Көктем туа әлем жаңарады, алты ай қыс ақ кебіннің астында қалған тіршілік қайта жанданады, жыл келеді жер бетіне, жылдың келгенін дүниеге жар етуге әуелі адам келуі керек қой. Анасыз адам келе ме өмірге?! Анасыз өмір бастала ма? Анасыз тіршілік жаңара ма? Сіз бен бізді, ұл мен қызды Тәңірі ананың құрсағына салып сақтаған, бауырына салып өсірген, аялы алақанына салып мейірімге бөлеген. Ана бойынан, ана жүрегінен өнген мейірім мен махаббатқа қарсы тұрар күш жоқ жер бетінде. «Ана бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің жаны осы тұстан көрінетін сияқты. Демек, алты ай қыстың тоңы жібіп, көбесі сөгілерде туатын 8 наурыз – әйелдер мерекесінен сүйкімді мейрам жоқ.
«Біздің бала күнімізде» деп бастар еді үлкендердің көбі әңгімесін. Иә, «біздің бала күнімізде…». Соғыс, аштық, жоқтық болса да бала күні қызықты өтіпті ол кісілердің. Қазір Құдайға тәубе, ондай тарығушылық жоқ, сонда да бүгінімізден гөрі бала күнімізді айта береміз. Неге? Өйткені ол кезде әке-шешеміз бар еді жанымызда. Әсіресе, ананың аялы алақаны мен ыстық махаббатынан асқан не тоқшылық, не бақыт керек балаға. Содан кейін, ананың сен деп елжіреген жүрегі мен көңілінен кейін не іздесін бала? Махаббат пен мейірімге малшынып өскен баладан жақсы адам шығады. Дүниені бұзатындар жас күнінде жүрегіне махаббат жетпей қалғандар болса керек.
Әр бала үшін феномен – ата-ана. Ата-ананы (отбасын) пір тұту – Отанға табыну деген сөз. «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтпаған қазақ. Әке-шешесін, елі-жерін қастерлеген қазақ қыздарының рухы сөнбегенін содан көреміз. Отан сүю үшін, елді қызғыштай қору үшін зеңбірекпен атып, әлемді төңкеріп тастаудың қажеті жоқ. Ең әуелі туған еліңнің қастерлі сезімдерін, аяулы ұлағаты мен рухын халықтың жүрегіне сіңірсең, одан асқан ерлік жоқ. Дүниедегі бірінші хикмет, Алланың нығметі – махаббат десек, тарихтағы ерліктің бәрін сол жүректегі махаббат тудырса керек.
«Алып анадан» дейді біздің қазақ. Алып дегенде күш иесі балуан ғана емес, алып ақыл-ой, сана мен рухтың да иесі – ананың баласы. «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді, әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көздібұлақ емес пе?» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзінде мән бар. Горькийден еркін аударған «Өлімді жеңген ана» шығармасында сонау Италиядан мына біздің қазақ даласына Азияның билеушісі Ақсақ Темірді іздеп келген ананың қайсар махаббатының алдында жарты әлемді билеген әміршінің өзі бас имеуші ме еді? Түрік сұлтаны Иылдырым Баязит Италияда теңіз жағасында отырған елді барып шапқанда, балықшы отбасының ерін өлтіріп, алты жастағы баласын құлдыққа алып кеткен. Байы өліп, баласынан айырылған ана Баязиттің соңынан қуып келсе, соның алдында ғана Баязитті Темір әскері талқандап, барлық мүлкі мен құлдарын олжалап әкеткенін естіп, онда баласы жоғына көз жеткізіп, Темір әскерінің соңына да түскен. Ақыры ана төрт жыл жүріп, Самарқандағы Темірді тауып, датын айтып, ұлын қайтаруын талап етеді. Жалаңаяқ, жалаңбас, жаяу-жалпы ана! Жүрегінде ұлына, ұрпағына, адамзатқа деген махаббат қана бар. Басқа түгі жоқ. Одан артық не керек адам баласына? Италиядағы Салерно мекенінде күйеуі мен атасының мүрдесі, теңіз жағасында лашығы қалған. Оған қайырылатын ана ма, бірақ? Баласы өлген анаға өмірдің керегі не? Жылдар бойы арып-ашып, ақыры Темірге де жеткен ананың сондағы сөзі мынау: «Адам деген бала ғой. Өйткені ананың жанына көз салсаң, жүз есе бала, адам қашан да анасының баласы. Әркімнің анасы бар. Сен шал, білесің бе, сені де әйел тапты. Сен Құдайдан бас тарта аласың, ал енді анадан бас тарта алмайсың, шал!», дейді әйел-ана. Жарты әлемді уысында ұстаған Темірдің сондағы сөзі сөз, ісі іс қой:
«Үш жүз салт әскер қазір жердің төрт бұрышын аралауға аттансын. Тапсын олар мына әйелдің ұлын. Әйел осында күте тұрады. Мұнымен бірге мен де күтіп отырам. Кімде-кім мұның ұлын атқа мінгізіп әкелсе, ол шын бақыттың дәмін татады». Бұл – дүниені қанға бөктірген Темірдің сөзі. Бағанадан бері бұған куә болған ақын Кермене айтты дейді. Сонда: «Гүл мен жұлдыз жайындағы өлеңнің бәрі сүю жайындағы өлең болады. Майдың айын, көктегі күнді айтсаң, бұл да – сүю жайындағы өлең. Бірақ адамның анасы, өмірдің мықты бәйтерегі ана жайындағы өлең әлі айтылған жоқ», дейді. Рас та шығар, кім біліпті. Ол – қазақ даласының ұлы шайыры Жұмекен мен таулықтардың қыраны Расул Ғамзатов дүниеге келмеген уақыт еді ғой.
«Дүниеде үш-ақ өлең бар» дейді екен таулықтар. «Біріншісі – ананың өлеңі, екіншісі де – ананың өлеңі, үшіншісі – қалған өзге өлеңдер». Мұны дағыстандық Расул Ғамзатов жазыпты. «Ана бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді», дейді біздің ел. Бұл тәмсілдің сырын түсінерге Жұмекеннің (Нәжімеденов) «Анасына» құлақ түрелік.
«Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетеді өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты…»
Біз бұл өлеңге кездейсоқ ұшыраспағанда, жоғарыдағы ойға ат байламас едік қой. Жер мен көктің қасиеті адамдардың жанына көшкен деген сыңайдағы. Жер бетіндегі алғашқы анна бесік тербетіп немесе баласын бауырына алып, әлдилей бастағанда, әрине, болашақ халықтарды тербетіп отырғанын білген жоқ. Шыңғыстаудың бауырында анамыз Ұлжан бала Абайды бесікке бөлегенде, ұлт ақыл-ойының шамшырағын тербетіп жатқанын білді ме екен?..
Жер күнді айналады, ұлы тартылыс күші әлемді ұстап тұрса, жер бетінің тепе-теңдігін сақтап тұрған тербеліс заңы екенін айтады ғалымдар. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдайдың құдіретті тербелісі – бұл. Одан кейінгі тербеу, адамзатты алғаш тербеу қастерлі аналардың маңдайына жазылыпты. Бауырына алған ұрпағын бесікте тербеген біздің аналардың қадір-қасиетін осындай құдіретпен түсіндірген жөн-ау. Әуелі әлем тербеледі, әлеммен бірге ана құрсағында шарана, жерге түскен нәрестені тағы анасы тербегенін ойласақ, бір қолымен баланы, бір қолымен даланы тербеген ананың қасиеті сонда ашылады.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ