Бала кезімде Жаңаарқадағы үйге келіп—кетіп жүрген туған—туыстардан, көрші—қолаңнан, қонақтардан Қызылтау ауылында аңызға айналған «Дәу Совет» туралы әңгімелерді жиі еститінмін. Ол кезде осы ауыл (кейіннен К. Мыңбаев атындағы кеңшарға айналған) — әкімшілік – аумақтық бөлінісі бойынша Жаңаарқа ауданына қарады.
Елдің айтуы бойынша Совекең жауырындары тоқпақтай, алып денелі, салмағы 170-180 келіге дейін жететін ірі адам болса керек. Сауда орындарынан алатын ешбір киімдері симағандықтан, өзіне дәлдеп киімді зайыбы тігіп беріп отырған.
Ол кісіні міңгіге көтере алатын бойы тапалдау бір қара ат қана болған. Иесі мінер алдында жануар жарықтық ыңғайланып, үстіне жайғасып қондыруға дайын тұрады екен. Содан кейін алыс жолдарға екіаяқты «ИЖ» мотоциклімен барып жүрген. Шаруашылықта жай ғана аға шопандық жұмысын атқарып жүрсе де, есімі директор, бас зоотехник, бас ветеринарлық дәрігерімен қатар айтылған.
Бір кездері кеңшар директоры өзі тұрып жатқан № 3 бөлімшеге меңгеруші болыңыз деген ұсынысына:
– Менің жүріп-тұруым қиынға соғатынын білесіз, оданда менен жеңілдеу інім Сайлаубайды басқарушы етіп қойыңыз, – деген екен. Сол кезден бастап бауыры осы бөлімшені біраз жылдар бойы басқарып келген.
Совекеңнің бір керемет қасиеті оның қонақжайлығында болған. Өзі тұрып жатқан «Бүркітті» қыстағына сырттан меймандар келіп жатса, міндетті түрде арнайы қой сойып, ақ дастарқанын жайған. Ал енді, асығып келіп, асқа қарамай кетіп бара жатқандарға «сыбағаң болсын» деп тірідей малды салып беріп жүрген. Онымен қоса туған-туысқа деген бауырмалдығы мықты болған. Әсіресе, өзінен үлкен адамдарды қатты сыйлап, оларға әдейілеп сәлем беруге барып жүрген. Әңгімелерін тыңдаудан жалықпаған.
Күндіз қолы босап кеткенде газет, журналдарды оқып, теледидарды қарап, кешке балаларын жинап алып, оқығанын, көргенін айтып береді екен. Арасында өзі білетін аңыз әігіме, шежіре, ата-бабаларының тарихын да қоса айтқан. Балалары мейлінше ата-тегін, шыққан ортасын жақсы білулеріне жолдарын ашып отырған.
Алайда, Совет Біләлұлына бұл жарық дүниеде өмір сүруге 35 жыл ғана бұйырыпты. Ауыр науқастан қайтыс болғанда үлкен ұлы Қоңырбай 16 жаста, одан кейінгі балалары Аманкелді, Жанкелді, Жанғали, кенже қызы Нұрбану одан да жас болған.
Ендігі кезекте шопан таяғын ұстау өмірлік жары Жақсылық Әбдіғалымқызына өткен. Шынын айту керек, бес баланың анасы болса да шаруашылықты дөңгелетіп әкетеді. Кеңес шаруашылығындағы, тіпті аудан көлеміндегі алдыңғы шепті бермейтін, жұмысынан үлгі алатын шопанға айналады. Аудан, облыс басшыларының бүкіл мақтаулары, мадақтамалары, марапаттары осы кісіге бұйырып жүріпті. Бір жылдары Жезқазған облыстық Кеңесінің депутаты болып, сайлаушыларының аманатын абыроймен атқарып жүрген.
Осы әңгімеміздің өзегі әрі қарай Совет Біләлұлы мен Жақсылық Әбдіғалымқызының ұлы Аманкелді мен немересі Санжар туралы болмақ.
Аманкелді Советұлы отбасындағы екінші бала. Мектепте білімге құштар болып, үлгерімі жоғары болған. Спортқа жақын болғандықтан, білім ордасын тәмамдаған соң Балқаш қаласындағы денешынықтыру техникумына оқуға түседі. Оқудан келген соң екі жыл анасына қолғабыс жасап, бауырларына көмек көрсетіп қой бағысады.
Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Қызылтау орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқушыларға сабақ береді. Ол үшін Тәжікстан астанасы Душанбе қаласына барып, мектептерде әскери білім беретін мұғалім болу мақсатында алты айлық офицерлік курсын оқып келеді. Алған білімін шәкірттеріне жеткізуге жұмсайды.
Мектепте сабақ беріп жүрсе де, әрбір қадамын сыртынан бақылап жүрген кеңшар директоры Сатыбалдин Мағауия Медетбекұлы бір күні кабинетіне шақыртып алып:
– Аманкелді, әкең мен анаңды жақсы білемін, ел сыйлаған ауылшаруашылық саласының нағыз майталмандары. Балаларын да жақсы тәрбиелеп өсірген. Әрқайсысының шаруаға ебі бар. Өзің де мақтауға тұрарлық, тепсе темір үзетін жас жігітсің. Саған № 3 ферманың меңгерушісі қызметін ұсынайын деп едім. Орныңа мұғалім табылар, бірақ өзің сияқты тиянақты, жауапкершілігі жоғары, ауылшаруашылық саласын білетін адам табыла бермейді. Осы ұсынысыма қалай қарайсың? – деп қолқа салады.
Сонымен Аманкелді Советұлы бір жылдары әкесінің інісі Сайлаубай басқарған бөлімшенің басшысы болып шыға келеді. «Жас келсе – іске» дегендей қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмысын жандандыра түседі. Қандай қиын мәселелер болса да, олардың шешімдерін табуда зор табандылық көрсетумен көзге түсе бастайды. Жанында әрдайым Ортау ауылының тумасы, сүйген жары Сәуле Боранқұлқызы табылып жүреді.
Заманның ағымымен еліміздегі бүкіл ауылшаруашылық нысандары мемлекет иелігінен кетіп, жекешелендіруге жатқан кезде К.Мыңбаев атындағы асылдандырылған шаруашылық бірден жекешеленуге жатпаса да, нарықтың ағымына төтеп бере алмайтын жағдайға тап бола бастайды. Біртіндеп, жайлап құлдырай бастаған кезеңге ілігеді. Ауылдан береке кете бастайды. Жекешеленген кезде еңбек өтілдеріне, шаруашылыққа қосқан үлестеріне сәйкес жеке шаруа қожалықтары құрылады.
Аманкелді Советұлы көпшілікпен бірге өзіне тиесілі жерін алады. Бірнеше жыл ферма меңгерушісі міндетін атқарғанымен мал, техника, басқа да мүліктерден бас тартады. Өздерінің жекеменшік 20-ға тарта сиыр, 50-60 қойымен «Үш сай» атты шаруа қожалығын құрады. Шаруашылықтың атауы сол үлеске алған жердің атымен аталса керек.
Жылдар өте, шаруа қожалығының жұмысы өрге домалап, малдың басы көбейе бастайды. Сиыр мен қойға қоса жылқы да көбейеді. Енді халқы көп Ақадыр елді мекеніне жақындау керек болады. Өйткені, ол уақытта қожалықтың иелері өздерінің жұмыстарынан басқа ет, басқа мал өнімдерін сатуды да кәсіптеріне айналдыра бастаған. Бұл ойларын іске асыру үшін алдымен Ортау ауыл округіне қарасты шаруа қожалығының «Көмірадыр» деген жерін уақытша жалға алады. Бір-екі жылдан кейін сәті түсіп Ақадыр кентінен 15 шақырымда орналасқан Ортау округіне қарайтын «Керегетас» аймағынан жер алады. Бүкіл мал-мүлкін сол жерге көшіріп әкеледі.
Халыққа тұтынуға жылқы, сиыр, қой етін, олардың басқа да өнімдерін сату үшін кент ішінен арнайы дүкен ашады.
Жұмыстары алға басып, табыстары одан сайын көбейе арта бастаған кезде, 49 жасқа қараған шағында кенеттен Аманкелді Советұлы, бір жыл үш айдан кейін зайыбы Сәуле Боранқұлқызы ауыр науқастан қайтыс болады.
Әке-анасы қайтқан кезде Санжар Аманкелдіұлы небәрі 23 жаста, қыз баласы Гүлнұр 18 жаста, ал кенжелері Қымбат кәмелеттік жасқа да толмаған – 12 жаста болған екен. Оның үстіне енді бүкіл шаруа қожалығының ісі де Санжардың мойнына жүктелді.
Әкесінен де, анасынан да айрылған Санжар бойын тік ұстап, абдырап қалмады. Әрине, бұл жерде осындай басқа түскен ауыртпалықтан шығу үшін жас жігітке әкесінің бауырларының, өзінің нағашыларының да көмегінсіз болмайтыны анық. Ең алдымен қарындасы Қымбатты қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өз қамқорлығына алды. Шаруа қожалығының жұмысын әрі қарай жүргізуге бар күш-жігерін, марқұм әкесінің жанында жүріп алған тәжірибесін салды.
Бүгінгі таңда «Үш сай» шаруа қожалығының иелігінде 4100 га жері бар. Қызылтау округіне қарасты бұрынғы «Үш сай» және Ортау округіне тиесілі «Керегетас» қалың шалғынға өте бай, көдесі мен жусаны қатар өскен, сай-саласы көкке жамылған, бұлақтарынан сылдыр су аққан әдемі жерлер. Кәнігі Арқаның бел ортасында орналасқан. Осы шұрайлы, малға құнарлы жерлерде 230 бас жылқы, 100-ден аса сиыр, 800-ден аса қой-ешкі өсіріп отыр. Шаруашылықтың жұмысын жүргізуге УАЗ жүк көлігі, Жапония елінің «Тойота – HiLux» жеңіл автокөлігі, басқа да ауылшаруашылық техникалары бар.
Соңғы жылдары 1,5 мың қой малына және 200 сиыр малына арналған екі мал қоралары салынды. Қыстақ басында соңғы еуропалық үлгідегі бес бөлмелі тұрғын үй бой көтерді.
Санжар Аманкелдіұлынан шаруа қожалығындағы жұмысы туралы сұрағанымда:
– Мал бағу кейбір адамдар ойлайтындай оңай шаруа емес. Жаздың аптап ыстығында, нөсер жауында, қыстың қытымыр аязында, түтек боранында малдың соңынан жүресің. Оларға күтім болмаса, уақытысында екпелерін жасап тұрмаса, қай түлік болсын төлдерін дұрыс қабылдамаса малдың басы да өспейді. Қыста малды дұрыс қыстатып, жаз бойы олардың мал азығын, жем-шөбін дайындауың керек. Оны қыстақ басына тасымалдау қажет. Міне, осы бейнеттердің барлығы біздің мойнымызда. Осы шараларды кезек-кезегімен абыроймен орындауға жыл бойы жанталасамыз, – деп жауабын берді.
– Санжар Аманкелдіұлы осы мал бағуда есте қалатындай қандай ерекшеліктерді, қиыншыдықтарды айтар едіңіз, – деген сұрағыма:
– Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын жазда қуаңшылық бел алып, мал азығын қысқы маусымға жетерліктей дайындай алмадық. Қырсық шалғанда, қыс бойы жаңбыр жауып, айналамыз көктайғаққа оранып, кәдімгідей жұтқа айналды. Қыр мен сай-сайдың арасына қой малын жайып тұру жайына қалды. Қыс ішінде 200 бас қойдан бірден айрылып қалғанымыз бар. Бұл бізге үлкен сынақ болды. Содан бері қандай қиындық болса да, жаз бойы сайран құруды кейінге шегеріп, мал азығын артығымен дайындауға бар күшімізді салып келеміз.
Жылқы малын да ұстау оңайға соқпайды. Жаңадан сатып алынған малды үйірге үйреніскенше қадағалап, бағу керек. Әкей марқұм ондай келген жылқыны түнгі 11-ге дейін бақтырып қоятын. Қыс мезгілінде ат шанамен шөп тасып, жылқылардың алдына шашып тастайтын күндеріміз де болып тұрды.
Бірде тіпті жылқыдан адасып кеткен жағдайлар да болды. Ол күні қатты боран соғып, жылқыны жалғыз өзім іздеуге шыққанмын. Бір жақсысы астымда сол үйірдің айғыры болды. Мойныма әлдеқалай жағдай болып қала ма деп, мылтығымды асып алғанмын. Жылқыны тез табу үшін басын бос қоя бердім. Ойлағанымдай, түк көрінбейтін боранда үйірдің үстіне алып келмесі бар ма? Жан-жағымда қасқырлардың ұлыған дауысы, тура жанымда қуалап жүргендей! Ақ бораннан түк көрінбеген соң жылқының жанында болып, дауылдың басылғанын күттім. Үш-төрт сағаттан кейін боран да басылды, таң да атты. Екінші үйірді де тауып алып, қыстақ басына айдап келдім.
Сол жылы біздің аумақта 6 қасқыр пайда болып, жылқыға қырғидай тиіп еді. Біздің иелігіміздегі 10 бастай жылқымызды жеп қойды. Әбүйір болғанда, көршілес «Әлішер» шаруа қожалығының иесі Нұрғазин Өзбек (биыл жазда марқұм болып кетті) аэрошанасымен қасқырлардың барлығын қолға түсірді. Бір күнде үш бірдей көкжалды қанжығасына байлағанын өз көзіммен көргенім бар, – деп әңгімесін аяқтады.
Санжар Аманкелдіұлы «Үш сай» шаруа қожалығының иесі ретінде екі бірдей әкімдікке демеушілік көмегін көрсетіп отырады. Шаруашылықтың орналасқан жері Ортау ауыл округіне қарайды, сол округке тіркелген. Ал енді мал өнімдерін (ет, сүт, май, қаймақ, т.б) Ақадыр кенті тұрғындарына өткізеді. Сол себептен әредік екі әкімдіктің де сұраулары бойынша көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларына, «Мектепке жол» акцияларына, мереке күндері өткізілетін мәдени-спорт шараларына көмегін беріп тұрады.
Еңбегі де бағаланбай қалған емес. Шет ауданы әкімінің, кент пен ауыл әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталған. Бір жылы «Үздіктер номинациясы» бойынша «Үздік шаруа қожалығы» атағына да ие болған. Ақадыр кентінің 85 жылдық мерекесіне орай үлкен демеушілік көрсетіп, кент тұрғындарының зор құрметіне бөленгені тағы бар.
Санжар Аманкелдіұлының өмірлік жары Мәдина Боранбайқызы Қарағанды қаласының тұрғыны. Мамандығы мектеп ұстазы. Алайда, жұбайының басты көмекшісі болған соң, шаруа қожалығының жұмысын екеуі бірлесіп жүргізуде. Екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіріп отыр.
Санжардың өміріндегі тағы бір үлкен жетістігі – әке орнына әке болып, қарындастарын жеке қамқорлығына алып, оларды жетілдіруі. Екеуінің алдымен мектеп бітіріп, кейін оқу орндарына түсіп, жоғарғы білім алуларына бағасыз еңбегін сіңірді. Екеуін де ел қатарлы тұрмысқа ұзатып, қияға қондырды.
Үлкен қарындасы Гүлнұр Қарағанды қаласының политехникалық университетін бітіріп, «Жол және автомобиль көлігі» мамандығына ие болды. Кейіннен магистратураға оқуға түсіп, оны да ойдағыдай тәмамдады. Нариман Берікұлымен тұрмыс құрған, екеуі үш баланың әке-анасы.
Кіші қарындасы Қымбат Қарағанды Медициналық академиясының «Фармацевтика» факультетін бітірген. Қарағанды қаласының аптекасында қызмет істейді. Биылғы жылы сол қаланың тұрғыны Нұрбек Сәрсенұлымен бас қосып, тұрмыс құрды.
Мен бұл әулетті жақсы білетінім, тағдырдың жазуымен Совет Біләлұлының үлкен ұлы Қоңырбаймен бажа болғаным. Оның туғандарымен, бауырларымен жақсы араластым. Тойларында, әртүрлі шараларында бірге болып жүрдім. Өкінішке орай, сол бажамның өмірі қысқа болды.
Бажам Қоңырбайдың қолы алтын еді. Қайыстан қамшы өретін, жылқыға ер-тоқым, ат әбзелдерін жасайтын. Аттың құлағында ойнады. Техниканың да түр-түрін мотоциклден бастап автокөлік, тракторға дейін жақсы меңгерген.
Сөзге шешен, әңгіме, аңыз айтып, шежірені тарқатқанда түбін түсіруші еді. Поэзияға да жақын болды, жанынан әдемі, мағыналы өлеңдер жазды.
Домбыра, гитара, баян тартып, қоңыр дауысымен әндерін тамаша тамылжыта орындайтын. Бір кездері іздесе таптырмайтын ойын-сауық шараларды, тойларды жүргізетін танымал асаба да болды.
Осының бәрі бір бажама тән еді. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлының нағыз өзі, жігіттің сұлтаны, қазіргі заманның серісі болды деуге әбден болады.
Қоңырбай Советұлы дүниеден озғаннан кейін жылдық асына арнап «Асыл бажам» деген өлең жазған болатынмын.
Осыдан, шамамен бір ай бұрын Смағұловтар әулеті дүниеден өткен бабаларына, туған-туысқандарына арнап ас беріп, құран бағыштады. Игі шараның бастамашысы әрине, Санжар Аманкелдіұлы. Сол аста сөз сұрап, марқұмдар туралы естелік айттым. Бір ғана Қоңырбайдың бойына сіңген жақсы қасиеттер осы әулеттің барлығының бойынан табылады.
«Адам – өз өмірінің суретшісі» дегендей жас болса да, бас болып жүрген Смағұлов Санжар Аманкелдіұлының халық алдында атқарып жүрген игі істері ауыз толтырып айтарлықтай. Ендеше сол тектіден тараған ұрпақтың келешектегі істеріне сәттілік тілеп, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ пен береке тілейік. Осындай еңбекқорлығының, таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігінің арқасында өмірдің рахатына бөленіп жүрген жастарымыз көп болғай!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті