Теміртауда алғаш рет өткен “Наурыз балл – 2026”: әсемдік пен әскери рух тоғысқан кеш

2026 жылғы 18 наурыз күні Наурыз мейрамына орай Теміртау қаласында тұңғыш рет жастарға арналған ерекше әрі көркем мәдени шара – “Наурыз балл – 2026” ұйымдастырылды. Бұл кеш қала жастарының шығармашылық әлеуетін ашып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған айтулы оқиғаға айналды.

Салтанатты балға жалпы саны 50 жұп қатысты. Олардың қатарында қала белсенділері, университет пен колледж студенттері, сондай-ақ 5516 әскери бөлімі-нің 10 сарбазы бар. Әрбір қатысушы кешке тыңғылықты дайындалып, өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті.

Шара Ғалым Әбіханұлы Әшімовтың құттықтау сөзімен ашылып, ол өз сөзінде Наурыз мейрамының маңыздылығына тоқталып, жастарға шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, кештің құрметті қонағы ретінде әскери бөлім командирі, подполковник Данияр Усербаев шақырылды.

Байқауға қатысушылар бір ай бойы кәсіби хореографтардың жетекшілігімен дайындалып, би өнерінің қыр-сырын меңгерді. Нәтижесінде, балл кешінде әсем әуен, классикалық вальс, ұлттық нақыштағы билер үйлесім тауып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Залда орнаған атмосфера нәзіктік пен сұлулыққа толы болды.

Әсіресе, сарбаздардың өнері көпшіліктің назарын аударды. Олардың темірдей тәртібі мен әскери рухы сахнада айқын көрініс тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш қорытындысы бойынша “Наурыз балл – 2026” байқауының бас жүлдесі – ханзада мен ханшайым атағы әділ-қазылар алқасының шешімімен 5516 әскери бөлімі сарбазы, қатардағы жауынгер Ерасыл Асқар және оның жұбы Мерей Толыбай иеленді.

Жеңімпаз жұп арнайы марапатталып, құнды сыйлықтарға ие болды. Бұл жеңіс – тек би өнеріндегі жетістік қана емес, сонымен қатар жастардың табандылығы мен еңбегінің нәтижесі болды.

“Наурыз балл – 2026” кеші Теміртау жастарының мәдени өміріндегі жаңа бастама ретінде есте қалып, ұлттық дәстүр мен заманауи өнердің үйлесімді байланысын көрсетті. Сонымен қатар, сарбаздардың тек қоғамдық тәртіпті сақтаумен ғана шектелмей, қала өміріне белсенді араласатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

ҚР ІІМ ҰҰ “ Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі