Түтінге тағы тұншықтық

Атмосфералық ауаның ластануы – еліміздегі әсіресе ірі өнеркәсіптік қалалардағы басты экологиялық мәселе. Қысты күні терең тыныстап дем алу кей қалада арманға айналған. Астана, Өскемен, Қарағанды, Теміртау түтінге тұншыққан қалалардың алды болып тұр.

Былтырғы жылғы Қазгидрометтің ақпаратына сәйкес, соңғы бес жылда ауаның ластануының тұрақты жоғары деңгейі Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Теміртау, Өскемен және Астанада тіркелген. Ауа сапасының нашарлауына өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары, жылу электр орталықтарының жұмысы, ескірген тазарту қондырғылары және автомобиль себеп.

Қарағанды, Теміртау және Өскеменде оларға күкірт диоксиді, аммиак, күкіртсутек, фенол және басқа да зиянды қосылыстар қосылады.

Биыл да осы жағдай қайталанып, Қарағанды қаласы алтыншы жыл қатарынан ауасы таза емес қала ретінде аталатынына күмән жоқ.

Қарағанды облысы Қазақстандағы ауаның ластану деңгейі бойынша антирекордтың басында сенімді тұр. Еліміздің ең лас қалаларының тізімінде өңірдің екі бірдей қаласы – Қарағанды, Теміртау бар. Сонымен қатар, бұл рейтинг басында Қарағанды да тұр.

Өңірдің өнеркәсіптік алыптары – «Қазақмыс», «Qarmet Теміртау», «Tau-Ken Temir» және басқалары – жыл сайын атмосфераға жүздеген мың тонна зиянды заттар шығарады.

30 қаңтар Қарағандыға қарасты  бірқатар ауданда ауадағы бірқатар ластаушы заттар бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету тіркелді.

Қарағанды облысы бойынша экология департаменті мамандары «Қазгидромет» РМК мемлекеттік мониторинг жүргізу жөніндегі уәкілеттігімен  бірлесіп, қалада түтіннің жиілеп кетуіне байланысты атмосфералық ауаны арнайы аспаппен өлшеулер жүргізді.

Бұл шаралар Пришахтинск, Майқұдық елді мекендерінде, сондай-ақ Қарағанды қаласының орталық бөлігінде жүргізілді. Мамандар көміртегі оксидінің, азот оксиді мен диоксидтің, күкірт ангидридінің және күкіртсутектің концентрациясын тексерді.

Зерттеу нәтижелері бойынша бірқатар аудандарда ауа ластағыш заттар нормадан асып кеткені анықталды.

Мәселен Майқұдықтағы Чапаев және Роза Люксембург көшелерінде көміртегі оксиді бойынша ең жоғары көрсеткіштер 2,5 ШРК, өлшенген заттар бойынша – 10,3 ШРК құрады.

Майлин мен Бабушкин көшелерінде көміртегі оксиді бойынша 2,4 ШРК-ға дейін, өлшенген заттар бойынша 7,2 ШРК-ға дейін асып кетулер тіркелді.

Пришахтинскіде Зелинский, Әдістемелік, Металлистов және Луначарский көшелерінде көміртегі оксиді бойынша ең жоғары мәндер 2,8 ШРК, өлшенген заттар бойынша – 5,6 ШРК жетті.

Айта кету керек, рұқсат етілген шекті концентрация –  бұл атмосфералық ауадағы ластаушы заттың санитарлық нормалармен белгіленген деңгейі, ол үнемі әсер еткенде адам денсаулығы үшін қауіпсіз болып саналады.

Елді мекендер үшін ШРК көміртегі оксиді бойынша 5 мг/м3, суспензияланған заттар бойынша – 0,5 мг/м3, азот диоксиді бойынша – 0,2 мг/м3, азот оксиді бойынша – 0,4 мг/м3, күкірт ангидриді бойынша – 0,5 мг/м3, күкіртсутегі бойынша – 0,008 мг/м3 құрайды.

Бұл көрсеткіштердің бірнеше есе артуы ауаның қолайсыз сапасын көрсетеді және тұрғындардың, әсіресе тыныс алу органдарының аурулары бар адамдардың, балалар мен қарттардың әл-ауқатына теріс әсер етуі мүмкін.

Басқа бақыланатын заттар бойынша асып кетулер анықталған жоқ, көрсеткіштер рұқсат етілген нормалар шегінде болды. Жеке сектордың ықпалы жоқ Қарағандының орталық бөлігінде де ШЖК-дан асып кету анықталған жоқ.

– Майқұдықтағы 13 шағынауданда тұрамын, үш-төрт күн болды көк түтінге тұншығудамыз. Терезе аша алмаймыз. Олай істесек бірден үйімізге кіріп кеткелі тұр. Далада көп жүру мүмкін емес, ашы иіс қолқаны қабады. Біздің үй Майқұдықтың шеткері жағында, яғни біз жылу элетр орталығына жақын жерде тұрамыз деген сөз бұл. Жел бізге қарай соқса көрген күніміз осы, – дейді Майқұдық тұрғыны Әлия Төселбаева.

Экология департаменті отынның баламалы түрі – газ жүргізілген жеке құрылыс аудандарында (оның ішінде ішінара Михайловка ауданы, Гудермесская көшесі) түтін жағдайлары тіркелмейтінін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, ШРК асып кетуі және түтіннің жиілеп кетуі қолайсыз метеорологиялық жағдайлармен – желдің болмауы мен температураның инверсиясымен байланысты-мыс.

Иә, облысымыз ауасы ластану бойынша алғашқы қатардан тек газ келгенде ғана құтылатын сияқты. Ол күн туғанша түтінге тұншыға тұрамыз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ