«Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай. Ер өнері білінбес, қоян-қолтық алыспай» демекші, бүгінде біздің Қарағанды мен Ұлытау өңірлерінің намысын қорғап жүрген, саңлақ балуандар мен көздегенін дәлдеп атқан сұрмергендер, бәйгеден аты озып жүлдегер атанған спортшылар жетерлік екенін білеміз. Сондай жүлдегер, жүйрік жампоздардың арқасында біздің байрақты бәсекеде қасиетті көк туымыз биіктен желбіреп, мемлекетіміздің әнұраны шырқалып жүр. Қазақ жастарының жан-жақты тәрбиеленуінің негізгі тетігі – салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Қазақтың ұлттық спорт түрлері – тек біздің халқымыздың ғана емес, адамзат мәдениетінің қазынасы. Спорт – өскелең ұрпақтың жігерін жанып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жол ашып, халықтың жүрегінен орын алатын қасиетімен құнды. Адамзат алдында тұратын ұлы мақсат-міндеттердің ең маңыздысы – өз ісін, өмірін жалғастыратын, алға апаратын саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ұлы дала елінің текті ұрпағы қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, өскелең ұрпақты ұлттық спорт ойындарға, мәдениет пен өнерге жастайынан баулып оң тәрбие бере білген. Бала кезінен қазақ күресіне құмартқан кейіпкеріміздің бірі – Серіжан Сағиев.
Серіжан 2005 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Мектеп табалдырығын аттап басқан сәтінен бастап Серіжан қазақ күресі спортымен айналысу үшін арнайы спорт мектебіне барып дайындалады.
Спорт өнерінің төресі – қазақ күресі ежелден қазақ балаларын жас кезінен күшті әрі, шымыр, елін, жерін қорғай алатын мың айлалы балуан етіп тәрбиелеуде маңызы зор болған. «Жойқын өзен тіршілік ағысында, жолдас болғай парасат барыс ұлға. Қуанамын қазақтың бір баласы озып шықса өмірдің жарысында», – деп ақын Қадыр Мырза-әлі жырлағандай Серіжан Қайыржанұлы мектеп қабырғасында оқып жүріп, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, аудандық және облыстық спорт ұйымдастырушылар атынан бірнеше медаль, диплом, мақтау қағаздарымен марапатталды. 11 сыныпта оқып жүріп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Жаңаарқа ауданының әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне қосқан үлесі мен кәсіптік негізінде жеткен зор табыстары үшін «Спорт саласының үздігі» аталымымен аудан әкімінің қолынан қомақты сыйлық алып, дипломға ие болды.
Серіжандай спортшылардың артында білікті бапкер мен жан аямай тер төгетін жаттықтырушы тұрғанын білеміз. Жүлделі орын иесі атанған спортшы қанша жерден талантты болса да, бапкерсіз бәсекенің биік шыңына көтеріле алмасы анық. «Жаны жақсы ағаның, етегін баспа жолын қу. Болайын деген баланың, бетін қақпа, белін бу» деп атамыз қазақ бекер айтпаған ғой. Серіжанның алғашқы жаттықтырушысы, өзінің туған нағашы атасы Ізтөлеуов Сырым қазақ күресінен КСРО спорт шебері, ҚР спорт шебері, ҚР құрметті спорт қызметкері. Орта мектепті бітірген соң Серіжан Қайыржанұлы 2023 жылы, Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Дене тәрбиесі және спорт» факультетіне оқуға түседі. Ал қазіргі уақытта Серіжанның жаттықтырушысы қазақ күресінен ҚР спорт шебері, самбо күресінің әлем чемпионы Ізтөлеуов Есім. Серіжан Қарағанды қаласындағы Қанат Байшолақов атындағы «Еңбек» спорт кешенінде жаттығып, дайындалады. Қазіргі уақытта да Ұлытау облысының атынан Республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Серіжан Қайыржанұлы ҚР спорт шеберлігіне үміткер, самбо күресінен Қарағанды, Ұлытау облыстарының чемпионы. Серіжан бауырымыз келешекте, ұлт намысына бекем, мұратына адал, қазақтың үлкен азаматы болсын!
«Бала нені көрсе жастан ұядан, есейгенде соны таныр қиядан» деп шығыс халқының ғұламасы Жүсіп Баласағұн айтқандай Серіжанның спорт саласында «алар асулары көп болып, абырой биігінен көріне берсін» деп ағалық ақ ниет, тілегімізді білдіреміз.
Ғабиден ӘБІЛҚАСОВ,
Әбілқас Сағынов атындағы
Қарағанды техникалық университетінің
аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі
Суретте: Серіжан дзюдо күресінен әлем чемпионы Лаша Шавдатуашвилимен Грузия мемлекетінде өткен екі апталық оқу жаттығу жиынында