Тұтастық ту көтергенде…

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай өсиетін өнеге тұтқан қазақ баласы тәуелсіздік алғанға дейін де, алғаннан кейін де татулық пен бірлікті ту қылып көтеріп келеді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген кеңқолтық еліміз кезінде қазақ даласына тағдыр айдап келгендерді бауырына басып, ашыққандарына қолындағы асын бөліп берген өзге ұлт өкілдері бүгінде ұлысымыздың ынтымағын күзетіп, ырысын еселеуде. Бөлекпіз демейді, біртұтас бауырмыз дейді.

Адамзат жаралғалы бері пенденің жүрегіне толық жетпей келе жатқан асыл қасиет – ізгілік, достық, махаббат. Онсыз ештеңе болмаған, болмайды да. «Жылқы кісінескенше, кісі сөйлескенше» бір-біріне жақын тартып, бауыр баса бастайды. Бауыр тартып, бірлік орнай бастағанда барып береке шөгеді. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінген жерден ғана тұтастық пен елдіктің туы көтеріледі. Адам баласының арасындағы азғантай ғана жақындастық, азғантай ғана көңіл осындай үлкен дүниелерге бастайтынын ертеден білген атам қазақ.

Осы береке сөзінің өзге тілдерден тікелей аудармасын ұшырата қоюыңыз неғайбыл. Орыс тілінде жоқ тікелей аудармасы. Қазақ тілінде құт-береке бірлік сөзімен қатар жүреді. «Береке, бірлік – қамалдың басы», «береке, бірлігіміз артсын» деп бата береді. Демек, бірінші мәселе – бірлік! Отбасында, Отанда болсын! Ол болса, береке келеді. «Ырыс алды – ынтымақ» деп текке айтпайды ғой. Аты айтып тұрғандай тірлік те, татулық пен елдік те, тіпті, ерлік пен теңдік те осы бірліктен шығады екен. Бүгінгі 1 мамыр – бейбітшілік мерекесінің мәнін осыдан-ақ бағамдай беріңіз онда.

«Тозған қазды топтанған қарға алады». Тіксіндіріп қоятын сөз. Сөйтсе де, шындық. Осы тұрғыдан келгенде, біз бүгін ынтымақ пен бірліктің қадіріне жете алып жүрміз бе деген сұрақ туады. Оған ғұлама Таласбек Әсемқұлов жауап қалдырыпты бір жазбасында: «Біздің халқымыздың болашағы бар ма? Бар. Ең бастысы, біз тарихтың ең ауыр өткелектерінен жүгіміз ауса да аман өттік. Содан соң, біздің санымыз көп, болашақ биологиялық комбинацияларға, болашақ селекцияға жетерліктей көп. Алайда, аяқ астынан керемет болады дегенге сеніп керегі жоқ. Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр. Адам, оның қайталанбас тіршілігі, кұқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты қазынаға, басты құндылыққа айналуға тиіс. «Адам, адам, ең бастысы – адам. Адам – ақшадан қымбат. Адамды ешбір базардан сатып ала алмайсың, себебі, олар сатылмайды да, сатып алынбайды да. Адам ғасырлар бойы тәрбиеленіп қана адам болып шығады, бірақ, ол ғасырларға уақыт керек», – деген еді Достоевский. Содан кейінгі басты шарттың бірі – бейбітшілік болуы керек. Ұлы әлеуметтанушы Ле Пле бейбітшілікті адамзаттың басты Конституциясы деп есептеген. Өз заманының дегдар деген білімділерінің бірі «бейбітшілік, бейбітшілік» дегеннен танбаған. Әрине, біздің егемендігіміздің тарихынан талай әнтек басқан қадам, талай қатені табуға болады. Алайда, біздің Президентіміздің саясатының қашанда болсын айнымас, озық бір сипаты бар. Ол – оның бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы түбегейлі, жүйелі күресі. Және бұл Қазақстан шегіндегі ғана емес, бүкіл аймақ шегіндегі бейбітшілік үшін күрес. Міне, біздің болашақ туралы үмітіміздің тиянағы – осы» – деп түйеді автор. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы айтпақшы, «Абайдан қалған уды сарқып ішкен» Таласбек Әсемқұлов қой бұл. Жүгінеміз. Жүгінеміз де, мына сөзін үнемі назарда ұстауды құба-құп көреміз. «Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр» деген. Бейбітшілікті місе тұтып қарап қалуға болмайды екен. Бейбітшілік қандай елде болады? Тәуелсіз, азат елде ғана. Азаттығың болмаса, соның жолында қырық пышақ болып қырқысасың да жатасың. Бостандық пен бейбітшілікті баянды ететін жалғыз күш – ұлттың орасан зор тынымсыз еңбегі ғана деп тұр.

Қит етсе біздің рухымыз төмен деп шулаймыз. Рас. Екі жарым ғасыр Орта Азиядағы хандықтармен, оның ішінде Жоңғариямен соғыс, тағы сондай уақыт орыстың қол астында жаншылып қалған біздің ұлт жантүршігерлік ауыр соққыдан әбден есеңгіреп шыққан адам сияқты. Уақыт өте келе одан айығып кете қойды дегенімізбен, ұлттың болсын, адамның болсын өзіне келуі үшін біраз уақыт күтімсіз болмайды. Сол күтімнің екінші аты – бейбітшілік. Соның арқасында өз-өзіне келген әлгі адам еңбек майданында ысылып, қабілетіне қарай қоғамнан өз орнын табады. Ұлт тірі ағза екендігін ескерсек, оның жетіліп, дамуы үшін жағдай туғызушы бейбітшілікті сақтап тұратын – біздің бірлігіміз. Екі қазақ бір-бірімен ана тілінде пікірлесіп, бір тілде ойланбайынша, екі қазақтың арасында шынайы сүйіспеншілік туып, үшіншісін демеп жібермейінше, дәулеттісі жарлысына, оқығаны оқымағанына көмектеспейінше, сөйтіп бірліктердің (единица) тамшысы тама-тама үлкен дарияға айналмайынша, ұлт ұлы болып кетпейді. Бостандық та баянды болмақ емес. Ендеше, бізге бірлік пен елдік туын көтергеннен басқа түк те қалған жоқ!

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *