Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауға жұмыс сапарымен барды. Биыл қалада жол инфрақұрылымын жөндеу бойынша ауқымды науқан жалғасуда. Негізгі нысандардың бірі – орталық Металлургтер даңғылын қайта жаңарту. Аймақ басшысы қаланы жылумен жабдықтайтын екі негізгі нысанды аралап көрді және трамвай депосының еңбек ұжымымен кездесті.
– Бұл біздің басты көшеміз, жолдың жағдайы нашар болды. Гүлзар жағы салынғаннан бері жөндеу жүргізілмеген. Бұл жерде жолдың жүру бөлігін жөндеу және қырлы тас төсемін ауыстыру ғана емес, сонымен қатар орындықтар, жарықтандырудың жаңа тіректері мен шағын архитектуралық пішіндер орнатылады. Ротонда қалпына келтіріледі және қала өзінің 80 жылдық мерейтойына орай қонақтарды жаңартылған келбетпен қарсы алады, – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбеков. – Барлық учаскеде жол жұмыстары басталар алдында жылу желілері жөнделеді.
Қазір Республика даңғылында, Абай көшесінде – Теміртау көшесінен Сарыарқа көшесіне дейін, сондай-ақ Бейбітшілік даңғылында – Қарағанды тасжолы басталатын жерден Бауыржан Момышұлы көшесіне дейін жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жолдардың жағдайы нашар. Сонымен қатар 23 учаске бойынша сараптама аяқталады, оларды болашақта жөндеу жоспарланған.
Бұдан басқа, 150 жаңа орамішілік жарықтандыру тіректері орнатылады.
Трамвайлар металлургтер қаласы тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді. Облыс әкімі трамвай депосының еңбек ұжымымен кездесті. Қазіргі уақытта мұнда 83 адам жұмыс істейді, тағы 12 адам «трамвай жүргізушісі» мамандығы бойынша оқудан өтіп, кейіннен жұмысқа орналасады.
Кәсіпорын басшысы Алтынбек Қалиақпаров атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
– Барлық ескі трамвай жарамсыз болып қалды. Біз метро вагондарының негізінде жасалған сегіз жаңа заманауи трамвай сатып алдық. Олар жайлы және ыңғайлы: қыста жылынатын, ал жазда салқындататын кондиционерлермен жабдықталған. Бір вагонның сыйымдылығы 130 адамды құрайды, – деп хабарлады трамвай паркінің директоры.
Ермағанбет Бөлекпаев трамвай паркінің тарихы бай екенін айтып, қызметкерлерге өз ісін қорғағаны үшін алғыс айтты.
– Жаңа меншік иесі қажетті қадамдарды нақты белгілеп отыр. Трамвай паркі дамып келеді, оның болашағы зор, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев. – Қазір біздің міндетіміз – қоғамдық көлікті трамвай және автобус қатынасын дамыту. Көлік жүйесін реформалау қажет. Облыста барлық жерде мемлекеттік субсидияларды есепке алу үшін қажетті ONAY! жүйесі енгізілуде.
Облыс әкімі сондай-ақ Қарағанды агломерациясын дамытудың кешенді жоспары бекітілгенін атап өтті. Оның негізгі элементтерінің бірі – кешенді көлік жүйесі. Қалада коммуналдық желілерді абаттандыру және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ол негізгі қажеттіліктер – жылу, жарық, су және жолдар халыққа әрқашан қолжетімді болуы үшін қажетті қаражат іздестірілетінін баса айтты.
Облыс әкімі сондай-ақ қаланы жылумен жабдықтаудың екі негізгі көзін – ҚарМАЭС пен ЖЭО-2 аралап көрді. Теміртауда өткен жылу беру кезеңі күрделі жағдайларсыз өтті. Қазір келесі маусымға дайындық жүріп жатыр. ҚарМАЭС-те «Nova Novatis LTD» ЖК станциясының директоры Сергей Кривов жоспарланған жөндеу науқаны туралы айтып берді. Биыл жазда № 9, 10 және 11 үш қазандықты, №8 және 9 екі турбоагрегатты, сондай-ақ қосымша жабдықтар мен ғимараттар жөнделуі тиіс.
– Барлық жоспарланған жұмыс мерзімінде орындалуы қажет. Мердігерлер бірден іске кірісуі үшін материалдарды алдын ала сатып алу керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Одан кейін облыс әкімі ЖЭО-2-ге барды, онда жетінші қазандықтағы іске қосу-жөндеу жұмыстары туралы баяндалды. Ол өткен жылы орнатылған болатын.
– Бұл қазандық біздің қаламыз үшін бірегей. Алғаш рет барлық процесс толығымен автоматтандырылған, басқару компьютер арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін арнайы жеке пульт бөлмесі салынды, – деді станцияның бас энергетигі Виталий Шульжик.
– Биыл қыс маусымына сеніммен кіріп, іркіліссіз жұмыс істеу қажет, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.