Теміртауда сапалы жылумен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып қала береді. Бұл бағытта 2022 жылдан бастап ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы жазда қалада магистральдық желілер ғана емес, сонымен қатар квартал ішіндегі желілер де жөнделді – жалпы көлемі екі есеге жуық ұлғайтылды. Келесі жылы тағы да бірқатар жоба жоспарланған.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау және Ақтау кентінің тұрғындарымен кезекті кездесуде мәлімдеді.
– Жалпы, алдыңғы кездесуден кейін белгілі бір жұмыс жүргізілді. Біздің басты міндетіміз – сапалы жылумен қамтамасыз ету. Бұл жұмысты келесі жылы жалғастырамыз. Сараптаманың оң қорытындысы бар жалпы ұзындығы 12,3 км болатын жылу желілерінің бес учаскесін қайта жаңартуға ЖСҚ дайын, – деді өңір басшысы.
Ол тұрғындарды ашық әңгімеге шақырды. Баяндамаларсыз бірден сұрақ-жауап сессиясына көшті. Теміртау мәдениет сарайындағы кездесу екі сағатқа созылды. Тұрғындар жалпы қала бойынша және нақты аулалардағы проблемалар туралы айтып берді.
Мысалы, Республика даңғылы 47 мекенжайындағы көпқабатты үйдің өкілі лифт қалпына келтірілгенше күте алмайтындығына шағымданды. Оның айтуынша, тұрғындар инвестиция салуға дайын, үйде қарт адамдар көп, олар жоғарғы қабаттарға жаяу көтерілуге қиналады. Ермағанбет Бөлекпаев мәселені шешуді жеделдетуді тапсырды.
ТКШ проблемалары әлі де теміртаулықтарды толғандырады. Алтыншы шағын ауданда жаңа кәріз коллекторын салу қажет. Қала әкімі Ғалым Әшімов қажетті есептеулер жүргізілгенін хабарлады.
Ақтау кентінің тұрғындарына орталық қазандық қажет. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленді және мемлекеттік сараптамада. Оң қорытындыдан кейін қаржыландыру мәселесі шешілетін болады.
Теміртаулықтар ашық құдықтарға назар аударды. Қауіпсіздік – ең басты міндет, деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
– Мұндай өтініштерге бірден жауап беріңіздер! Мұнда «алтын сағат» ережесі болуы керек. Дереу жабыңыздар, содан кейін бұл құдықтың кімге тиесілі екенін анықтаңыздар, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ қоғамдық көліктің жұмысы бойынша сұрақтар қойылды. Ермағанбет Бөлекпаев мәселе белгілі екенін және келіссөздер нәтижесінде жаңа тасымалдаушы табылғанын хабарлады.
Ойын алаңдарының жай-күйі, мектептердің жанындағы жарықтандыру, қоқыстарды бөлек жинау, қаңғыбас иттердің проблемасы – теміртаулықтар кездесуде осы мәселелерді де көтерді.
Ермағанбет Бөлекпаев кездесуге қатысушыларға қала өміріне бейжай қарамағаны үшін алғысын білдірді. Бірде-бір сұрақ назардан тыс қалмайды, деп сендірді ол.
Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады.